Accessibility links

Көктемгі су тасқында үйсіз қалған Тарбағатай ауданы тұрғындарының жартысы баспаналы болды


Базар өзені арқылы салынған автокөлік көпірі. Көкжыра ауылы, Тарбағатай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 20 наурыз 2010 жыл. Ауыл тұрғындары түсірген сурет.
Базар өзені арқылы салынған автокөлік көпірі. Көкжыра ауылы, Тарбағатай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 20 наурыз 2010 жыл. Ауыл тұрғындары түсірген сурет.

Шығыс Қазақстан облысында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Тарбағатай ауданында табиғи апаттан үйлерінен айрылған отбасылардың жартысы жаңа қонысқа кірді. Қалған жартысына жергілікті билік қазан айына дейін жаа баспана беруге уәде етіп отыр.


Дүйсенбі, қыркүйектің 6-ы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары кезінде Тарбағатай ауданындағы елдімекендердің бірі Көкжыра ауылына барып қайтты.

Биыл жазғытұрым су тасқыны кезінде Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданы көп зардап шекті. Бұл ауданда әсіресе Көкжыра және Жәнтікей ауылдарында тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттарды көктемгі табиғи апат іске алғысыз етіп бүлдіріп кеткен еді. Сол
Қызылсу басқан Көкжыра ауылы, Тарбағатай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы. 20 наурыз 2010 жыл. Ауыл тұрғындары түсірген сурет.
себепті осы екі ауылды жаңа орынға қайтадан салу туралы шешім қабылданған болатын.

Тасқыннан кейін баспанасыз қалған 443 отбасының елу пайызына биыл жазда салынып біткен жаңа үйлер берілді. Ауыл тұрғындарының бірі Оралтай Таласбаева жақында жаңа қонысқа кіріпті.

- Көкжыра ауылында 210, ал Жәнтікей ауылында 191 тұрғын үйдің іргесі қаланып жатыр. Құрылыс жұмыстарының осы уақытқа дейін жартысы аяқталды, бірінші қазанға дейін толық бітіреміз, - деді Тарбағатай ауданы әкімі Манарбек Сапарғалиев Азаттық радиосының тілшісіне.

Аудан әкімінің айтуынша, үйлері әлі салынып бітпеген тұрғындар уақытша шатырларда тұрып жатыр. Әкім негізінен мал шарушылығымен айналысатын бұл ауданда малынан айырылған жұртқа да жәрдем ретінде несиеге мал беріліп жатқанын айтып отыр.

- Мәселен, тоқтының бағасы 8 мың теңге, қой 12 мың теңге, сиыр 80 мың теңге, ал жылқы 150 мың теңге деп бағаланып малдай несие беріп жатырмыз. Несие бес жылға беріледі, бірінші жылы төлемейді, қалған төрт жылда жылдық үстемесін екі пайызбен төлейді, - дейді Тарбағатай ауданының әкімі Манарбек Сапарғалиев.

Тасқыннан зардап шеккен ауылдарда отбасылық емдеу амбулаториялары салынған. Ал мектептердің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп сендіреді аудан әкімі. Тасқын судан зардап шеккен ауылдардағы мектеп оқушылары әзірше аудан орталығындағы мектеп-интернатта оқып жатыр екен.

Дегенмен, әкім айтқан жәрдемге жете алмай отырған ауыл тұрғындары да бар болып шықты.

- Азық-түліктен басқа ерекше бір көмекті көрмедік. Дүние-мүлік алған жоқпыз, мал-сұлды алар-алмасымызды кезінде көре жатармыз, - дейді ауыл тұрғындарының бірі Жаннұр Масалимова Азаттық радиосына.

Жаз бойы уақытша шатырда тұрып жатқан Жаннұр Масалимованың бар тілегі, күн суытпай тұрып үй-жайлы болу.

Биылғы көктемде табиғат апаты Шығыс Қазақстан облысын біршама тығырыққа тіреп, қираған үйлерді айтпағанда, көптеген мал шығыны болды.

Тек бір ғана Тарбағатай ауданы бойынша 11 мыңнан астам мал басы шығын болып, тасқын су астында қалған ондаған елді-мекеннің тұрғындары үйлерін тастап бас сауғалауға мәжбүр болды. Ресми дерек бойынша, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында 673 тұрғын үйді, 754 шаруашылық ғимаратын, сондай-ақ 42 қыстақты су басып қалған.
XS
SM
MD
LG