Accessibility links

Ресми Ташкент Мирзияев билігін ұзартатын Конституция қабылданды деп мәлімдеді


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев референдумда дауыс беріп тұр. Ташкент, 30 сәуір, 2023 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев референдумда дауыс беріп тұр. Ташкент, 30 сәуір, 2023 жыл.

Өзбекстандағы референдумның алдын ала қорытындысы бойынша, конституциялық өзгерістер қабылданды. Ресми Ташкенттің 1 мамырда алдын ала таратқан ақпараты бойынша, дауыс беруге келгендердің 90,21 пайызы Шавкат Мирзияевтың билігін созатын конституциялық өзгерістерді қолдаған.

Өзгеріске сай, елде президенттік мерзім бес жылдан жеті жылға ұзарып, Мирзияевтың 2040 жылға дейін билікте отыруына жол ашылмақ. Оның 2026 жылы аяқталатын президенттік мерзімі қысқарып, қайтадан екі рет сайлауға түсуге мүмкіндік алмақ.

Мирзияев Конституцияны өзгерту туралы ұсынысты 2021 жылы желтоқсанда айтқан. Жаңа Конституцияда Өзбекстан әлеуметтік, құқықтық және зайырлы ел деп көрсетілген. Бұрынғы Конституцияда мұндай түсініктер болмаған еді. Бұған қоса, сенаттағы депутат саны 100-ден 65-ке қысқарады. Жаңа Конституцияда мемлекет халықты ең төменгі жалақымен, баспанамен, медициналық көмекпен және интернетпен қамтамасыз етуге тиіс. Бірақ сарапшылар Мирзияев Конституцияны өзгерту арқылы ең әуелі билігін күшейтпек деп есептейді.

Ташкент бұл референдумды былтыр өткізбек болған. Бірақ Қарақалпақстанда жұрт Конституция жобасындағы бір пунктке қарсы шыққан еді. Өзбекстан билігі жаңа Конституцияда Қарақалпақстанды автономия республика статусынан айырып, Өзбекстан құрамынан шығуға тыйым салмақ болған.

2022 жылы шілдеде Қарақалпақстан астанасы Нөкісте мыңдаған адам наразылыққа шығып, 18 адам қаза тапқан. 240 адам зардап шегіп, 500 адам ұсталған. Осы наразылықтан соң Мирзияев Қарақалпақстанның автономия республика статусы өзгертілмейтінін айтты.

65 жастағы Мирзияев билікке 2016 жылы, елдің сол кездегі президенті Ислам Каримов қайтыс болған соң келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG