Accessibility links

Қарағандылық үш жас спортшы каратэден әлем жеңімпазы атанды


Николай Кожевников, каратэден әлем чемпионы.
Николай Кожевников, каратэден әлем чемпионы.

Қарағандылық 3 каратэші Оңтүстік Африка елінен әлем чемпионатының алтын алқасын тағынып қайтты. Жеңімпаздардың үшеуі де жергілікті бапкер Ирина Тишинаның шәкірттері.

ЖАС ЧЕМПИОНДАР ӘЛЕМДІК ЖАРЫСҚА ӨЗ ҚАРАЖАТТАРЫМЕН БАРДЫ

Қарағанды облысынан үш спортшы қатысқан әлемнің дүбірлі сайысы Оңтүстік Африканың Сан-сити қаласында өткен. Бұл жарыс, мамандардың айтуынша, «А» тобына жатады. Бұл – әлем және олимпиада ойындарының мықтылары бас қосатын дода деген сөз.

Еуропа, Америка, Африка, Азия және ТМД елдерінен жиналған спортшылар жас ерекшеліктеріне байланысты 6 легионға бөлінген. Мәселен, 1-ші легионда 5, 6, 7 жастағы балалар күш сынасса, соңғы 6-шы легионда 21 жастан асқан жігіттер білек түйістірген.

Осылайша, аралары 2-3 жас құрдастар бір легионға жатқызылған. Жарыстар каратэнің стилдік Шото-кан түрінде өткенімен, оның өзі ката, кумите және топтық ката мен командалық кумитэ түрлерінде жеке-жеке өткізілген.

Қарағанды каратэ-до мектебінің жаттығушылары 11 жастағы Климентий Рождественский мен Николай Кожевников және 17 жасар Кирилл Вогановтарға бапкерлері көп үміт артқанын айтады. Олардың әрқайсысы бұл жолғы әлемдік бәсекеге өз қаражатымен барған екен.

Ирина Тишина, каратэден бапкер. Қарағанды, 11 қыркүйек, 2009 жыл.
– Әр жерде, әр деңгейде өтетін жарыстарға өз қалтаңнан қаражат шығарып баруға тура келеді. Қарайласып жатқан ешкім жоқ. Тек түрлі жарыстардан жеңімпаз болып оралғанда ғана дабыра қылғаны болмаса, – дейді бапкер Ирина Тишина.

Оның айтуынша, әлемдік додаларда спортшының денсаулығы сақадай сай дайын болып тұрғанымен, психологиялық жағынан ол сыр беріп қалуы кездесіп тұратын жағдай.

– Біздің дене дайындығымыз жақсы деңгейде болды. Әрине, спорттың қыр-сырын енді игеріп келе жатқан балалар үшін психологиялық дайындық басымырақ болуы керек еді. Алдағы жарыстарда бұл мәселені есте ұстайтын боламыз.Ал, спортшыларымыз алғашында біраз абдырап қалғаны рас, бірақ, бойларын тез үйретіп алды. Ал жалпы бұлай қобалжудың өзі де дұрыс шығар. Себебі, ондай күйді бастан кешпейтін спортшының болашағы бұлыңғыр болмақ, – дейді үш бірдей әлем чемпиондарының бапкері Ирина Тишина.

ЖАС ЖЕҢІМПАЗДАРДЫҢ ЕНДІГІ МАҚСАТ-АРМАНЫ – ОЛИМПИАДА БИІГІН БАҒЫНДЫРУ

17 жасар Кирилл Воганов кумитэ және ката түрлерінен чемпиондық биіктерді бағындырып, ол құрамына кірген ТМД елдерінің құрама командасы, командалық кумитэ бәсекесінде 2-ші орынды иеленген. Ал Климентий Рождественский ката түрінен талайдың мысын басса, жалпы халықаралық деңгейдегі жарыстарға бірінші рет қатысып тұрған Николай Кожевников кумитэ бойынша алдына жан салмаған.

– Алғашында қатты қорықтым. Бірінші кездесуімді қалай өткізгенімді байқамай қалдым. Сөйтсем, оны уақытынан бұрын жеңіппін. Жеңіс менің жағымда болатынын жүрегіммен сезе бастадым. Осылайша, ақтық кездесуге дейінгі жекпе-жектердің барлығын уақытынан бұрын аяқтап отырдым. Дегенмен соңғы кездесуім қиындау болғанын жасырмаймын. Бірақ, намысты қолдан бермей, 2:1 есебімен жеңіске жеттім, – дейді жас әлем чемпионы Николай Кожевников.

Әлемдік додадан бас жүлделермен оралған спортшылар бұл жетістіктерін үлкен істің басы ғана деп отыр. Олар енді қараша айында каратэден өтетін Қазақстан чемпионатына дайындықтарын бастамақ.

Үшеуінің де үлкен арманы – болашақта олимпиада ойындарының чемпиондары болу.
XS
SM
MD
LG