Accessibility links

Жемқорлыққа қарсы бітіспес күрескер және Кремльдің ашық жауы. Алексей Навальный кім еді?


Алексей Навальный
Алексей Навальный

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный - батылдығымен және демократия мен бейбіт наразылыққа адалдығымен танылған Ресей президенті Владимир Путиннің бітіспес сыншысы. Жылдар бойы қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеде отырса да, оның Ресей азаматтарына "Мен қорықпаймын, басқаларды да қорықпауға шақырамын" деген үндеуі сол күйінде қалды.

2019 жылы тамызда Алексей Навальный халықты наразылыққа шақырғаны үшін 30 күндік әкімшілік қамаудан босап шығып, мәлімдеме жасады. Бұл сөз ресейлік оппозиционердің ондаған жылдық ұранына айналып, Навальныйды Ресей президенті Владимир Путиннің атышулы сыншысына айналдырды.

— Оларға өтірік пен фальсификация жеткіліксіз! Ондаған адамды түрмеге жауып, жүздеген кісіні ұрып-соғып, ұйымдарға рейд ұйымдастырады. Режим бұл ісіне әлі талай өкінеді, — деді ол журналистерге.

16 ақпанда Ресейдің пенитенциарлы қызметі Алексей Навальный жазасын өтеп жатқан қатаң режимдегі ИК-3 түрмесіндегі серуеннен кейін есінен танып, қайтыс болғанын хабарлады. Оппозиционерді полярлы шеңбердің солтүстігіндегі бұл түрмеге желтоқсанның соңында ауыстырған. Навальныйдың қазасын тәуелсіз дереккөздер арқылы бірден растау мүмкін болмады.

“Экстремизм” бабы бойынша 19 жылға сотталған оппозиционерді жазасын өтеу үшін “Полярный волк” деген атпен белгілі ИК-3 түрмесіне жіберген. Навальный мен жақтастары тағылған айыпты оппозиционердің Кремльге қарсы саяси белсенділігімен байланыстырады.

2021 жылы қаңтарда жүйке жүйесін зақымдайтын затпен уланып, шетелдегі емінен кейін Ресейге қайта оралған Навальный әуежайдан ұсталды. Ол улану оқиғасын мемлекеттің өзін өлтіруге талпынысы деп бағалады. Навальныйдың сөзінше, оны Путиннің тапсырмасымен ресейлік қауіпсіздік қызметінің тыңшылары улаған.

Заңгер мамандығы бойынша білім алған ақылды саясаткерді интернет пен көше қалыптастырды. Ол Путиннің демократиядан алыс үкіметіне қарсы новаторлық науқанында осы екеуін жақсы қолданды.

Навальный бұрын орыс националистерінің қатарында болып, көп адамға нәсілшілдік болып көрінген мәлімдемелер жасаған. Бірақ ол шенеуніктердің жемқорлығын әшкерелеп, Кремльге бейбіт әрі заңды әдістерді қолдану арқылы қарсы тұруымен бұрынғы образынан оңай құтылды.

2011 жылы Навальный үкіметке қарсы ірі наразылық көшбасшыларының бірі болды. Осы кезден бастап оппозиционер халық арасында кең таныла бастады. Ол парақорлықты әшкерелейтін жазбалар жариялап, сол жылы өткен парламент сайлауы алдында қоғамның ашу-ызасын туғызды. Навальный сайлаушыларды билікте отырған “алаяқтар мен ұрылар” партиясына қарсы дауыс беруге шақырды. Оппозиционердің биліктегі “Единая Россия” партиясын сипаттауға қолданған термині оппозицияның сөздік қорына біржола енді.

Путин 2012 жылы үшінші рет президент сайлауына түспек болғанда, оппозициялық қозғалыс қарқыны күшейді. 2011 жылы желтоқсанда заңбұзушылықпен өткен парламент сайлауы мен 2012 жылы мамырдағы Путин инаугурациясы арасындағы наразылыққа ондаған мың адам қатысты.

Көп ұзамай Навальный биліктің қылмысын әшкерелейтін қызметін кеңейтіп, жемқорлыққа қарсы күрес қоры мен YouTube арнасын ашты. Ол желіге Путиннің айналасындағы тұлғалар мен шенеуніктердің заңсыз қызметі туралы видеолар салып отырды. Арнаға жазылушылар күн санап арта берді.

2017 жылы қор қызметкерлері сол кездегі премьер-министр Дмитрий Медведевтің байлығы туралы зерттеу жариялады. Бұл зерттеу ондаған миллион қаралым жинап, Ресейдегі жаппай наразылықтарға жол ашты.

Навальныйдың харизмасы мен әлеуметтік желіде еркін сөйлеуі оны интернеттегі танымал тұлғалардың біріне айналдырды. Мемлекеттік арналар Навальныйды көзге ілмейтін. Путин де көп жыл бойы Навальныйдың атын ауызға алмай келді.

Оппозиционердің YouTube-тағы Орталық Азиядан келген еңбек мигранттарын "зиянды тісжегісіне" теңеген, ал Солтүстік Кавказ тұрғындарын “тарақан” деп атаған видеолары соңынан бір елі қалмай, алдынан шыға берді. Оппозициялық саясаттағы басқа ұлт өкілдері Навальныйдан аулақ жүруге тырысатын.

Навальныйдың саяси карьерасы жаңа басталған кезде националистік мәлімдемелер жасап, 2014 жылы Ресейдің Қырымды тартып алуына қатысты екіұшты пікір айтуы Украина халқының да наразылығын туғызды. 2022 жылы саясаткер Мәскеудің Украинаға басып кіруін ашық сынады. Бірақ бұл оның беделін жақсартуға көмектесе қойған жоқ.

Саясаткердің көтерілуіне Путиннің авторитаризмі және президенттің Навальный бастаған оппозицияны түбегейлі жойып жіберуге талпынысы да кедергі болды. Мемлекет бейбіт наразылыққа шығу мүмкіндігін шектейтін заңдар қабылдап, билікті сынаған ресейліктерді жауапқа тарта бастады. Навальныйдың жақтастары мен жақын серіктері саясаттан кетуге немесе шетелге қашуға мәжбүр болды.

Навальный Ресейде қалып, жемқорлықты әшкерелеу ісін жалғастырды. Үкімет жалдаған тролльдер саясаткер мен оның отбасына шүйлігіп, олардың беделіне нұқсан келтіріп, стигмаға ұшырататын пропаганда жүргізді. Билік Навальныйды бағындыру үшін бірнеше қылмыстық іс қозғап, оны тінту мен тергеудің астына алды.

2017 жылы Навальный Сібірдегі Барнаул қаласына барды. Осы сапарында белгісіз біреу оның үстіне ашық жасыл түсті сұйықтық құйып кетті. Саясаткердің денесін химиялық күйік шалып, көзіне зақым келді. Бірнеше күннен кейін Навальный жүзі жасыл түске боялған күйінде YouTube арнасына шығып, жемқорлықты әшкерелеуіне ештеңе кедергі бола алмайтынын айтты.

— Кремль беті жасыл күйінде видео түсірмейді деп ойлайтын шығар. Мен түсіремін, бұл маған бұрынғыдан да көп қаралым әкеледі. Бұл жағдай мені тоқтатпайды, — деді ол.

2019 жылы Навальный биліктің рұқсатынсыз наразылық ұйымдастырғаны үшін қамауда жатқан кезінде ауруханаға жеткізілді. Дәрігер саясаткерде ауыр аллергиялық реакция болғанын айтты. Навальный мен оның көмекшілері оппозиционерді қасақана улаған деп топшылады. Жәбірленуші ресми тергеу жүргізуді талап еткенімен, жауаптылар сол күйі табылмады.

Навальный танымал саясаткерге айналып, 2020 жылы тамызда қатты уланғанға дейін кемі он шақты рет түрмеге жатып шықты. Ол өзі қолдан құрастырылды деген айыптар бойынша жүздеген күнін қамауда өткізді.

2013 жылы Навальныйға ұзақ уақытқа бас бостандығынан айырылу қаупі төнді. Ол алаяқтық бабы бойынша бес жылға сотталды. Көбі бұл шараны оппозиционерді саяси қызметі үшін жазалау деп түсінді. Наразылық өршіген соң, билік үкімді жойып, Навальныйды түрмеден босатты. Сарапшылар пікірінше, билік Навальныйды халық қаһарманына айналдырып, жаппай наразылыққа түрткі болудан қорыққан.

2014 жылы Навальный тағы бір саяси астары бар іс бойынша шартты жазаға кесілді. Оның саясатқа қатысы жоқ ағасы Олег 3,5 жылға сотталды. Навальный ағасы түрмеге жабылғаннан кейін Кремльге қарсы күресі жеке сипат алғанын, ашу-ызасы мен өз ісіне деген адалдығы екі есе артқанын айтты.

Осы кезде ресейліктердің көбі Навальныйды 1999 жылдан бері премьер-министр болған, бұрынғы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің офицері Путинге төтеп бере алатын қарсылас көре бастады.

2015 жылы оппозициялық саясаткер Леонид Гозман «Ведомости» газетіне «Көбі Навальный Кремльге салмақты кандидат бола алмайды деп ойлайды. Ярузельский де Валенс туралы, Оңтүстік Африка Республикасының басшылары Мандела жөнінде, Керенский Ленин жайлы солай ойлаған шығар», — деп жазды.

Навальный өзіне артылған үмітті ақтауға тырысып, 2018 жылғы президент сайлауында Путинге қарсы күресуге тырысты. Бүкіл елде Навальныйдың сайлау алдындағы штабы құрылды. Бірақ Навальныйдың осыған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын ескеріп, билік оған сайлауға түсуге тыйым салды. Осылай сайлауалды штабтар жемқорлыққа қарсы үкіметтік емес ұйымның өңірлік бөлімшелеріне айналды. Бұл ұйымдар жергілікті деңгейдегі жемқорлықты ашумен айналысты.

2019 жылы жазда Навальный Мәскеу қалалық думасына сайлануға ниетті оппозиционерлер тобын қолдады. Бірақ билік оларды кандидаттар тізімінен алып тастады. Осыдан кейін Мәскеуде бір апта наразылық болды. Билік ашық қуғын-сүргінге көшіп, бірнеше белсенді ұзақ жылға түрмеге жабылды. Құқық қорғау органдары өңірлердегі Навальный кеңселеріне рейд ұйымдастырды.

Бұл тәжірибе Навальный мен оның командасын Путиннің билігін әлсіретудің жаңа әдістерін ойлап табуға итермеледі. Осылай “Ақылды дауыс беру” науқаны басталды. Бұл науқан наразылар дауысын жеңіске жету ықтималдығы жоғары бәсекелес кандидаттарға беру арқылы “Единая Россия” монополиясын бұзуды көздейді.

2020 жылы наурызда Навальный Азаттыққа сұхбат беріп, “Коронавирус пандемиясы мен үкіметтің пандемияға қарсы күрес шаралары Путинді қолдаушылардың азаюына ықпал етіп, оппозицияға жаңа мүмкіндік қалыптастырады” деді.

— Үкіметтің рейтингіне қараңыз. Көрсеткіштер төмендеп жатыр, бұл ары қарай да жалғасады. Үкімет ештеңе істей алмайды, — деді ол.

Бірнеше айдан кейін Навальный Мәскеуден Томскіге бара жатқан ұшақта есінен танып қалды. Ұшақ жедел түрде Омск қаласына қонып, Навальныйдың уланғаны белгілі болды.

Әйелі Юлия Навальная екі күн бойы билікке жалынып, соңында күйеуін Берлинге емделуге әкетуге рұқсат алды. Неміс дәрігерлер Навальныйдың “Новичок” деп аталатын жүйке жүйесін зақымдайтын затпен уланғанын айтты. Ашық дереккөздер арқылы зерттеу жүргізетін Bellingcat сарапшылары Навальныйға Федералды қауіпсіздік қызметінің өкілдері қастандық жасаған деп жазды.

Навальныйдың емделіп, аяққа тұруына 5 ай уақыт кетті. Ол осы уақыт ішінде Путинге тиесілі, құны 1,36 миллиард доллар тұратын Қызыл теңіз сарайы туралы зерттеу дайындады. Бұл зерттеу Навальный елге оралғаннан кейін жарияланды.

2021 жылы 17 қаңтарда Навальный Мәскеуге оралды. Оны Шереметьево әуежайынан ұстап әкетті. Навальныйдың Ресейге оралуы екіұшты пікір туғызды: кей адамдар батылдығы үшін мақтаса, басқалары оның өз аяғымен түрмеге келгеніне күмәнмен қарады.

Ресейде Навальныйды босатуды талап еткен екі бірдей жаппай наразылық өтті. Митингіге шыққан мыңдаған адам ұсталды. 2021 жылы 2 ақпанда Навальный мерзімінен бұрын босату ережесін бұзды деген айыппен 2 жыл 8 айға сотталды.

— Путин қанша жерден өзін геосаясаткер, әлемнің ұлы көшбасшысы көрсетуге тырысқанымен, маған ренжіп жүр. Өйткені ол тарихта кісі улаушы болып қалады. Бұл процестің басты мақсаты — көп адамды қорқыту. Бұл осылай жұмыс істейді. Олар миллион адамды қорқыту үшін біреуін түрмеге жабады, — деді Навальный сотта темір тордың ар жағында отырып.

Навальныйды Владимир облысындағы қатаң режимдегі колонияға жіберді. Саясаткер мен оның жақтастары түрмеде Навальныйдың денсаулығына кері әсер ететін шаралар қолданып жатыр деп шағымданды. Навальныйды қашып кетуі мүмкін деген тұтқындар тізіміне қосып, түнде әр сағат сайын оятып отырған. Дәрігерге жібермеген. Саясаткер арқасы қатты ауырып жүргенін, оң аяғын баса алмай қалғанын айтқан. 2023 жылы сәуірде Навальный аштық жариялап, ауруханаға түсті. Дәрігерлердің сөзінен кейін оған наразылық акциясын тоқтатып, тамақ ішуге тура келді.

Түрмеде отырған Алексей Навальный. Мамыр айы, 2022 жыл.
Түрмеде отырған Алексей Навальный. Мамыр айы, 2022 жыл.

Навальный түрмеде отырған жылдары билік оны ереже бұзды деп бірнеше рет жазалаған. Оппозицонер заңгерлік тәжірибесін пайдаланып, жүйеге түрлі өтініш пен шағымнан көз аштырмады. Ол ресми органдар өтінішін қанағаттандырмағанын әлеуметтік желіге салып отырды.

Үкімет оған қарсы жаңа айыптар ойлап тауып, Навальныйдың түрмедегі мерзімін ұзарта берді. 2022 жылы наурызда саясаткер сотқа құрметсіздік танытты және жемқорлық жасады деген айыппен 9 жылға сотталды.

2021 жылы маусымда Ресейде жемқорлыққа қарсы күрес қоры мен онымен байланысты басқа да ұйымдар “экстремистік” деп танылды. Навальныйдың жақтастарының көбі Ресейден қашты немесе қылмыстық қудалауға ұшырады. 2023 жылы тамызда Навальный 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған “қылмысқа итермелеу” және “экстремизм” бабы бойынша айып тағылды. Сот Навальныйды ең қатаң режимдегі колонияға жіберді. Саясаткер өзіне тағылған айыпты “сталиндік” шараға балайды.

Навальный түрмеде отырған кездері және барлық сот процесінде биліктен қорықпайтынын қайталаумен болды. Ол ресейліктерді Путин репрессиясының алдындағы қорқынышын жеңуге шақырды.

2021 жылы қаңтарда Навальный ұсталғаннан кейін Кремльдің билік сыншыларына қарсы күресі өршіді. 2022 жылы ақпанда Мәскеу Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін қысым одан әрі күшейді.

Соғыстың басталғанына бір жыл толғанда, Навальный әлеуметтік желіде Путин әділетсіз, агрессивті соғыс бастағанын, оның сылтаулары ақылға қонбайтынын жазды. Саясаткер ондаған мың жазықсыз украин қаза тапқанын, соғыс қылмысы жасалғанын еске салды.

Ол Украинаның 1991 жылы халықаралық деңгейде мойындалған шекарасын қайта қалпына келтіруге шақырып, Ресейді Украинаға келген шығынды өтеудің жолын іздеуге үндеді.

— Украинаға Путин агрессиясынан келген шығынды өтеуіміз керек. Біз құрдымға жеттік, — деді ол.

Украина азаматтарының көбі Навальныйға әлі де сыни көзқараспен қарайды және оның соғыс, Украинаның тәуелсіздігі туралы мәлімдемелеріне сенбейді.

Бірақ батыс елдері Навальныйды қошеметтеп, ерекше құрметтейді. 2021 жылы қазанда Владимир Путин режимінің жемқорлығына қарсы үздіксіз күресі үшін Навальныйға Еуропарламенттің Сахаров атындағы жүлдесі берілді.

— Бұл жүлде оның бостандығы мен өмірінің құнымен келді, — деді Еуропарламенттің сол кездегі басшысы Давид Сассоли.

XS
SM
MD
LG