Accessibility links

Жалғызтөбедегі түрмеде "қызыл зектер" денесін зақымдады деген хабар таралды


Солтүстік Қазақстан облысындағы қамау мекемесінің қоршауы.

Солтүстік Қазақстан облысындағы қамау мекемесінің қоршауы.

Бұрынғы мемлекет қызметкерлінің түрмесінде 20 адам жаппай наразылық іс-әрекетіне көшкендігін мәлім етті. «Қызыл зектер» өздерін басқа лагерлерге көшіруге қарсы. Түрме басшылығы мұны растамады.

Ақпанның 2-і күні түнде Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының Солнечный қалашығындағы ОВ 156/17 қатаң режимдегі колониясында жазасын өтеп жатқан 20 кісі өз дене мүшесін зақымдаушылық іс-әрекетіне барды деп хабарлады Азаттық тілшісіне сотталушылардың өздері.

«Бүгін 20 адам өзінің деме мүшелерін жарақаттады. Олар қарын еті мен күре тамырын кесті», - деді өмірінің қауіпсіздігі мақсатында өз есімінің баспасөзде аталмауын сұраған сотталушылардың бірі.

Оның айтуынша, «тағы 20 адам дәл осындай іс-әрекеті арқылы наразылықтарын білдіруге дайын отыр».

«БАСҚА ТҮРМЕДЕ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ КӨРГЕНШЕ...»

«Бұған дейін түрмедегі бес кісіні басқа лагерлерге ауыстырғысы келген еді. Сол кезде сіздердің көмектеріңіздің арқасында олардың төртеуі түрмеге қайтып әкелінді, ал Қыстаубаевты Ақмола облысындағы түрмеге жіберді. Енді міне осындағы кісілерді тағы да басқа лагерлерге ауыстырмақшы», - деді Жалғызтөбе түрмесінде жазасын өтеуші.

Бұған дейін Азаттық радиосы ОВ 156/17 қатаң режимдегі колониясына қамалған бес сотталушы өткен жылы қазанда, бізге белгісіз себептермен, Өскемендегі тергеу абақтысына ауыстырылғандығын хабарлаған еді.

Олар: Алматы қаласы қаржы полициясы басшысының бұрынғы орынбасары Ғайнолла Қыстаубаев және оның бұрынғы әріптестері Александр Шестаков пен Тимур Жағыпаров, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің бұрынғы төрағасы полковник Дәрібай Шалаев және Павлодар облыстық қаржы полициясы басқармасының бұрынғы басшысы Серік Салтанбеков.

«Басқа лагерлерде біздің өмірімізге қауіп төніп тұр. Кезінде өзіміз отырғызған адамдардан басқа түрмеде зорлық-зомбылық көргенше, қиындықты осы жерде тартайық», - деді бұрынғы мемлекеттік қызметкер.

Оның пікірінше, Жалғызтөбедегі түрмені күш құрылымдарының бұрынғы қызметкерлерінің өміріне қауіп болмас үшін ашқан және оларды «басқа да мекемелерге ауыстыру – заң бұзушылық болып есептеледі».

КОМИТЕТ БАСШЫЛАРЫ ЖАЛҒЫЗТӨБЕДЕ ЖҮР

Шығыс Қазақстан обылысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі басқармасының қызметкері Мәлік Ыбрайымов, сейсенбі күні Азаттық радиосына берген сұхбатында, Жалғызтөбеде жазасын өтеп жатқандар наразылық білдірді дегенді естімегендігін айтты.

«Бізге шұғыл ақпарат жетуі тиіс, төтенше жағдай бола қалған жағдайда тез арада хабарлайды олар. Арандатушылық ақпарат болуы мүмкін. Біз түгел бақылауда ұстап отырмыз», - деді Мәлік Ыбрайымов.

Оның айтуынша, дәл осы күндері Солнечный қалашығындағы түзеу мекемелеріне республикалық қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшылары келген.

«Астанадан комитеттің үш бастығы, біздің басқарма бастығының орынбасары да сол жақта жүр. Жалғызтөбеде жылу жүйесі істемей қалған еді, олар соны жөндеу жұмыстарын қарап жүр», - деді замполит.

«ТҮРМЕ БАСШЫСЫ КЕЛІП ӨТІНДІ»

Жалғызтөбедегі түрмеге бастық болып келгеніне бір айдан сәл асқан подполковник Қайрат Қалиев те мекемедегі сотталушылардың әрекеті туралы ақпаратын Азаттық радиосына жоққа шығарды.

«Ондай ештеме болған жоқ. Барлық жағдай тыныш», - деп мәлімдеді түрме басшысы. Оның айтуынша, Жалғызтөбедегі сотталушыларды басқа лагерлерге ауыстырмақ екен деген мәлімет шындыққа жанаспайды.

«Өтірік ақпарат. Бұрынғы қызметкерлерді басқа колонияларға бет алды шығарылмайды. Егер сотталушы түрмеде отырып қылмыс жасайтын болса, сонда ғана басқа мекемеге ауыстырылады. Сол кезде ол бұрынғы қызметкер болып саналмайды», - деп түсіндірді подполковник.

Бұл уақытта түрмедегі дерек көзі Азаттық радиосына «бізбен мекеме басшысы келіп сөйлесті, талаптарымызды орындауға келісті, сыртқа ақпарат шығармауын өтінді» деп хабарлады.

Шығыс Қазақстан облысының орталығынан шамамен 150 шақырым жерде орналасқан ОВ 156/17 колониясы сот және құқық органдарының бұрынғы қызметкерлері ұсталатын республикадағы жалғыз түрме болып саналады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG