Accessibility links

Қазақстан мен Ресей әскерилері бірлескен әскери шараларға дайындықтарын тексеруде. Оқу-әскери жаттығуларына 500-ге тарта әскери техника жұмылдырылған.

8 қыркүйек күні таңертең Семей қаласына әскери техника тасыған эшалондар мен «Орталық - 2008» бірлескен Ресей-Қазақстан оқу-жаттығуына қатысушылар келді деп хабарлады Азаттық радиосына Қазақстан Қорғаныс министрілігінің баспасөз-қызметі. Семей қаласында екі елдің әскерилері бас қосуда.
Қазақстан Қорғаныс министрі Даниял Ахметов екі ел арасындағы өзара ықпалдастық пен әскерлерінің дайындығы мемлекеттің қауіпсіздігіне әсер ететіндігін баса айтты.

«Екі елдің Қарулы күштері арасында шекара жоқ. Біздің ортақ мақсатымыз - әскерлеріміз бірлескен іс-шараларға дайын болуы керек»
, - деді Даниал Ахметов. Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Ресей Қорғаныс министрі Анатолий Сердюковтың мұндай бірлескен жаттығулардың былтырғы жылдан бері өте бастағанын және жыл сайын олардың күрделене түскендігін жеткізгендігін хабарлады.
Соңғы әскери-жаттығу 1-4 қыркүйекте Ресейдің Челябинск облысындағы Чебаркуль қаласы маңындағы әскери полигонда өткен. Оған Қазақстаннан 500-ден астам әскерилер қатысып, 70 танкі, 30 әскери машина және тағы басқа 500 әскери техника жұмылдырылған.
Қорғаныс министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, екі жақты оқу-жаттығулары арқылы әскери бөлімшелердің әскери тапсырманы бірге орындаудағы дайындықтарын тексеру көзделген. Жаттығу кезінде екі елдің әскерлері «достық елге агрессия танытқан үшінші елге қарсы тұру» ойынын өткізген.
Келесі Қазақстан мен Ресей арасындағы «Алдаспан-2008» әскери-жаттығулары қыркүйек айының соңында Қазақстан жерінде өтпек. Бұл жолы екі елдің әскери-әуе күштері пайдаланылмақ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG