Accessibility links

Серікболсын Әбділдин кітабында президент Назарбаевтың ақиқаты мен аңызы туралы айтады


Серікболсын Әбділдин, Қазақстан Коммунистік партиясының төрағасы. Алматы, 14 қазан 2009 жыл.
Серікболсын Әбділдин, Қазақстан Коммунистік партиясының төрағасы. Алматы, 14 қазан 2009 жыл.

Бүгін Алматыда Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдиннің «Ақиқат пен аңыз» атты жаңа кітабының тұсаукесері болып өтті. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билік басына қалай жеткенін баяндаған Әбділдин президенттің жүргізіп отырған саясатына сыни тұрғыдан баға береді.

Серікболсын Әбділдин 80-інші жылдардан бастап Нұрсұлтан Назарбаевпен «иық тіресе» жұмыс істеген саясаткер. Осы жылдар ішінде ол өзінің президент Назарбаевты жақсы танып-біліп алғанын айтады. Әбділдин Қазақстанның 1994 жылы таратылып жіберілген парламентін басқарған болатын, парламент таратылған соң ол оппозицияға қосылды. 1999 жылы Серікболсын Әбілдин оппозиция тарабынан президенттік сайлауға кандидат болып та түскен болатын.

Серікболсын Әбділдин екі ғасыр тоғысында Қазақстанның саяси өмірінде болған өзгерістерге бір кісідей куә болып қана қоймай, елдегі саяси оқиғаларға белсенді араласқан адам. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде президент Назарбаевпен бірге жоғарғы билікте болған саясаткер кейіннен президенттің сөзі мен ісінің алшақтағаны жайында «Ақиқат пен аңыз» кітабында жан-жақты әңгімелейді.


БҰРЫНҒЫ АЙТҚАНДАРЫМДЫ СЫНИ ТҰРҒЫДА САРАЛАДЫМ
Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдиннің «Ақиқат пен аңыз» және «Реалий и мифы» кітаптарының мұқабасы. Алматы, 25 қараша 2009 жыл.


– Серікболсын мырза, бұл кітапты жазуға не түрткі болды?


– Екі ғасырдың түйісінде өмірде, саясатта өтірік деген көбейіп кетті. Тіпті осы өзіміздің жаңа тарихтың куәсі болып жүргендердің көзін бақырайтып қойып, саясатта, жалпы, ақпарат құралдарында адамның ойына, түсіне келмейтін қиялдар айтылып жатады. Сол себепті кітаптың атын «Ақиқат пен аңыз» деп қойдым.

Оны жазу барысында көп ойланып-толғанып, бұрынғы айтып жүрген пікірлерімді екшелеп сараптап, өз айтқаныма өзім сын көзбен қарап, өмірге керек болар, бүгін болмаса, ертең мына тарих зерттеушілері, басқа да қаламгерлер іздейтін болар деп осы кітапты құрастырдым.

Бір үлкен өтірікке себеп болған нәрсе – дүниежүзіндегі екі үлкен мемлекеттің біреуінің күйреуі болды. Совет одағының тарқатылуы туралы көптеген аңыздар бар. Онан кейін біз тұсауды үзіп, жеке мемлекет болғаннан кейін сол совет заманындағы экономикалық-әлеуметтік дәрежені ұстаудың орнына оны күйреттік.

Сонда «Ақиқат пен аңызда» тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу, даму жолы кеңінен әңгіме болады ғой?

– Билікке келген адамдар социализм кезеңінде жасалғанның бәрін құртып, жаңа өмір құрамыз дегендей саясат ұстады. Ең бірінші, өзіміздің елбасымыздан бастап, сол кездегі үкімет басында отырған адамдар «нарықтық экономика дегенді басқарудың қажеті жоқ. Ол өзін-өзі басқарып жүретін жүйе» деген лақап таратты.

Мұнайды сатып, ақшасы түскеннен кейін яғни, 1998-99 жылдары басқару жүйесі сол әлгі ақшаның түсуі мен бөлуіне байланысты болды. Біздің елбасы сол уақыттан бастап, бүгінге дейін елбасылық қызметтен гөрі кассирдің қызметін көп атқарып жүр.

1994-1998 жылдары елде қиыншылық болған уақытта, қиындықтың барлығын «ақша жоқ» деумен түсіндірді. Ал негізінде Қазақстанның байлығы, Қазақстанның мүмкіншілігі ешуақытта Қазақстанның ақшасыз отырған жағдайын көрсетпейді. Тіпті мына 1996 жылы зейнетақы төлеуге, не болмаса басқа бір әлеуметтік жағдайды шешуге ақша жоқ деген уақыттың өзінде 1 млрд долларды елбасы шет жаққа апарып тығып қойған.

Ол – ақша бар, мүмкіндік бар, бірақ халықтың соған қолын жеткізбей кәдімгідей қайыршы қылып ұстау деген сөз. Одан бұрын, 1994 жылдың ақпан айында, шетелдердегі банктерден есеп ашуға рұқсат беретін жарлық шықты. Ол жарлық бойынша сіз шетелге апарасыз да, ақша саласыз. Оған өзіңіздің аты-жөніңізді де жазбайсыз. Ол ақшаның қайдан шыққанын да жазбайсыз. Сондықтан да біздің байлығымыздың барлығы судай ағып шетке кетті. Бүгінгі заманда теледидардан, басқа ақпарат жүйелерінен қаншама мақтансақ та, қарапайым халықтың жағдайы өте нашар.

Тағы да бір ерекше көңіл аударатын жағдай, Назарбаев билікті сақтап қалу мақсатында ұшан-теңіз әрекет жасады. Ол Совет заманында Қонаевтың қолдауымен билікке келді. Одан кейін Димекеңді лақтырып тастап, Горбачевтың тапсырмасын орындауға кіріскен.

Ол бірінші басшылық дегенді аңсаған адам болатын. Желтоқсанға байланыстысы бар, басқасы бар, бірінші хатшылық қолына тигеннен кейін ол Жоғары кеңестің төрағасы болғысы келді. Оны да алды қолына. Ол аз болғандықтан, президент болып сайланды парламентте.

Мұнымен қоймай, парламентті тарқатып жіберіп, «билікті жеке қолыма алам» деп, Ассамблея құрды. Ассамблея арқылы референдумменен өзінің құқығын ұзартты. Одан кейін, сол Ассамблеяның талабы деп, жаңадан Конституция қабылдады. Конституцияны дұрыстап оқитын адам болса, оның өзі үшін жасағаны белгілі болады.

Кітабымның тағы бір түйіні, біздің қазіргі елбасының билікте дүниеден кеткенімше отырам деуін сынау. Бұл – тойымсыздық. Ол деген жастардың жолын бөгеу деген сөз. Басқа демократиялық жолмен жүретін елдер 20 жылдың ішінде кем дегенде 4-5 сайлау өткізіп, елбасын өзгертіп жатыр. Ал бұл өзінше баяғы «мен данышпанмын» деп тірі кезінде ешкімге бермеймін деп отыр. Ол – қиянат. Ол – халыққа, мемлекетке, жастарға жанашырлық емес. Оны мен озбырлық деп есептеймін.

«СОЦИАЛИЗМ ЖАМАНДЫҒЫНАН ЕМЕС, БАСҚАРЫЛА АЛМАҒАНДЫҒЫНАН ҚҰЛАДЫ»

– Кітапта социализм жүйесінің артықшылығы туралы көп жазасыз. Сіздіңше, социализмнің жақсы жақтары бар ма? Және бұл идеялар қазір утопистік идея ретінде бағаланбай ма?

– Бұл социализм Совет одағында осы жүйе жаман болғандықтан құлаған жоқ. Бұл социализмді дұрыс басқармағандықтан құлады. Оны мен ғана емес, басқа да сарапшылар айтып жүр. Оның үстіне мына Совет одағы сияқты үлкен мемлекет АҚШ-қа керегі жоқ болды.

Қит етсе, Совет одағы қарсы шығады да, АҚШ осы күнге істеп отырған, ылайлап отырған саясатын жүргізе алмады. Қанша соғыс, қанша қырғын, қанша қан төгілді. Егер Совет одағы болса, онда қазіргілей Ирак болмайтын еді.

Мұнда екі себеп бар. Совет кезінде басқару жүйесі басынан шіріді. Социализмнің капитализмнен артықшылығы көп. Мысалы, социализм жүйесіндегі мемлекеттер дағдарысқа төтеп беріп отыр. Сондықтан социализмнің бүгінгісі де, ертеңгісі де күдік тудырмайтын жағдайда.

– Кітапты жазу барысында қаншалықты деңгейде объективті бола алдым деп ойлайсыз?

– Жалпы объективтілік қандай да бір фактілерді келтірген кезде сақталады. Мысалы, мен мемлекет байлығы, ақшасы Батысқа өзенше ағылды десем, мен тек жарлық нөмірін ғана емес, сонымен қатар оның мерзімін, құпия жарлықтың нөмірлерін келтірем. Мен миллиард пұт астық жинады деп айтып, Назарбаев халықты алдауда десем, мен миллиард пұттың 16 млн тонна екенін ескерте кетем.

Біз мұндай көрсеткіштегі астықты жыл сайын өткізіп тұрдық. Астықтың рекордтық көрсеткіші деп жатады, негізінде 16 немесе 20 тонна астықты рекордтық көрсеткіш демейді, 34,5 тоннаны айтады. Мен бірден дерек көзіне үңілем. Мен Назарбаев халықты алдап, жалған саясат жүргізуде десем де мысалдар келтірем.

Мәселен, 2008 жылғы халыққа арнаған жолдауында ол сол жылы 100 мектеп пен 100 аурухана салынып, қолданысқа беріледі деген. Әлі күнге дейін созылып келеді. Кейбіреулер бұл бағдарлама 2010 немесе 2012 жылы аяқталады деп жатыр. Бұл алдау емес пе?!

«БИЛІКТІҢ БІР АДАМНЫҢ УЫСЫНДА БОЛУЫНА АЛДЫМЕН ӨЗІМІЗ КІНӘЛІМІЗ»

– Биыл Нұрсұлтан Назарбаевтың билікте отырғанына 20 жыл толды. Сіз бұған наразысыз. Сіздің ойыңызша, кім бұған кінәлі?


– Ең әуелі, халық ренжімей-ақ қойсын, бұған халық, ұлт кінәлі. Оның кінәсі сол – алданып мемлекет басшысы не айтса, соған үнсіз бас изеп, қанағаттанып жүргені үшін кінәлі. Мұндай томаға-тұйықтық бәлкім, сонау тоталитарлық кезеңде қалыптасқан шығар. Бірақ қарапайым халық үшін сол жүйе пайдалырақ болды. Білім ордалары, балабақшалар, кітапханалар болды.

– Қазір қоғамда жеке басқа қол сұғушылық туралы заң жобасы дау тудыруда. Қазірдің өзінде оны Сенат мақұлдап қойды. Осы заң жобасына қатысты көзқарасыңыз?

– Парламенттің ішінде жұмыс істеген азамат ретінде айтайын, бізде заңдардың көпшілігі халық, қоғам үшін қабылданбайды. Заңдардың көпшілігі осы билік, байлар үшін қабылданады.

Біздің Конституциямызда не жазылмаған? Бәрі жазылған. Адамның құқығын қорғау, оның ішінде наразы болса көшеге де шығуға болады деген сияқты, бәрі бар. Бірақ іс жүзінде өз құқығын ешкім пайдалана алмайды.

Мынау американдықтардың жасаған зерттеуіне қарағанда, біздің Қазақстанда 12 пайыз адам ғана өзінің пікірін айтуға қорықпайтын көрінеді. Басқалардың барлығы қорқады. Менің ойымша, кілтипан көп жағдайда заңның орындалуында болып жатады. Заң дұрыс жазылуы мүмкін, бірақ оның орындалуы сәтсіздікке ұшырап жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет!
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG