Accessibility links

Қырғызстанның оңтүстігіндегі ұлтаралық түйткіл түйіні шешілмей тұр


Қырғыз елінің оңтүстігінде 300-ден астам адам құрбан болған этникалық қақтығыстан бері қырық күннен асты. Мұндағы этникалық өзбектер мен қырғыздардың жарастығын қалпына келтірудің кейбір қадамдары да жасалды. Дегенмен де жергілікті тұрғындардың қалыпты өмірге оралуын қиындататын келеңсіз жайттар азаймай тұр.


ҚАЛЫПТЫ ТІРШІЛІКТІҢ АЗ-КЕМ СӘУЛЕСІ

Маусымдағы қақтығыстардың орталығы болған Ош қаласына жан бітіп, тіршілік орнына түсіп келеді, көшелерде көлік қозғалысы, тіпті кептелісі де байқалып қалды. Кейбір аумақтарда тұрғындар өртеніп, орны ғана қалған баспаналарын қайта қалқайтып жатыр.

Десе де, қара қошқыл түтіннің иісі әлі де мұрныңызға келеді, бұзылған құбырлардан сыртқа ағып жатқан суды, қираған үйінің ауласына тігілген шатырларда отырған жұртты да жиі көресіз.
Қабырғадағы жазу. Ош, 15 шілде 2010 жыл

Маусым айында этникалық өзбектер мен жергілікті қырғыздар арасындағы қақтығыстан 300-ден аса адам қаза тауып, жүздеген мың тұрғын баспанасыз қалып, талай ғимарат қирады. Үкімет қос қауымдастық арасындағы бұрынғы сенім-сыйластықты қалпына келтіру үшін қажет шараның бәрін де жасаймыз деп айтқан болатын.

Алайда бір айдан асып кетсе де, жандарына жара, қабақтарына кірбің түскен бір қаладағы екі топтың өзара сенім тұғыры нығая қоймаған.
Есесіне түрлі айыптаулардың айтылуы, әлдекімдердің жоқ болып кетуі, күшпен ұрлануы сияқты жайттардың жалғасуы екі жақты да ширықтырып отырғандай.

Өткен айдағы құрбандардың басым көпшілігі өзбектер болған. Шекара асып, Өзбекстандағы босқындар лагерін паналаған жүздеген мың адамның да көбі «бізге қырғыз полициясы мен әскер қосындары шабуыл жасады» деп шағымданған өзбектер еді.

МЕМЛЕКЕТТІК БАҚ-ТАР БАҒЫТЫ

Дегенмен де мемлекет бақылауындағы БАҚ-тар хабарларында маусымдағы қақтығыс оқиғалары үшін өзбектерді айыптау бағыты басым. Мұның өзі көшеге шыққан өзбектердің үрейі мен қорқынышын ұлғайтып, олар өздерін қырғыздар арасында қатерде жүргендей, тұтқында қалғандай сезінуге мәжбүр.
Батыс Еуропа дипломаттары жергілікті тұрғындармен кездесіп жатыр. Ош, 16 шілде 2010 жыл

Қауіпсіздігіне алаңдағандықтан, өзінің аты-жөнін атағысы келмеген шетелдік бақылаушы теледидарда журналистер сұхбат алып, сөйлетіп жатқандардың арасынан бірді-бір өзбекті көрмегенін айтқан.

-Мен сөйлескен бір әйел «теледидардан біздің үйімізді көрсетті, сосын сол үйдің жанында тұрған қырғыз әйелін көрсетіп, әлгі әйел мына менің үйімді 40 өзбек келіп өртеп кетті» деп айтып тұрғанын естігенде таңданысымызда шек болмады деп айтты. Шындығында қирап, өртеніп кеткен баспаналардың 90 пайызы өзбектікі болса да, ол жөнінде теледидардан бір өзбек айтқан емес,- дейді бұл шетелдік бақылаушы.

ЖОҚ ІЗДЕГЕН ӨЗБЕК ПЕН ҚЫРҒЫЗ

Жағдайды қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқанымен, шиеленісті жайттар да толас табар емес. Қауіпсіздік күштері өзбек махаллаларында тазалау операцияларын жүргізіп тұрады. Тұрғындардың кейбірінің айтуынша соққыға жығылып, қамалған жас азаматты туыстары мен достары ақша беріп шығарып алуға мәжбүр.

Ұлттық қауіпсіздік күштерінің жергілікті бас штабына келіп туыстары мен таныстарының тағдыры жайлы білгісі келіп сұрап жүретіндер де кездеседі. Бір әйел мұнда бес аптадан бері күйеуі жайында сұрастырып, еш хабар біле алмай жүрсе, екі ұлынан хабарсыз қария да осы арадан ұзамайды.
Жергілікті тұрғындар наразылық жиынында. Ош, 12 шілде 2010 жыл

Аймақтық әкімшілік ғимаратынан бірқыдыру жерде топталып жиналған қырғыздар көзге шалынады. Олар шатыр мен киіз үйлер тігіп, керегелеріне жоғалған туыстарының суреттерін іліп қойған. Қайғылы жұрт хабар-ошарсыз кеткен туыстарын қауіпсіздік күштерінің маххалаларды сүзіп, тазалау операциясын жүргізгеніне өзбектер есе қайтару мақсатында кепілдік тұтқынында ұстап отыр деп біледі.

Үй ғимараттары өртеніп кеткен қырғыз қауымдастығында кездескен Шекер Дилқанова деген келіншек осы бертінде ғана салып бітірген үйін өткен айдағы қақтығыста өзбектердің өртеп жібергеніне шағымданды.

-Бұл жерде 19 отбасы тұрамыз. Солардың бес-алтауы жаңадан үйлерін тұрғызып жатыр еді, соның үшеуі түгел өртеніп кетті. Біреуінің іші толығымен жанып кетті, үстіміздегі бір көйлекпен қалдық,-деген Шекер Дилқанова.

Билік мұндағы үйлерді қайта тұрғызып береміз деп уәде бергенімен де, тұрғындардың суық түскенше баспаналы боларларына үміттері аз.

БІР ҮМІТ, БІР КҮДІК

Мұнда ұлтаралық өзара түсіністік жағдайы туралы сөз де көп айтылмайды. Оштың орталығында бір топ жас қырғыз азаматы маусымдағы қанды қақтығысты бастаған өзбектер десе, олардың біреуі қақтығыстың алдын алуға билік еш шара қолданбады деп айыптайды.

-Егер үкімет түк істемесе, адамдар қимылға көшеді. Біз өз қауіпсіздігімізді және жерімізді өзіміз қорғайтын боламыз,-дейді бұл қырғыз азаматы.

Шарқ өзбек ауылындағы Кәрім деп атын ғана айтумен шектелген бір азамат өзбектердің көпшілігі Ресейге кетіп жатыр дейді. Ол ЕҚЫҰ-ның тамыз айында қарусыз келетін полиция күштері тәртіп орнатып, жағдайдың қалпына келуіне көмектеседі деп үміттенеді.

- Мүмкін олар бізге көмектесер деп, халықаралық ұйымдарға үміт артамыз,- деген ойын білдірді өзбек азаматы Кәрім.
Кішкентай Ош тұрғыны

Ал Азаттық радиосы қырғыз редакциясы тілшілерінің дүйсенбі күнгі хабарларына қарағанда ЕҚЫҰ-ның полиция күштерін елге кіргізуге наразылық акциялары аптаның алғашқы күнінде Ош пен Бішкек қалаларында өткен.

Бішкектегі жоғары билік болса, маусымдағы қақтығысты үкімет құрамында тұрақтылықты қаламағандардың ниетінен туған әрекет деп біледі. Билік қыркүйек не қазан айының басына қарай елде өткізілер парламенттік сайлау – демократиялық парламенттік жүйенің бастауы болып, Қырғызстанға тұрақтылық әкеледі деген үмітте.

Дегенмен де биліктің жергілікті қауіпсіздік күштеріне бақылау жасай алмай отырғанының кейбір көріністері мен қырғыздың оңтүстігінде жағдайдың ширығып тұруы қақтығыстар қайталанып, бүкіл елді бей-берекеттік пен шарасыздыққа душар ете ме деген қорқынышқа да жетелейді.
XS
SM
MD
LG