Accessibility links

"Крокус" ісі: Душанбе күдіктінің туыстарын тергеді, Мәскеу тағы үш адамды ұстады


Мәскеудегі Басман аудандық соты.
Мәскеудегі Басман аудандық соты.

Мәскеудің Басман аудандық соты дүйсенбі, 25 наурыз күні "Крокус Сити Холл" концерт залына шабуыл ісі бойынша тағы үш адамды қамауға алды. Олардың бірі – шабуыл жасады деген адамдар мінген көліктің бұрынғы иесі. Ал Тәжік билігі шабуылды жасады деген күдіктілердің бірі Фаридун Шамсиддиннің туыстарынан жауап алған. Туыстары Шамсиддин кісі өлтіруге баратын адам емес екенін айтты.

Ресейлік ТАСС ақпарат агенттігінің хабарлауынша, сот қамауға алған жаңа күдіктілер – ағайынды Аминчон мен Диловар Исломовтар және олардың әкесі Исроил Исломов. Тараған ақпаратқа қарағанда, Диловар Исломов – шабуылдаушылар мінген ақ "Рено" көлігінің кейінгі иесі. Исломовтар кемі 22 мамырға дейін уақытқа қамау абақтысында болады.

Шабуылдан көп ұзамай "Новая газета Европа" басылымы "Рено" көлігінің бұрынғы иесіне хабарласқанын жазған. Басылым келтірген инициалдар Диловар Исломовтікімен сәйкес келеді. Ол "Крокус Сити Холлдағы" оқиғадан бір апта бұрын көлігін әйелінің бауырына сатқанын айтқан. Кейінірек туыстары Исломовтың полиция бөліміне өз еркімен барып, куәлік бергенін хабарлады. Содан кейін оған хабарласу мүмкін болмаған.

Сот кезінде Исломовтың Ресей азаматы екені, ол Тверь қаласында такси жүргізушісі болғаны мәлім болды. Жасы 24-те, әйелі және баласы бар.

Ағасы Аминчон 33 жаста, оның жеті баласы бар. Сотта ол автобус жүргізушісі болып жұмыс істегенін, бірақ денсаулығына бола жұмыстан кеткенін айтқан. "Медиазона" басылымының жазуынша, ол өзінің кінәсіз екенін мәлімдеген.

Әкесі Исроил – Тәжікстанның 62 жастағы азаматы, әйелі және бес ересек баласы бар.

25 наурыз күні Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин Исломовтар шабуылдаушыларға пәтер және көлік берген, оларға ақша жеткізіп берген деп мәлімдеді.

23 наурыз күні Ресей федералды қауіпсіздік қызметі ел президенті Владимир Путинге концерт залындағы шабуылға байланысты 11 адам ұсталғанын хабарлаған. Оның төртеуі шабуылға тікелей қатысты деп күдікке ілінген. Олар сауықтыру орталығына ақ түсті "Рено" көлігімен келіп, адамдарға оқ жаудырып, өрт басталғанда сол көлікпен кетіп қалған. Кейін Брянск облысында ұсталған. Құқық қорғау органдары қалған жетеуі терактіні әзірлеуге қатысы болуы мүмкін деп отыр.

Исломовтарды террор актісін жасау бабы бойынша айыптап отыр. Оларды өмір бойына бас бостандығынан айыруы мүмкін.

"ТОРҒАЙ ӨЛТІРЕТІН АДАМ ЕМЕС"

Шабуылға тікелей қатысы болуы мүмкін деген төрт күдіктінің бірі – Фаридун Шамсиддин. 25 наурыз күні Тәжік құзырлы органдары оның туыстарынан жауап алған.

"Крокус Сити Холл" концерт залындағы шабуылды жасады деп күдікке ілінгендердің бірі Фаридун Шамсиддин ұсталған кездегі және сот залындағы суреттері.
"Крокус Сити Холл" концерт залындағы шабуылды жасады деп күдікке ілінгендердің бірі Фаридун Шамсиддин ұсталған кездегі және сот залындағы суреттері.

25 жастағы Шамсиддин – Тәжікстандағы Гиссар ауданы Лойоби ауылының тумасы. Ресей құзырлы органдары оған "топ болып теракт жасады" деген айып тағып отыр. Туыстары Шамсиддинге тағылған айыпқа сенбейтінін айтады.

25 наурыз күні Азаттықтың Тәжік қызметі Фаридун Шамсиддиннің туыстарының бірімен сөйлесті. Аты-жөнін жасыруды сұраған ол: "Оның мінез-құлқында күдіктенетін ешнәрсе болмады. Жарты жыл бұрын Ресейге барып, сол жақта жұмыс істеді, отбасына ақша жіберіп тұрды" деді.

Әлеуметтік желіде Фаридун Шамсиддинді қалай тергегені көрінген видео тарады. Онда оның қолын қайыра байлап тастап, жерге жатқызып жауап алғаны көрінеді. Видеода ол күш құрылымдарына Ресейге 4 наурыз күні Түркиядан келгенін, осылайша Ресейде жүру мерзімін ұзартқысы келгенін айтады.

Фаридун Шамсиддин
Фаридун Шамсиддин

Осыдан кейін ол бір ай бұрын телеграм-каналда бір уағызшының көмекшісі хабарласып, Мәскеудегу терактіні жасаса, жарты миллион рубль беретінін айтты дейді. Бұл жауап Шамсиддиннің шын сөзі ме, әлде қысымның әсерінен айтуға мәжбүр болған сөзі ме, белгісіз. Күдіктілерді қалай ұсталғанын көрсететін фотоларда күш құрылымдары оларды азаптағаны көрінеді.

"Ол қарапайым мигрант болатын, одан ешкім ешнәрседен күдіктенбеген. Фаридунның терактіге қатысы бар екені айтылған жаңалықты естігенде төбе шашымыз тік тұрды. Ол қорқақ, торғайды да өлтіре алмайтын" дейді туысы.

Фаридун Шамсиддин 2022 жылы үйленген, сегіз айлық ұлы бар. Туысының айтуынша, оқиға бүкіл отбасына ауыр тиген.

"Әйелін, ата-анасын және енесін Душанбеге тергеуге әкетті. Ол Мәскеудегі әпкесінің пәтерінде тіркеуде болған. Осы оқиғадан кейін күйеуі оған "талақ" айтқан, ал Ресей билігі бүгін оны балаларымен бірге депортациялады. Махбуба Заргарова бүгін кешке Тәжікстанға ұшып келуі керек" деді Азаттық сөйлескен адам.

Оның сөзінше, Ресейге барғанға дейін Шамсиддин Гиссарда наубайханада жұмыс істеген, діншілдігімен көзге түспеген.

Азаттық радиосы Тәжік қызметінің дерегінше, ол бұған дейін сексуалды сипаттағы әрекетке итермелегені үшін сотты болып, 2020 жылы бостандыққа шыққан. Әскерге бармаған.

22 наурыз күні Мәскеу түбіндегі "Крокус Сити Холл" концерт залындағы терактіден кемі 139 адам мерт болған. Үлкен сауда-сауықтыру кешенінде орналасқан концерт залының шатыры өртке оранып, құлаған. Марқұмдардың бір бөлігі атылған оқтан, бір бөлігін өртткен опат болған. Шабуылды "Ислам мемлекеті" террор ұйымы мойнына алған. АҚШ шенділері бұл терактіні ұйымның "Хорасан уәлаяты" дейтін бөлімі ұйымдастырды деп мәлімдеді. Наурыздың басында АҚШ пен бірқатар өзге мемлекеттің елшілігі Ресейде жүрген өз азаматтарына алдағы күндері Мәскеуде террор шабуылы болуы мүмкін екенін айтқан.

Азаттық радиосы Орыс және Тәжік қызметтерінің хабарына сүйеніп жазылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG