Accessibility links

Билік Астана іргесіндегі оралмандар ауылындағы 140 үйді бұзып тастамақшы


Қоянды ауылы Астанадан 20 шақырым жерде 2004 жылы пайда болған.

Қоянды ауылы Астанадан 20 шақырым жерде 2004 жылы пайда болған.

Квота бойынша келген оралмандардың дипломы мойындалмайды. Ал алаяқ делдалдарға алданған оралмандардың лашықтары сүріліп тасталмақ. Олардың кейбіреулері Қытайға қайта кетпек, алды балаларын оқуға сонда жіберіп те үлгерген. Бұл ауылдағы суды адам тұрмақ, мал ішуге де жарамайды.

ОЛАР ТУҒАН ОТАНҒА ЕМЕС, ӨГЕЙ ОТАНҒА ОРАЛҒАНДАЙ...

Әлемнің тоғыз елінен атажұртқа келіп орналасқан оралмандардың Қоянды ауылы Астанадан 20 шақырым жерде. Мұнда 810 отбасы тұрады, олардың 140-ың сатып алған жер телімдері енді заңсыз деп танылуда. Оларға делдал алаяқтар жалған құжаттармен жер телімін сатқан, қыруар қаржылары алаяқтардың қолында кеткені өз алдына, өз қолдарымен тұрғызып алған үйлері заңсыз деп табылып отыр. Оралмандардың көбі Қазақстанға Моңғолия мен Қытайдан көшіп келгендер.

Қоянды ауылындағы менің жолсеріктерім Бақыт Алуай мен Ерғабыл болды. Бақыт «Азаматтық қоғам» қоры жанындағы Қоянды ауылының өзін -өзі басқару кеңесінің жетекшісі. Ол Қазақстанға Моңғолияның Баян-Өлгий округінен 1992 жылы мемлекеттік квота бойынша көшіп келген.
Алғашында оның отбасы Атырау облысында тұрған. Үш жыл бұрын олар жерлестері мен туыстарына жақынырақ болу үшін Қояндыға қоныс аударыпты.
Оның заңды салынған, үлкен үйі бар, бірақ өзі сот шешімімен үйлері сүріліп тасталатын жерлестерінің мәселелерімен айналысуда.
Қояндыдағы бұзылатын үйлердің бірі Ерғабылдікі


Ерғабылдың жасы отыздар шамасында. Ол Қытайдан үш жыл бұрын келген. Ерғабыл отбасындағы бес ұл мен үш қыздың ішінде, тарихи отанына қайтуға тәуекел еткен жалғыз перзент екен. Үйлену тойын өткізе салып, жас отбасы Қазақстанға келген. Ағалары оған жол жүрерде: «Сен сонда барып жайғаса бер, сенің артыңнан ата жұртқа біз де барамыз» деп қалған еді.

Ерғабыл – компьютер маманы, ал әйелі болса, ағылшын тілінің мұғалімі. Алайда олардың дипломын мұнда қабылдамай отыр. Ерғабыл базарда жүр, әйелі үйде отыр. Осында туған ұлдарына Жалғас деп ат қойды. Ерғабыл «Туған жерде ұрпағымыз жалғассын» деген тілекпен ұлына осындай есім беріпті.
Ерғабылдың да үйі бұзылады. Олар сегіз айлық баламен қайда барарын білмейді. Ерғабылдың айтуынша, айлық табысы 60 мыңдай екен, (шамамен 500 доллар) бұл пәтер жалдауға да жетпейді.

Ерғабылдың Бақытбек Төлеуден бір ерекшелігі Қытайға қайта оралғысы келмейді: тарихи отанында орнығып кетермін деп үміттенеді. Оның ұлы Қазақстанда туды ғой, сондықтан ұлының болашағын атажұртпен байланыстырады.


Бақытбек Төлеу де үш жыл бұрын әйелін екі баласымен қалдырып, Қытайдан келген. Ол алдымен өзі осында үй сатып алып немесе үй салып
орналасып алған соң, отбасын әкелмек болған. Ол әкімдіктен жер телімі бөлінген қағазды алып беремін деген алаяқтарға бес мың доллар беріпті. Бақытбектің міне енді сол жерге салып алған үйі сот шешімі бойынша қиратылайын деп жатыр.

Бақытбектің жеке «Камаз» жүк машинасы бар. Үш жыл бойына сол «Камазымен» Қытайдан жиырма отбасын тасыды. Олардың көбі енді Бақытбекке бізді Қытайға қайта көшіріп апарып таста дейтін көрінеді.

Күлшат Әбинұр да – алаяқтардың алдауына түскен көп оралмандардың бірі.
Әкімдіктің «делдалдары» Қоянды ауылындағы жер телімі үшін, бірнеше мың доллар ( оның нақты сомасын қалада жалданып жұмыс істеп жүрген күйеуі біледі) сыйақы алған. Қытай мен Моңғолиядан келген оралмандардың көбі кириллицаны білмегендіктен, жалған құжаттардың мазмұнын оқи алмайды.

Күлшат Әбинұрдың күйеуі өздеріне үй салып жатқан отбасыларын көріп, Қытайдан кірпіш өндірісіне арналған жабдықтарды алып келген. Алайда ол алты айдан бері үйдің жанында тот басып жатыр. Күлшаттың айтуынша, оны үйдің электр энергиясына қосу үшін жергілікті әкімдік 840 мың теңге (7 мың долларға жуық) талап еткен.

«МЕНІ БҰЗЫЛАТЫН ҮЙМЕН БİРГЕ КӨМİП ТАСТАҢДАР»


Төлепбергенова Батима 85 жаста. Ол Қазақстанда, Қарағанды облысында туған. Әкесін тұтқындаған соң, атасы бес жасар қызды атына мінгізіп, Қарқара арқылы Қытайға өтіп кеткен екен. Атасы көз жұмар алдында немересіне Отанына қайтуды аманат еткен екен.
Бәтиманың атасынң аманатын тек қартайған шағында орындаудың сәті түскен. Әженің үш ұлы төрт қызы бар. Отанына кенже ұлы Бәкір мен оның әйелі Ләззат және екі ұлдарымен қайтуға бел байлаған. Қалған балалары Қытайда тұрады, барлығы отбасылы, тұрмыстарын жақсартып алған. Бәтима әжей -мүгедек, Қазақстанға мүгедектер арбасымен келген.
Қояндының 85 жасар тұрғыны Бәтима Төлепбергенованың да үйі заңсыз салынған дейді билік.


Мен олардың үйіне кіргенімде Төлепбергенова Батима әжей пеш жанында жатыр екен. Оның қолын қусырып отырмағаны бірден көрінді. Стол үстінде немерелеріне арнап тоқыған жүн шұлықтары мен қолдан иірген жіп жатты. Ол мені әкімдіктің немесе соттың өкілі деп қабылдады.

Менің жолсеріктерімнің сөзін ұғар-ұқпастан Төлепбергенова Батима әжей: « Егер менің үйімді қиратар болсаңдар, мені де қосып қиратыңдар, мен осы орнымнан жылжымаймын. Мені осы үйдің қирандыларының астына көміңдер. Мен өлсем өз отанымда өлейін деп келгенмін. Менің өлігім осында қалсын, менің Қытайға қайта көшуге шамам жоқ » деді.

Оның келіні Ләззат Шаймерден қайта көшуге ақшамыз жоқ дейді. Ол мүгедек енесі мен екі баласына қарап үйде отырады, күйеуі болса күні бойы базарда. Тапқан табысы күнделікті тамаққа әрең жетеді.

Олардың үйшігінің сыртқы қабырғасынан кішілеу көк пластинкаларды байқап қалдым. Бұл күн сәулесімен қуаттанатын батареялар секілді жасалған екен. Кедейлік тапқырлыққа ұщқыр ғой. Олардың үйінің басқа үйлерден бір ерекшелігі, кішкентай ғана шам жанып тұр: әдетте мұндай шамды фонарға пайдаланады. Тек оның жалаңаш сым арқылы күн батареясына жалғасқаны, қорқыныш ұялатады екен. Егер балалар ойнап жүріп ұстап алса, бір бәлеге ұшырауы мүмкін ғой.

Олардың үйінің жанынан «Made in China» деген оралған затты байқап қалдым. Бұл үйді жылытатын қондырғы жаңбыр мен қардың астында қалып, тот басып жатыр екен.
Шаймердендер отбасы Қытайдан кетерде Отанға барғанда өз үйіміз болады деп ойлаған. Олар тарихи отандарында қандай сынақтар күтіп тұрғанынан хабарсыз болған ғой.

Мен кірген әрбір үйдің әйелдері қазақтың қонақжайлық дәстүрімен төрге шығарып, шайын беріп жатты. Олардың шай үшін су қайнатқан құралдарының өзі өз алдына жеке әңгімеге тұрарлық.
Дастарханда зауыттың бөлкесі мен қант. Тек бір үйде ғана дастарханда тәтті қайнатпаға ұқсас бірдеңе болды. Құрметті қонақтарға арналған төрге ыңғайланып отырып алған соң, мен пиалаға қол создым. Пиаладағы су шайға ұқсамайтын еді. Сұрғылт-сары ыстық сұйықтық.

Сол сәт ауладағы құдықты көргенім, Ерғабылдың санитарлық- эпидемиологиялық станцияның қызметкерлерінің оның суын малға беруге де тыйым салғаны есіме түсіп, кесені дастарханға қайта қойдым да, қонақжай үй иелеріне наннан ғана ауыз тиетінімді айттым.

- Қысылмаңыз, біз ренжімейміз, шынында да су жаман. Алайда біз бұған көндіккенбіз, әрі тек Қытай шайын пайдаланамыз, ол шай микробтарды өлтіреді, -деді үй иесі.


ОРАЛМАНДАР БАЛАЛАРЫН ОҚУҒА ҚЫТАЙҒА ЖІБЕРУДЕ


Біз жергілікті мектепке де барып көрдік. Мұнда 1- 9- сыныптар бар екен. Директор жұмыс орнында болмай шықты. Оның хатшысының немесе көмекшісінің айтуынша, мектепте екі жүзге жуық бала оқиды. Сыныптар –тар әрі қапырық. Балалар парталардың арасынан зорға өтеді. Соңғы партадан мектеп тақтасына дейін ересек адамның үш адымындай ғана болады.
Астананың жанындағы Қоянды аулының мектеп үйі. желтоқсан, 2008 жыл.


Кейбір сыныптарда бір партада үш баладан отыр. Сыныптарда орынның болмауынан және мектептегі оқыту деңгейінің төмендігінен оралмандардың көбі балаларын оқуға қайтадан Қытайға, туыстарына жіберуде екен.

Қоянды ауылының әкімдігінен оралмандар айналып өтеді, әсіресе, жазда. Себебі жаман иіс мұрынды қабады. Жергілікті тұрғындар бұрын мұнда шошқа баққан адам тұрған дейді. Оралмандар: «Мемлекеттік туды шошқа қораның үстіне тіккен жарамайды. Бұл - Отанды құрметтемеу болып саналады», - дейді.

Оралмандар жаз бойы үйлерін салып жатқанда биліктегілер араласпаған. "Жергілікті әкімдіктің өкілдерінің біреуі де келіп, үйді заңсыз салып жатырсыңдар дегенді айтып түсіндірген жоқ," -деп еске алады оралмандар. Суық түсе бастағанда ғана биліктегілер құрылыс заңсыз деп тауып, үйлерін бұзатынын хабарлаған.
Енді күнде заңсыз салынған үйлерге біресе сот орындаушылар, енді біресе полициядан адамдар келіп жатады. Алғашқылары – сот шешімін айтып қазымырланып мазаны кетірсе, кейінгілері – оралмандарды алдап соққан алаяқтарды іздейді.
Жаз бойы тырп етпеген әкімдік құрылыс жүргізуге болмайтын аралықты белгілеп, трактормен жерді айғыздап жатыр. Олар көшірілген үйлердің орнына ойын-сауық орталығы мен жергілікті әкімдіктің ғимаратының құрылысын бастамақ. Қалай болғанда да, ақпарат тақтасына сондай мазмұндағы хабарландыру ілінген.

ҚАРАМА –ҚАЙШЫЛЫҚТАР АУЫЛЫ


Қоянды– қарама -қайшылықтар ауылы. Заңсыз салынған лашықтардың қатарында, бай тұрғындардың электр энергиясы мен кабелді антенналары орнатылған екі қабатты үйлер мен мұндалайды. Электр энергиясына қосылу үшін олар бір кездері мың доллардан төлеген екен. Білгенімізде, онда да оралмандар тұратын болып шықты.

- Мына үй Қытайдан келген оралманның үйі. Ол политэтилен пакеттерімен бүкіл Астананы қамтамасыз етеді, - деді менің жанымдағы жолсерігім Ерғабыл.

- Ал мынау үш қабатты салтанатты үй, бірнеше гараждарымен бірге оралманға тиесілі екен. Ауылдағылардан электр энергиясы желісіне қосылу үшін ақша жинайтын осы. Ол бұрын бізден 120 мың теңгеден жинаса, (бір мың долларға жуық), енді үйін тұрғызып жатқан тұрғындардан 840 мың теңге талап етуде ( 7 мың долларға жуық). Ол ақшаны Астанадағы өзінің қамқоршысына жіберіп отырады, - деп өзінің жорамалдарымен бөлісті Бақыт. – Олар осында тез байып үлгерді. Өзінде бір машина бар, ал мына джип – оның әйелінікі. Жазда олар демалуға Германияға барып қайтты.

Менің сол үш қабатты үйге кіру, олардың өмірін білу, сөйлесу (себебі әңгімеміздің өзі Қоянды оралмандарының барлығына арналған емес пе еді) туралы өтінішіме жолсеріктерім құптамай, бір түрлі қорқынышпен қарады. Мені олар тіпті онда жалғыз баруыма болмайтынын жұқалап айтып, ойымнан бас тартуға көндірді. Олардың бұған үрке қарағаны маған түсініксіз күйінде қалды. Енді тіпті оралмандардың арасында да таптық айырмашылықтар қалыптаса бастаған сияқты.

  • 16x9 Image

    Гүлбану ӘБЕНОВА

    Гүлбану Әбенова - 2008 жылдың тамызына бері Азаттық радиосы сайтының авторларының бірі. Мәскеу гуманитарлық университетінің тарих факультетін тәмамдаған, Ұлттық өнер академиясында театр сыншысы оқуын бітірген, Евразия ұлттық университетінің магистратурасын «Әлеуметтану» мамандығы бойынша аяқтаған. «Экспресс К» газетімен, басқа да қазақстандық басылымдармен әріптес болған. 1999 жылдан бері Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG