Accessibility links

Тұрғындар су тапшылығынан ауылдардан үдере көшуде

  • Аруна БУЛАТОВА

Ауыл үшін қыстың көзі қырауда темір бөшкемен су тасудың өзі қиямет-қайым.

Ауыл үшін қыстың көзі қырауда темір бөшкемен су тасудың өзі қиямет-қайым.

Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалымен бірлесіп, «Ауыз су» бағдарламасының орындалу барысын тексерді. Тексеріс барысында мемлекеттік бағдарламаға бөлінген ондаған миллион теңге тиімсіз пайдаланылғаны анықталды.

Мәселен, Тайынша ауданындағы Драгомировка селосында жерасты су көздерінен топтық су құбыры нысаны құрылысына 34 миллионнан астам теңге бөлінген екен. Бірақ 2007 жылдың қазанында пайдалануға берілген бұл нысан бір күн де жұмыс істемеген. Себеп – жергілікті атқарушы биліктің жайбасарлығы.

Аудандық әкімдіктің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі нысанды өздерінің бухгалтерлік есебінеалып, одан арғы пайдаланумен ұстап тұру үшін шаруашылық субъектісіне сенімді басқаруғабермеген. Нәтижесінде ауыл тұрғындары ұңғыма суын пайдалануға мәжбүр болған. Ал санитар дәрігерлер сол судың радиациялық қаупі бар деп тапты. Бұл туралы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары ешқандай түсінік бере алмады.
Су тарату орталығы. Петропавловск, 2008 жыл


Жамбыл ауданындағы Западное селосының тұрғындары бірнеше ай бойы тіпті көл суын ішуге мәжбүр. Себебі,су тарататын пунктте сорғылар сынып тұр. Селолық округ әкімі Баймағамбет Қайыровтың айтуынша, осыдан бірай бұрын сынған су беру жүйесін жөндейтін маман жоқ. Тексеріс барысында анықталғандай, бұл пункт тұрғындарға беріле салған. Олардың арасынан біреуі ешқандай еңбек келісім-шартынсыз ауылдастарына су таратумен айналысып келген. Сол жұмысы үшін Жасұлан Қабдолин су сатқан ақшадан өзіне айына 3-5 мың теңге алып отырған. Ол өзіне кезінде бұрынғы селолық округ әкімі осындай ұсыныс жасағанын айтады. Пресноредуть селосында Сайран Үлиев, Макарьевка селосында Ирина Комлач та осындай кәсіппен айналысқан.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің басшысы Гүлназ Шәріпованың айтуынша, аудандардың бюджеттерінде су тарату пункттерін ұстауға және қызмет көрсетуге арналған қаржы болуы тиіс, ал іс жүзінде ондай ақша жоқ болып шықты. Мамандардың жоқтығынан мұндай нысандарда кездейсоқ адамдар жұмыс істеп келген және су сатудан түскен ақшаны есептеген де ешкім жоқ.

Жамбыл ауданындағы Песчанка селосында 2005 жылы пайдалануға берілген су тарату пункті жермен жексен болып шықты, тек іргетасы мен қоршауы ғана қалыпты. Сөйтсе, Жамбыл аудандық құрылыс бөлімінің бастығы Орал Наушәріповтың айтуынша, бұл нысанды жаздыгүні жүк көлігі соғып кеткен екен, содан кейін тұрғындарға қауіп төндіріп тұрған нысанды жергілікті билік бұзып алуды жөн көріпті. Жамбыл ауданындағы осы екі нысан құрылысына 250 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған екен.

Чапаево селосының тұрғындары екі ай бойы сусыз отыр. Оған су таратушы оператордың жұмыс істеуден бас тартқаны себеп. Өйткені, оған жарты жылдан бері еңбекақы төленбепті.

Ал Айыртау ауданында су тарату пункті құрылысына бөлінген 8 миллион теңге игерілмеген. Нысан соңына дейін салынып бітпесе де, оны мемлекеттік комиссия қабылдап алған. Облыстық прокуратураның мемлекеттік органдар қызметін қадағалау жөніндегі басқармасының прокуроры Виктор Найданың айтуынша, қабылдау актіне қол қойған кейбір шенеуніктер бұл нысанды мүлдем көзбен көрмеген, кабинеттерінен шықпастан, құжатқа қол қоя салған.

Мамлют ауданындағы Белое, Чистое селоларындағы осыдан 2-3 жыл бұрын ғана пайдалануға берілген топтық су нысандары сынып тұр, тұрғындар орталықтандырылмаған су көздерін пайдалануда. Белов селолық округінің әкімі Бибігүл Қасенова нысанды ауданның коммуналдық қызметтеріне сенімді басқаруға өткізбеген болып шықты. Сондықтан оларды жөндейтін де ешкім жоқ.

Қызылжар ауданындағы Красноярка селосында былтыр ғана 11 миллион теңгеге салынған су тарату нысаны электр қуатынан ажыратылып тасталғандықтан істемей тұр. Уәлиханов ауданындағы құны 100 миллион теңгелік Ақтүйесай-Бидайық су құбыры екі жыл ғана жұмыс істеп, кейін жарылып қалған, ал оны жөндейтін арнайы техника жоқ екен.

Прокуратура ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін «Есіл су» кәсіпорнына да кінә тағып отыр. Қызылжар ауданында ұзындығы 80 шақырым жаңа су құбырының құрылысына республикалық бюджеттен 70 миллион теңге бөлінген еді. Алайда бұл нысан пайдалануға берілгеннен бергі өткен бес жылдың ішінде он-ақ ай жұмыс істеген. Өйткені жұмыс сапасыз орындалған. Ал су бәрібір ескі құбырлар арқылы ағуда.

Қызылжар ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев: «Бастысы – тұрғындарға су жеткізіліп жатса болғаны», - дейді. Есіл және Шал ақын аудандарының 13 ауылын сумен қамтамасыз ететін «Есіл-Семиполка» су құбырын жөндеуге бұл кәсіпорын 47 миллион теңгені «игеріпті». Бірақ 13 ауылдың тек біреуінің - Ильинканың ғана тұрғындары сапалы ауызсу ішіп келген екен, бірақ енді олар да трактормен жеткізілетін суға қарап отыр. Өйткені Есіл басқармасы бастығының түсіндіруінше, бір құбыр арқылы бір ауылға ғана су жеткізу экономикалық жағынан тиімсіз. «Есіл су» кәсіпорны бастығының орынбасары Қуат Кеженевтің айтуынша, бұрын кәсіпорын өз учаскелерін қайта жаңарту және жобалаумен өз беттерінше айналысатын, ал қазір монополияға қарсы комитет бұған тыйым салып отыр. Бұрынғы жүйе қайта жаңартылса, кәсіпорын бірінші кезектегі нысандармен айналыса бастар еді дейді ол.


Сондай-ақ, прокурорлар санитар дәрігерлермен бірлесіп, Есіл және Шал ақын аудандарындағы бірқатар елді мекендердің тұрғындары санитарлық нормаға сәйкес келмейтін су ішіп отырғанын анықтады. Сөйтіп, 47 миллион теңгеден астам қаржы тиімсіз жұмсалған деген қорытындыға келді.

Су тапшылығы тұрғындардың ауылдардан үдере көшуіне себеп болып отыр. Мәселен, Песчанка селосында соңғы бес жылда тұрғындар саны үш есе азайған. 2003 жылы мұнда 105 адам болса, 2004 жылы – 90, 2005 жылы – 68, 2006 жылы – 63, 2007 жылы – 37 адам ғана қалған. Осыдан бес жыл бұрын Жамбыл ауданында құны 93 миллион теңгеден астам Қарақамыс топтық су құбыры іске қосылған болатын. Бірақ, селолық округ әкімі Айдар Тасмағамбетовтың айтуынша, соған қарайтын Октябрь аулында су тарату нысаны екі жылдан бері жұмыс істемейді. Бұл ауылда 2003 жылы 180 адам тұрған ауылда бүгінде бір де бір адам қалмаған.


XS
SM
MD
LG