Accessibility links

Тамыз соғысының қорытындылары: кім ұтты, кім ұтылды...


Жанжал аймағын тастап бара жатқан босқындар. Грузия, Кидзвизи, 8 тамыз, 2008 жыл.
Жанжал аймағын тастап бара жатқан босқындар. Грузия, Кидзвизи, 8 тамыз, 2008 жыл.

Ресей танкілерінің Грузия жеріне басып кіргеніне бір жыл өтсе де, Ресейге қатысты халықаралық қауымдастық талаптарында көп өзгерістер бола қойған жоқ.

Бес күндік тамыз соғысына бір жыл толған шақта да Ресей бастапқыдағыдай, Оңтүстік Осетия мен Абхазияны жаулап алған күйінде қалып отыр.

Дей тұрғанмен, парламент депутаты Давид Дарчиашвили сияқты Грузия саясаткерлері аймақтағы дағдарысты жағдайды шешуге халықаралық қауымдастық қабілетті деп сенім артуда.

Сарапшылардың пікірінше, соғыстан кейін Ресейге қарсы ЕуроОдақ пен НАТО тарапынан салынған тыйымдар пәрменсіз әрі қысқа болды.

Соғыстан кейін айқындалған жайттың бірі - Ресей елі Грузия мен Украинаға қатысты қысқа мерзімге арналған, қара күшке сыйынған, алысты көздемейтін саясат жүргізуде. Ал Батыс болса, Грузия мен Украинаға ұзақ мерзімге арналған, ол елдердің дамуы мен тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған байсалды әріптестік ұсынуда.

ЕуроОдақтың сыртқы саясат бойынша сарапшысы Дэниел Корскийдің айтуынша, аталған соғыс Ресей сыртқы саясатының таяздығын аңғартып өтті.

Мысалы Кремль өз қамқорлығына алған Оңтүстік Осетия мен Абхазия сияқты елдердің бұдан былайғы болашағын қай арнада дамыту қажеттігі туралы алдын ала жоспар жасамаған да боп шықты. Сондай-ақ ресми Тбилисимен қарым-қатынасын болашақта қалай құру керектігін де айқындамаса керек.

"Жаңа қырғи қабақ соғыс" атты кітаптың ауторы Ед Лукаштың айтуынша:

-Байсалды саясат жүргізу үшін өз көршілеріңді үрейде ұстап, олардың саған деген сенімінің азаюына қол жеткізудің түкке де қажеті жоқ екенін Ресей қазір түсінді.

Шығыс Еуропа мен Кавказ елдерінің экономикаға, әсіресе энергияға қатысты Ресейден тәуелсіз болуы - ол елдерге ЕуроОдақтың көмек беру мүмкіндігін көбейтіп отыр.

Ал, Құрама Штаттарға қатысты сөз қозғар болсақ, тамыз соғысы Вашингтон үшін Грузияның ең басты мәселе еместігін айқындап берді.

Әсіресе АҚШ-тың жаңа әкімшілігі бұрынғы советтік кеңістікке Ресейдің айрықша ықпалы болады деген ұғымды табанды түрде жоққа шығарып келеді.

Сондай-ақ, Ақ үй өкілдері "Кремлмен қарым-қатынасты жақсарту Ресей көршілерінің қызығушылықтарын кері ысырып тастау арқылы жүзеге асады" деген ұғымды да жоққа шығаруда.

Олардың айтуынша, Мәскеумен қарым-қатынастарды жақсарту арқылы Ресейдің өз көршілеріне қатысты мазасыздығын азайтуға болады. Көрші елдер Батыспен әріптес болып қояды деп Кремлдің алаңдап келе жатқаны белгілі.

Вашингтон болса, Грузия мен Украинаның саяси және экономикалық реформалар жасауын талап етуде.

АҚШ вице-президенті Джо Байден осы жөнінде аталған елдерге сапары кезінде мәлімдеді.

Тамыз соғысы жаңғырықтарына қарамастан, Ресей мен Батыс өзара келісімге келген салаларында әріптестіктерін қалай өрбітуді, ал келіспеген тұстарындағы пікір қайшылықтарын қалай жоюды ойластыруда.

Ресейдің Оңтүстік Осетия мен Абхазияны жаулап алғанына байланысты Батыспен арасында келіспеушілігі көбейе түсті. Алайда, жалпы қарым-қатынастарында айтарлықтай өзгеріс болмауда.
XS
SM
MD
LG