Accessibility links

Күйеуі "бала таппаған әйелін атты" деп айыпталды


Жаралаған Гүлсика төсек тартып жатыр. Ауғанстан, Кабул, 10 маусым 2012 жыл.

Жаралаған Гүлсика төсек тартып жатыр. Ауғанстан, Кабул, 10 маусым 2012 жыл.

Оқ тиіп жараланған 20 жастағы ауған келіншегі Гүлсика Кабулдағы бір үйде жасырын емделіп жатыр. Күйеуі қамауға алынып, «әйелін атты» деген айып тағылған. Қазір сотты күтіп отыр.

Гүлсика 13 жасында атастырылып, еркінен тыс ұзатылған. Айтуынша, некесі қиылған соң, алғашқы он күні көңілді өтіпті. Содан кейін қорлық басталған.

«ІШЕКТЕРІМ ЖЕРГЕ ТӨГІЛДІ»

«Азат Ауғанстан» радиосына сұхбат берген Гүлсика «күйеуім мені бала көтермегенім үшін атты» дейді.

- Қарнымнан ішектерім шығып, жерге төгілді. Қайын енем қайтадан орнына тығып, ішімді шүберекпен орап қойды. «Жылама» деді. Дем ала алмай қалдым, - дейді ол.

Гүлсиканың басындағы бұл жайтты жарыққа шығарған - Ауғанстанның адам құқықтарының тәуелсіз комиссиясы. Бұдан бірнеше ай бұрын үйінде қорлық көрген тағы бір жас ауған келіншек туралы хабар тарады. Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары «15 жасар келіншекті күйеуі мен қайын жұрты азаптап, бірнеше ай жертөледе қамап ұстаған» деп хабарлаған еді.

БҰҰ әйелдердің даму қорының мәліметінше, ауған әйелдерінің шамамен 90 пайызы зорлық-зомбылық көріп отыр. Ауғанстан - әйелдер үшін ең қауіпті елдердің бірі.

«ҰЗАҚ ЖЫЛҒА СОТТАСА ЕКЕН»

Гүлсиканың айтуына қарағанда, күйеуінен бөлек, қайын енесі де «бала көтермегені үшін» айыптап, қорлайды екен.

Ағасы Гүлсиканы дәрігерлерге көрсетіпті. Медицина мамандары «Бала көтермеуіңе күйеуің кінәлі» деген.

- Дәрігерлер ультрадыбыстық зерттеу жүргізді. Менен ешқандай проблема табылмады. Қайын енеме «Бала көтере алмауыма кінәлі емеспін, енді балаңызбен айналысыңыз» дедім, - дейді Гүлсика.

Гүлсиканың жарасы әлі жазыла қоймаған, дұрыс жүре алмайды. Ол «Күйеуімді ұзақ жылға соттаса екен» деп үміттенеді.

- Енді өлтірсе де, күйеуіме қайтып бармаймын. Олар маған ешқашан жақсылық тілемейді. Ұрып-соғып, қинайтын. Көп қорлық көрдім. Енді мені ешкім мәжбүрлемейтін шығар. Бұдан кейін мүлде тұрмыс құрғым келмейді,- дейді ол.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG