Accessibility links

«Верный.KZ» құрылыс компаниясының үлескерлері бейсенбі күні Алматы қалалық қаржы полициясының алдына жиналып, компания басшылығына қарсы былтыр қозғалған қылмыстық істі тезірек аяқтап, компания басшысының меншігіндегі мүлікті тұтқындауды талап етті.

Пәтер салып беруге уәде етіп 400-ден астам үлескерден алдын ала ақша жинаған «Верный.KZ» құрылыс компаниясының басшысы әрі құрылтайшысы Жанат Ақбиевтің із-түзсіз жоғалғанына бір аптадан асты. Үлескер компания басшылығының үстінен Алматы қалалық қаржы полициясының өткен жылдың аяғында қозғаған қылмыстық істің тоқырап қалғанына наразы.
- Біз компания құрылтайшысы Ж.Ақбиев пен директоры Майя Әбішевадан бөлек, күдіктілер тізіміне үлескерлермен тікелей жұмыс жасаған директордың орынбасары Ләззат Есенова және оның туған әпкесі Рахат Есенованы да кіргізу керек деп санаймыз. Өйткені, олар «Верный.KZ» компаниясында ешқашан құрылыс болмағанын және болмайтынын да айқын біліп отырып, бізді алдады,- деді журналистер алдында үндеу оқыған үлескер Айжан Жанқоразқызы.
Айжан Жанқоразқызы үлескерлердің Қаржы полициясына үндеу-талабын оқып тұр. Алматы, 21 тамыз 2008 жыл.
Қаржы полициясы ғимаратының алдына жиналған үлескерлерді көрген басқарма өкілдері олардан шу шығармауды өтініп, ішке шақырды. Алайда ол кездесуге осында жиналған журналистерді жіберген жоқ.
Кездесуге қатысқан сенімді ақпарат көзіне сүйенсек, әңгіме барысында үлескерлер қаржы полициясының істі неліктен ұзақ уақыт бойы созып отырғанын, Ақбиевтің неге ұсталмағанын, оның үлескерлердің қаржысына салынған жеке үйінің неге сатылғанын және т.б. сұрақтар қойған. Қаржы полициясының өкілдері қылмыстық істі қарап жатқандарын айтып, тергеу жұмыстары қыркүйек айының соңында бітуі тиіс екендігін хабарлаған. Қаржы полициясының айтуынша, Жанат Ақбиев қазіргі таңда Қазақстанда жүр, ал оның құжаттары полиция басқармасының қолында екен.
Сондай-ақ басқарма өкілдері үлескерлердің кезінде салған салымдарын күдіктілердің сол ақшаға алған мүліктері арқылы өндіріп беретіндіктерін айтқан. Қаржы полициясының дерегі бойынша, ондай мүліктердің арасында 7 пәтер, 8 жер учаскесі, банктегі есеп-шоттар, т.б. құнды заттар бар көрінеді.
Бұл жайында толығырақ түсінік алмақ болғанымызбен, полиция өкілдері Азаттық тілшісінің сауалдарын жауапсыз қалдырды. Үлескерлердің мүддесін қорғап жүрген заңгер Сергей Уткин бұл іс бойынша негізгі күдіктіні іздестіру туралы талап қойылғанын айтты:
Сергей Уткин, заңгер: "Қаржы полициясының берген уәдесіне сенгің келеді". Алматы, 21 тамыз 2008 ж.
- Олардың «мәселені шешу үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып жатырмыз» деген сөзіне сенгің келеді. Ақбиев неге дер кезінде қамауға алынбады деген сауалға қаржы полициясы «оның алдымен үлескерлер ақшасының қандай да бір бөлігін қайтарып бергенін күттік» деп түсіндірді. Ақбиев қашып кетті дегенге қаржы полициясы онша сенбейді екен. Біз оларға бүгіннен бастап күдіктіге халықаралық іздеу жариялап, оған барлық телеарналар бойынша сұрау салуды ұсындық. Осылайша мәселені тезірек шешуге болады. Сондай-ақ, компанияның барлық басшыларын күдіктілер қатарына жатқызып, олардың мүліктерін қамауға алуды ұсындық. Олар бізген енді екі күн күте тұрыңдар деді.
Әйткенмен, қаржы полициясы бұл іс бойынша тергеу амалдарын ашық түрде жүргізе алмайтындығын айтыпты. Екі сағатқа созылған кездесуден соң үлескерлер күпті көңілмен үйлеріне тарасты.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG