Accessibility links

Абай бүгінгі күні өмір сүрсе, ол ымыраласа алмайтын бүгінгі билік те оны аямас еді


Республика сарайы алдындағы Абай Құнанбайұлының ескерткіші. Алматы, 4 тамыз 2009 жыл.
Республика сарайы алдындағы Абай Құнанбайұлының ескерткіші. Алматы, 4 тамыз 2009 жыл.

Қазақ әдебиетіне шұғылалы сәулесін түсіріп, ұлттың рухани әлемін ерекше жарқыратып жіберген екі кемеңгер болса, оның бірі –Абай, екіншісі -Әуезов. Бір адам болса, ол –Абай.

АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ АРҚЫЛЫ БИЛІКПЕН КҮРЕСТІ

«Үкімет –зорлық». Бұл – ұлы Абайдың сөзі, дәлірек айтсақ билікке білдірген наразылығы. Кемеңгер ақын ащы шындықты ешкімнің көңіліне қарамастан, кесіп айтты, байдың баласы бола тұра оппозицияның сөзін сөйлеп, билікті аяусыз әшкереледі. Не үшін?

Шындығында да Абайға не жетіспеді осы? Қырықтың қырқасынан ғана асқан ақынның «қартайып, қайғы ойлап» жалғыздықтың зілдей ауыртпашылығына жүрегін тосып, арсыз билікпен арпалыса бергені несі. Байлығы тасыған Құнанбайдай әкесі бар ақын қайта керісінше биліктің сөзін сөйлеп, оған қызмет етуге тиіс еді ғой.

Шындығында Абай бүкіл шығармашылығы арқылы билікпен емес, оның басына сан-алуан айла-шарғымен жетіп алып, ұлтты аздырып-тоздырып бара жатқан надандармен күресті. Билік тұтқасын ұстаған «ақылында сәулесі, жүрегінде қайраты жоқ» қара тобырдың арсыздығымен айқасты. Жақсы менен жаманды айыра алмаған болыс пен билердің топастығы мен мешкейлігіне не амал қыларын білмей күйінген «қазақтың бас ақынының» (А.Байтұрсынов) жігері құм болып, жаны қапаланды.

Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға.
Шелтірейтіп орысың,
Шенді шекпен жапқанға.

Күнде жақсы бола ма,
Бір қылығы жаққанға?
Оқалы тон тола ма,
Ар-ұятын сатқанға?!

Кемеңгер ақын қара сөздерінде де ар-ұятын сатқан биліктің сайқалдығына қорланып, қазақты надандықтың тар қапасынан алып шығатын сәулелі жолды іздеді. «... болыс болғандар өзі қулық, арамдықпенен болыстыққа жеткен соң, момынды қадірлемейлі, өзіндей арам, қуларды қадірлейді, өзіме дос болып, жәрдемі тиеді деп, егер қас болса, бір түрлі өзіме де залал жасауға қолынан келеді деп.. Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы: «Сені біз сайламадық па?» деп елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидаттықпен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап, тағы болыс болып қаларға мүмкін болар ма екен деп күні өтеді». (Үшінші сөз)

Биліктің адамды бұзатынына Абайдың көзі анық жетті. Биліктің сойылын соққан адамның ынсап пен иманнан айырылып, надандық дертіне шалдығатынын білген ақын, оған қызмет еткен замандастарының ешқайсысын да аяған жоқ.

АҚИҚАТТЫҢ АЙТЫЛУЫНАН ҚОРҚАТЫН БИЛІККЕ АБАЙЛАР КЕРЕК ЕМЕС

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұлы Абайдың кітабын қолына ұстап, суретке түскенді ұнатады. Алайда президент Абайдың рухын шын сыйласа, неге ұлы ақынның сөздерінен тағылым алмайды? Неліктен ол билікке сын айтқандардың бәрін жау көріп, өзін мақтағандардың ғана ақыл-кеңесіне жүгінеді?

Кейде ойлаймын. Егер Абай дәл бүгін өмірге келсе биліктің №1 жауына айналары сөзсіз. Сұмпайы қоғам да оны аямас еді.

Кемеңгер ақын өмір сүрген дәуір, батырлық заманның енді ғана аяқталып, қоғамдағы адамгершілік туралы ұлы ұғымның енді-енді ұмытыла бастаған шағы еді ғой. Ұлы ақын қанша сынағанымен, ол уақыт - адамдардың бойынан кісілік пен имандылық кете қоймаған, санасынан әлі толық өшіп үлгірмеген, өліара мезгіл-тұғын. Билік бәрібір ақылды сөздің алдында басын иетін. Ал, бүгінгі таңда ақылды сөздің алдында тоқтайтын билік бар ма?

Бар болса билікті сынаған саясаткерлер неге құрбан болып жатады? Нендей себептен тәуелсіз басылымдар мен шындықты айтқысы келген азаматтар қудалауға ұшырайды? Ең бастысы, неліктен билік ақиқаттың айтылуынан өлердей қорқады?

Егер Абай дүниеге келмесе Ахмет, Міржақып, Әлихан, Сұлтанмахмұт. Мағжан, Мұхтарлар шоғырының да болмасы айдан-анық. Құнанбайдың баласы деген сөзден басқа атақ-абыройы жоқ Абай сәулелі сөздерімен қазақтың жан сарайын тазартып, рухани әлемін жаңартып жіберді.

Қоғам қайта түлеуі үшін Абайлық рухты қайта тірілтпек керек. Бірақ билік оны тірілтпеу үшін барлық айла-амалын іске қосады.

Абайдың бүгін емес, өз уақытында дүниеге келуі ұлттың бақыты. Абай дәл бүгін дүниеге келсе, билік оның ішкенін ірің, жегенін желім қылып, құртып жіберер еді.

Дегенмен жамандыққа бой алдыра бермейікші. Ұлы Абайдың айтатыны бар емес пе: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек –қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қыстың артынан көлі мол, жақсы жаз келмеуші ме еді».
XS
SM
MD
LG