Accessibility links

Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі қарсыластарының арандатуынан қауіптенеді


Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. Сурет "Новое поколение" газетінен алынды.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. Сурет "Новое поколение" газетінен алынды.

Батыс Қазақстан облысының әкімі өзінің бұрынғы кеңесшісі Алпамыс Бектұрғановпен жала жапқаны үшін, жауапқа тартуды талап етіп соттасуда. Жауапкер болса өз өмірі үшін қауіптенетін болғандықтан, күзетші жалдағанын айтады.


ӘКІМ СОТҚА, ЖАУАПКЕР ПРЕЗИДЕНТКЕ ШАҒЫМДАНУДА


Шілденің 27-і күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ар –намысын қорғау мақсатында бұрынғы кеңесшінің үстінен қылмыстық іс қозғауды өтініп, сотқа шағым түсірген болатын. Шілденің 28-і күні соттың алғашқы отырысы өтуі керек еді. Бірақ, Алпамыс Бектұрғановтың қалада болмауына байланысты процесс 4 тамызға шегерілгенімен, бүгін де істі қарау басталған жоқ.

Себебі, айыпталушы қылмыстық істің материалдарымен толық танысып бітпегендігін алға тартып, отырысты 10 тамызға белгілеуді сұрап отыр. Сот онымен келісті.

Экс-шенеуніктің айтуынша, ол Астанаға әдейі барып, Президент әкімшілігіне, Қаржы полициясына және Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хат жолдау арқылы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың облысқа басшылық еткен кезеңіндегі қызметіне кешенді тексеру жүргізуді сұраған.

“Хатымда мен Бақтықожа Ізмұхамбетовтың тума - туыстарының қатысы бар барлық сыбайлас жемқорлық қылмыстарының жасалу жолдары мен тетіктерін егжей – тегжейлі баяндадым. Енді оған оң жауаптар беріліп, кінәлілер жазасын алады деп сенемін” – дейді Алпамыс Бектұрғанов.

АЛПАМЫС БЕКТҰРҒАНОВТЫҢ КҮДІГІ МЕН ҚАУПІ

Экс- кеңесші өзінің жеке басының қауіпсіздігіне алаңдаулы. Өйткені, оған Астана қаласында белгісіз біреулер жұмбақ нөмірден қоңырау шалып кездесуді сұраған.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі Алпамыс Бектұрғанов. Орал, 15 шілде, 2009 жыл.


“Маған белгісіз біреулер қоңырау шалып, Астанада нақты қай жерде екенімді білгілері келді. Олар қалыптасқан жағдайды сізге барып, бірге талқылайық деген ишара білдірді. Алайда, мен олардың кім екендігін білмегендіктен, сондай – ақ жұмбақ нөмірден қоңырау шалғандығын ескеріп, кездесуден бас тарттым және өзіме жеке қорғаушы жалдап алдым. Жұмбақ жағдайда көз жұмған Орал қаласы әкімі аппаратының бұрынғы жетекшісі Қайрат Ақболатов сияқты мені де өлтіруі мүмкін екендігін жоққа шығармаймын...”- деді экс - кеңесші.

Алпамыс Бектұрғанов бұған дейін де БАҚ арқылы Қайрат Ақболатовтың өзі тұратын үйдің 10- қабатынан секіріп, өзін- өзі ажалға қиюы ақылға сыймайтындығын бірнеше мәрте мәлімдеген болатын.

“Қайрат Ақболатов 2007 жылы Орал қалалық әкімдігі жанындағы заңдастыру комиссиясына төрағалық еткен Ерболат Мұқаевтың орынбасары болды. Ол небір сорақы сыбайластық әрекеттерді көзімен көрді. Сотқа да куәгер ретінде тартылған еді. Әйтсе де биылғы жылдың ақпан айында ол кенеттен өзіне- өзі қол салады. Мен бұған сенбеймін...Себебі оның куә ретіндегі жауаптары облыс басшылығы құрған сыбайластық жүйенің бет – бейнесін ашып тастайтын болды. Менің ойымша куәгерден тез арада құтылу қажеттігі осыдан туған” – дейді Алпамыс Бектұрғанов.

БҰРЫНҒЫ КЕҢЕСШІНІҢ ӨЗІ ДЕ СОТҚА АРЫЗДАНБАҚШЫ

Алпамыс Бектұрғанов, сонымен қатар, сот арқылы қызметіне қайта оралмақ ниетте. Менің тарапымнан ешқендай заң бұзушылық болған жоқ дейді ол.

«Ізмұхамбетовтың ар – намысына нұқсан келтірмегенімді дәлелдеп шыққаннан кейін мен оның өзін сотқа беремін. Мені жұмыстан шығаруға себеп жоқ. Мен науқасыма байланысты Астанада ем қабылдадым. Ал облыс әкімі аппаратының жетекшісі брифинг өткізіп, менің жиі жұмыстан қалатындығымды және аттестациялаудан өте алмағанымды сылтау қылады. Мұның бәрі жала! Олардың маған қарсы айтатын ештеңелері болмағандықтан, кез келген күйені жағуға әрекеттенуде», - дейді бұрынғы кеңесші.

Облыс әкімі аппаратынан әзірге ешқандай түсінік алу мүмкін емес. Әкімдік сот шешімі шыққанша, сыр білдірмеуге бекінгендей.

Бұл дау 15 шілде күні Ізмұхамбетовтың сол кездегі кеңесшісі Алпамыс Бектұрғановтың облыс әкіміне қарсы ауыр айыптаулар таққан баспасөз - мәслихатынан басталған болатын.

Арада апта өткенде, 22 шілде күні, облыс әкімі аппаратының жетекшісі Амангелді Дәулетжанов жұмыстан жиі қалғаны, аттестациядан өте алмағаны үшін Алпамыс Бектұрғановтың қызметінен босатылғанын мәлім еткен-ді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG