Accessibility links

Астық жеткілікті болғанымен, нан қымбаттауы мүмкін


Қыркүйектің 1-інде астық өнімдерін экспорттау туралы үкімет қаулысының мерзімі аяқталады. Сыртқа тасымалданатын астықты қатаң қадағаламаса, нан бағасы қымбаттауы мүмкін дейді мамандар.

Қазақстанүкіметі осы жылдың сәуір айында әлемдік нарықтағы бағаның өсуі мен азықтық астық тапшылығына байланысты елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аталған қаулыны қабылдаған болатын. Қазақстанның астық одағының атқарушы директоры Мұхамеджан Жұмабекұлының айтуынша, биыл елде ойдағыдай астық мөлшері жиналған.
Сондықтан үкімет қаулыны дер кезінде тоқтатып отыр, дейді ол:
- Қазір астық жинау науқаны басталды. Сондықтан, оны тоқтатқаны дұрыс болды. Егер біз астықты экспортқа жібермесек, біздегі ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер қиналып қалады.
Қазақстанның оңтүстік аймағында биылғы қуаңшылық астық түсіміне кері әсер етті.
Қазақстанның ауыл шаруашылық мамандары биыл 17 млн тонна астық жиналады деп болжам жасап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда елдің оңтүстік өңірінде биылғы ауа райының қолайсыздығынан өнім аз.
Оңтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Қанатбек Оспанбеков былтырмен салыстырғанда биыл астық 40 пайызға кем болатынын айтады:
- Биылғы жылы астық 148 мың га жерге егілді. Бүгінгі күнге дейін бәрі орылып бітті. Қуаңшылыққа байланысты өнім түсімі төмен болды. Әр гектарынан 10,5 центнерден ғана өнім алдық. Тағы да айта кететін нәрсе, былтырғы жылы 40 мың гектардай күздік бидай кем егілді. Өйткені, ол кезде жер тоң болып қалған еді. Биыл оның 10 мың гектарын жаздықтың есебінен жаптық та, сөйтіп, өткен жылмен салыстырғанда егістік көлемі де 30 мың гектарға аз болып отыр.
Өткен аптада облыс әкімдерінің өзара келісіміне сәйкес, бұл өңірді биыл астығы біршама бітік шыққан солтүстік аймақтар қамтамасыз ететін болады. Әйтсе де ішкі нарықтағы астыққа деген сұранысты қанағаттандыру үшін 3,5 млн тонна бидай керек екенін ескерсек, биыл да астықты сыртқа шығаруға мүмкіндік бар дейді мамандар.
Кейбір мамандар өткен жылдардағыдай ел ішінде астық тапшылығы байқалып, нан бағасы көтерілуі мүмкін деген күдіктерін жасырмайды. Ауыл шаруашылық саласының маманы Елтай Құттыбаевтың айтуынша, Қазақстан астық экспорттаушы ел бола отырып, әлі күнге дейін қымбат нан жеп отыр:
Мамандар нан бағасының қымбаттауы мүмкін екенін айтады.
- Қазір Қостанайда нан бағасы 38 теңге, Солтүстік Қазақстанда - 32 теңге. Ал енді Алматы қаласында 49 теңгелік нанды арзан бағалы деп нан сатып жатыр, кеше елбасының өзі сүйтіп айтты. Бұл астық экспорттаушы ел үшін қымбат нан. Жылда ауыл шаруашылық министрлігі «биыл астық жақсы шықты» дейді де, артынша нан қымбаттайды. Ақырында оған әлемдік дағдарыс кінәлі болады. Астықтың қызығын халық көруі керек.
Экономист Бейсенбек Зиябеков елдегі ұн мен нан бағасының тұрақты қалатынына ешкім кепілдік бере алмайды деп есептейді. Бұл мақсатта құрылған тұрақтандыру қорларының еш көмегі тимейтінін айтады:
- Үкімет әр облыстан, ауданнан тұрақтандыру қорларын құрып жатырмыз деп жар салады. Аймақтардан қор құру мүмкін емес, себебі, олардың қолында құрал да, ақша да жоқ, азық-түлік корпорациясы да жоқ. Әншейін, жауапкершілікті бірінен соң біріне аударып жатқан сияқты. Сондай-ақ, үкімет жаңа бидайдан 600 мың тоннаны арзан бағамен сатып аламыз деп отыр. Кешіріңіз, арзан бағаға сізге кім сатады? Арзан бағаға сен сатып алмайсың, тек тартып аласың. Ал бидайды арзан бағаға сатып алу үшін бидайды екпей жатқанда-ақ сол ауылдағы мекемелерге үкімет жағдай жасап, фьючерстік келісімге отыруы керек еді.
Азық-түлік келісім-шарт корпорациясының мәліметі бойынша, аталған қордың астық сатып алуы үшін бюджеттен 12,2 млрд теңге бөлініпті.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG