Accessibility links

«Қырғызстан этникалық өзбектерін тиісті деңгейде қорғай алмады»


Қырғызстанның арнайы қызмет жасағы өзбектер тұратын ауданда. Ош, 22 маусым 2010 жыл

Қырғызстанның арнайы қызмет жасағы өзбектер тұратын ауданда. Ош, 22 маусым 2010 жыл

Human Rights Watch ұйымы Қырғызстанның оңтүстігінде болған маусым айындағы қақтығысқа қатысты есебінде кейбір үкіметтік күштер этникалық өзбектерге қарсы шабуылды қоздырды деп отыр. Құжатта құқық қорғау органдары өзбек диаспорасын қорғай алмады деген баға беріледі.


ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ МА, ӘЛДЕ ҚҰҚЫҚ ҚОРЛАУ МА?

Human Rights Watch ұйымының “Әділет қайда? Қырғызстанның оңтүстігіндегі этникааралық қақтығыс пен оның салдары” деп аталған 91 беттік есебі ел үкіметін бұл жанжалды толық, әрі әділ тергеуге ниет танытпай отыр деп сынаған. Баяндамада ұлтараздықты тудырған шабуылдар кезінде жүздеген мың этникалық өзбектің босып кетіп, мыңдағаны жараланып, жүздегені қаза тапқан қақтығысқа қатысты үкіметтің тергеуі дұрыс жүргізілмей отыр деп айтылған. Қырғыз билігі үкіметтік күштердің қақтығыстағы рөлі мен жауапкершілігін де ескеруі тиіс дейді Human Rights Watch.

Бұл баяндама 200 адамның сұқбаты негізінде жасалып, оған жапа шеккен қырғыздар мен өзбектер, куәгерлер мен заңгерлер, құқық қорғаушылар мен үкіметтің ресми өкілдері және құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлері тартылған. Сонымен қатар баяндамада спутник желісі арқылы түсірілген суреттер мен видео құжаттар да есепке алынған.
Қырғыз полициясы қақтығыс кезінде қолданылған қару-жарақты тәркілеп жатыр. Ош, 24 маусым 2010 жыл

Human Rights Watch ұйымының зерттеушісі, әрі осы есептің авторларының бірі Оле Солванг кейбір қауіпсіздік күштері қақтығысты реттеудің орнына оны ушықтырған дейді. Маман қақтығысты ресми түрде тексерудің бейтарап болатынына күмән келтіреді:

«Онда бірнеше кездейсоқ қамаулар болған. Қамау орындарында жаппай азаптау мен қинау әрекеттері болғанын көріп отырмыз. Тергеудің әділ әрі бейтарап өтетініне күмәнмен қараймыз» деді.

ОШТАҒЫ ТРАГЕДИЯНЫҢ БАСЫ

Бұл қақтығыс маусымның 10-ы күні түнде Ош қаласындағы казинолардың бірінде басталады. Қырғыз жастарымен арада болған төбелестен соң қарымта беру үшін этникалық өзбектер жиналған. Сол күні Ошта қырғыздарды ұрып-соғу, үйлеріне өрт қою белең алады. Жанжалды естіген ауылдық жердегі мыңдаған қырғыз қалаға ағылған. Маусымның 11-інен 12-не дейінгі аралықта жиылған қырғыздар өзбектер тұратын аудандарға лап қояды. Қарсыласқан өзбек тұрғындар өлім құшады, көбі оңбай таяққа жығылады. Қалың топ Ош, Жалал-Абад, Базар-Қорғандағы өзбек үйлері мен дүкендерін талқандап-тонап, өрт қойып жібереді. Қирап, отқа оранған ғимараттардың көбісі этникалық өзбектердікі екені айтылған.

Бұл этникалық қақтығыста 371 адам қаза тапты. Оқиғаның куәгерлері Human Rights Watch ұйымына берген сұқбатында, беттерін жасырып, әскери көліктермен келген адамдар тұрғындар қойған кедергілерді алып тастап, тобырлардың аудандарға кіруіне жол ашқанын айтыпты. Көп жағдайда бронетранспортер көлігімен келген қарулы адамдар тұрғындарды қуып, оқ атып, тонауға жол берді дейді куәгерлер.

ҚАУІПСІЗДІК КҮШТЕРІНІҢ РӨЛІ

Ел үкіметі ашынған қырғыздар біраз қару-жарақ пен көліктерді тартып әкетті дегенімен, ондай уәжге сену қиын дейді баяндама авторлары. Себебі Human Rights Watch жинаған мәліметтерге сәйкес әскери көліктердің көпшілігі үкіметтік күштердің бақылауында болған.

Деректерге қарағанда, кейбір жағдайларда қауіпсіздік күштері тұрғындарды қарусыздандыру арқылы біле тұра ашулы топтың шабуылдарына жол беріп отырған.

Human Rights Watch ресми қауіпсіздік орындарының міндеті тек өзбек аудандарын тінту емес, олардың қауіпсіздігін сақтау болатын дейді.

Ұйымының зерттеушісі Оле Солвангтың айтуынша, жергілікті билік пен халықаралық ұйымдар қақтығыс кезінде үкіметтік күштердің әрекеттерін анықтап, билік адамдарды қорғау үшін не жасады деген сұраққа жауап беру керек.
Өзбектер тұратын ауданды тінтіп жүрген қырғыз полициясы. Ош, 23 маусым 2010 жыл

Маусым оқиғасындағы заң бұзушылықтар бойынша қырғыз билігі 3500-ден аса қылмыстық іс қозғаған. Онда өзбектер тұратын аудандардағы тазалау операциялары кезінде тәртіп сақшылары оларды ұрып-соғып, үйлерін тонағанына дәлел болатын құжаттар бар. Нариман ауылындағы мұндай операцияның бірінде ғана қауіпсіздік күштерінің қолынан 39 адам жараланып, екеуі қаза тапқан.

Үкіметтік күштер Ош қаласындағы өзбектер жиі қоныстанған жерлерге рейд жүргізген кезде бірқатар заңбұзушылықтар болған. Бұл тұрғыда ондаған куәгердің келтірген мәліметіне қарағанда, қауіпсіздік күштері өздерін таныстырмастан және себебін айтпастан адамдарды қамап әкете берген. Және де әуелгі қамауға алынғандардың қайда екендігі туралы айтудан бас тартқан.

Human Rights Watch ұйымының жазуынша, оларға қамауға алынған 60-тан аса адамның азапталып-қиналғаны жайлы хабарланған.

ҚАМАУҒА АЛЫНҒАННЫҢ КӨБІ ӨЗБЕК ПЕ?

Бұл тұста Қырғызстан үкіметі этникалық қақтығыста қамауға алынғандардың кімдер екенін ашып айтпай, олардың арасында қырғыз да, өзбек те бар деп отыр. Адам құқықтарын қорғаушы ұйымның айтуынша, қамалғандардың басым бөлігі этникалық өзбектер.

Қырғызстандағы қақтығысты егжей-тегжейлі зерттеген Human Rights Watch ұйымы адамдардың көбі кездейсоқ ұсталып, азаптауға ұшыраған деген мәселені көтереді.

Бірақ, Бішкектегі орталық үкімет те ресми мәлімдемелер жасап, жергілікті билік өкілдерін заңбұзушылықты тоқтатуға шақырған. Тамыз айында ақпарат құралдарына берген сұқбатында президент Роза Отунбаева да заңбұзушылықтардың болғанын мойындады. Ал Оштағы заң орындарының қызметкерлері Human Rights Watch өкілдерімен кездескенде, заңбұзушылықтар туралы айтылғандарды жоққа шығарған.
Қырғыз полициясы жергілікті тұрғынды тінту кезінде тапанша тауып алды. Ош, 17 маусым 2010 жыл

Human Rights Watch зерттеушісі Оле Солвагтың пікірінше, Оштағы қақтығыс кезінде қырғыз бен өзбектерге қарсы жасалған қылмыстарға қатысы бар адамдар шеніне немесе ұлтына қарамастан тергелуі керек. Бірақ Қырғызстанның құқық қорғау орындары жергілікті және халықаралық заңдарды сыйламаса, тергеу көп жайттың бетін аша алмайды. Билік қамау орындарындағы заңсыздықты тез арада тоқтатуы тиіс дейді адам құқығын қорғаушылар. Мұндай заңбұзушылықтар жалғаса берсе, онсыз да шиеленісті болып тұрған жағдай ушығып кетеді дейді олар.

Human Rights Watch ЕҚЫҰ-ын кеңес беруші полиция күштерінің аздаған тобын Қырғызстанның оңтүстігіне орнатуды тезірек қолға алуға шақырған. Сонымен қатар адам құқықтарын қорғаушы ұйым БҰҰ-на да қайрылып, Қырғызстандағы маусым қақтығысы мен оның салдарын халықаралық ұйымдар арқылы тергеуге шақырды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG