Accessibility links

АҚШ конгресі Украинаға 60 млрд доллар көмек қарастырылған заң жобасын жариялады


ATACMS зымыран жүйесі.
ATACMS зымыран жүйесі.

АҚШ конгресінің өкілдер палатасы Украинаға жаңа көмек көрсетуді қарастыратын заң жобасын жариялады. Құжат Киевке 60 миллиард доллардан астам көмек беруді, қашыққа ұшатын ATACMS зымырандарын беруді, займ жүйесіне көшуді қарастырады.

ATACMS 300 шақырымға дейінгі қашықтықтағы нысанды жоя алады. Киев зымыранның осы үлгісін бұрыннан бері сұрап келеді. Дегенмен құжатқа сәйкес, АҚШ президенті, АҚШ мүдессіне қайшы деп санаса, алысқа ұшатын зымырандарын беру туралы шешімді кейінге қалдыра алады.

Джо Байден құжатты қолдап, конгрестен оны тезірек қабылдауды сұраған.

Өкілдер палатасы заң жобасын 20 сәуірде дауысқа салады. Көмек топтамасы үш бөліктен тұрады: Украина, Израиль және Тайваньды қолдау. Әр топтама бойынша дауыс беру бөлек-бөлек өтеді. Заң жобасы Израильге 26 млрд доллар, Тайваньға 8 млрд доллар бөлуді қарастырады.

Құжатқа сүйенсек, 60 млрд долларлық әскери көмектің 23 миллиарды АҚШ-тың қару-жарақ арсеналын толтыруға жұмсалады. Шамамен 14 млрд доллар Киевке қару-жарақ алуға кетеді. 11 млрд доллар АҚШ-тың аймақтағы әскери операцияларына бағытталады. 26 млрд доллар Украинаға берілген көмекті қадағалауға жұмсалады.

Құжат қабылданған жағдайда Ақ үй 1,5 ай ішінде конгреске Украинаны қолдау бойынша ұзақмерзімдік стратегиясын таныстыруы керек. Екі ай ішінде Киевпен көрсетілген көмекті қайтару бойынша келісім жасалуы қажет. Президент қарыздың жартысын алып тастай алады, бірақ оны 2024 жылдың 15 қарашасына дейін жүзеге асыруы керек.

Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон сәрсенбі күні шекара қауіпсіздігі туралы жеке заң жобасы да таныстырылатынын айтты. Палата оған сенбі күні кешке дауыс береді.

  • Былтыр қазан айында ресейлік БАҚ украин әскері 165 шақырымға дейін ұшатын ATACMS зымырандарын жасырын алғанын жазған. Ресей билігі сол кезде Украина ракетаны Ресей басып алған Запорожье облысында пайдаланғанын хабарлаған.
  • АҚШ конгресі 2023 жылдың күзінен бері демократтар мен республикашылдар арасындағы қайшылыққа байланысты Украинаға көмекті қарастыратын құжатты қабылдай алмай келеді. Республикашылдар онда шекараны қорғау мәселесі қарастырылмағанын алға тартып, құжатты мақұлдаудан бас тартқан.
XS
SM
MD
LG