Accessibility links

Ауған сайлауында заң көп бұзылды


Сайлау кезегінде тұрған ауған әйелдері. Ауғанстан, 14 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Сайлау кезегінде тұрған ауған әйелдері. Ауғанстан, 14 маусым 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ауғанстандағы сайлаудың екінші туры өтті. Ресми нәтиже жарияланбай жатып заңның жаппай бұзылғаны туралы деректер көп. Елдің демократияға басқан алғашқы қадамына қатысты күмән күшейіп келеді.

Ауғанстан сайлау комиссиясының шенеуніктері екінші турдың да сәтімен өткенін мәлімдеуге асықты. Бірақ сайлау тәртібін жаппай бұрмалау туралы деректер істің тыныш бітпейтінін аңғартады.

БІРІН-БІРІ АЙЫПТАҒАН ҚОС КАНДИДАТ

Абдулла Абдулла мен Ашраф Ғани маусымның 14-і күні өткен сайлау үстінде заңның көп бұзылғанын айтысып, бірін-бірі айыптады. Екеуінің де жеңіске жету үшін аянбайтын сыңайлары бар.

Шынымен де сайлаудың екінші айналымының күмәнді тұстары көп. Жұрт маусымның 14-і күні дауыс берді. Бірақ бюллетень санау әлі жалғасып жатыр. Дауыстарды бұрмалауға қатысты мыңдаған шағымның не болып жатқаны да белгісіз. Осылайша Ауғанстанның жаңа президенттік дәуірге дау-дамайсыз өте салмайтыны анық болды.

Абдулла маусымның 18-і күні «бақылаушылар тобының сайлауды жаппай бұрмалау оқиғаларын тіркегенін» айтып, Ғанидің сайлау тәртібін бұзғанын алдын ала «әшкерелеуге» тырысты. «Бұдан ары Ауғанстанның Тәуелсіз сайлау комиссиясына (ТСК) сенбейтінін» айтқан Абдулланың тобы дауыс санағын бақылауды тоқтатты.
Ашраф Ғани.

Ашраф Ғани.

​Ғани болса, саяси партияларды «дауыс санау процесін құрметтеуге» шақырып, оны тоқтатпақ болған Абдулланы айыптады.

Абдулла тіпті ауған сайлау жүйесіне сенбейтінін көрсете түсіп, «Дауыстарды БҰҰ комиссиясы санасын» деген ұсыныс жасады. Ғанидің баспасөз хатшысы Захир Зохаир оған сайлау нәтижесі «ауған заңына сай шығарылуы тиіс» екенін айтып, «заңнан жоғары ештеңе жоқ екенін» ескертті.

Екі жақтың сөз сайысы бақылаушылардың саяси дағдарыс ұзаққа созылып кете ме деген қаупін ұлғайтып тұр. Кабулдегі халықаралық дағдарыс тобының аға сарапшысы Грэм Смит «Өкінішке орай, нәтижені анықтау кезінде екі жақтың бітпес дауына куә болатын сияқтымыз» дейді.

ТӘУЕЛСІЗ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫ КҮМӘН ТУДЫРДЫ

Жалпы алғанда сайлаудың екінші айналымына халық жақсы қатысты, қауіпті аймақтарда тұратын азаматтар да, әйелдер де дауыс берді. Бірақ алаяқтыққа қатысты мәліметтердің шеті көрініп қалып жатыр.

Сайлау бөлімшелерін жапқан соң ТСК жетекшісі Юсуф Нуристани «7 миллионнан астам азамат дауыс берді» деді. «Сайлаушылар бірінші айналымға қарағанда белсенді болды» деген ол, «алаяқтық оқиғалары да алғашқы кезеңмен салыстырғанда аз болды» деп мәлімдеді. Бұған жұрт таңғалды, себебі сәуірде өткен бірінші кезеңге қарағанда, бұл жолы дауыс берген сайлаушылар аз болуы керек еді.

Сайлау күні бірқатар баспасөз құралдары ірі қалаларда азаматтардың сайлауға аз келгенін жазды. Ауылдық аймақтарда сайлау бөлімшелерінің көбі бос тұрғаны, тек сайлау штабы мен бақылаушылардың отырғаны айтылып жатты.

Ауғанстандағы еркін және әділ сайлау форумы (FEFA) мен Ауғанстанның ашық сайлау қоры (TEFA) сияқты бақылау ұйымдары бірінші кезеңмен салыстырғанда адам аз келгенін мәлімдеп, алаяқтық оқиғалары көп болғанын хабарлады.
TEFA басшысы Наим Аюбзада. Кабул, 14 сәуір 2014 жыл.

TEFA басшысы Наим Аюбзада. Кабул, 14 сәуір 2014 жыл.

TEFA басшысы Наим Аюбзада (сайлау күні бұл ұйым 8 мың бақылаушы шығарды – ред.) «Тәуелсіз комиссия сайлаушылар санын асырып айтты, олар 5-6 миллионнан көп болған жоқ» деді.

Ауғанстанның шығысы - Ғаниді қолдайтын аймақ. Бақылаушылар бұл аймақта да жұмыс істеді. TEFA басшысы Аюбзада «Хост, Пактия, Пактика, Нангархар және Логар сияқты шығыс провинцияларда берілген дауыс саны аймақтағы ересек тұрғындар санынан да асып кетті. Бұл алаяқтық болғанын көрсетеді» дейді.

FEFA жетекшісі Надер Надери (ұйым сайлау күні 9 мың бақылаушы шығарды – ред.) «шығыс аймақтарда дауыс саны сайлаушылар санынан екі-үш есе көп болды» деп мәлімдеді. Ол «бұл - алаяқтық нәтижесі» деп түйіндеуге әлі ерте екенін ескертіп, бірақ «түйткіл бар екенін» хабарлады.

Ал Ғани тобы «жұмылып әрекет еткеніміздің арқасында осындай нәтижеге жеттік, әсіресе әйелдерге көп насихат жүргіздік» деді. Сайлау комиссиясының дерегі бойынша, елдегі сайлаушылардың 38 пайызы - әйелдер. Бірақ бұл аймақтарда әдетте әйелдер сайлауға мұншалық белсенді қатыса бермейді. Сондықтан, Ғани тобының сөзі де күдікті.

2009 жылғы сайлау кезінде де осы аймақта алаяқтық әрекеттер көп тіркелген еді. TEFA жетекшісі Аюбзада «әйелдерге арналған сайлау бөлімшелері - алаяқтық жасауға қолайлы жер» дейді.

АБДУЛЛАНЫҢ АМАЛЫ

Сайлау күні тек қана әйелдерге арналған дауыс беру бөлімшелері жұмыс істеді. Бірақ Ауғанстанда әйел мамандар ежелден аз. Сондықтан, бұл бөлімшелерде де дауыс беру процесін қадағалап, дұрыс ұйымдастыратын әйелдер жетіспеген. Осыдан келіп бұл жерлердегі тәртіпті қадағалау да қиындаған. Оның үстіне, Ауғанстанда үй шаруасынан шыға алмаған әйелден сенімхат алған туысы оның орнына дауыс бере алады.
Абдулла Абдулла.

Абдулла Абдулла.

FEFA бақылаушылары сайлау күні әйелдерге арналған 114 бөлімшеде ер адамдардың жүргенін көрген. Ал 377 сайлау бөлімшесіне кәмелеттік жасқа толмаған азаматтар келген. Сайлауды бақылаған екі ұйым - FEFA мен TEFA сайлау кезінде барлық аймақтарда алаяқтық әрекеттер жасалғанын ескертті.

Абдулланы елдің солтүстігіндегі Балх және Бағлан провинциялары қолдайды. Бақылаушылар бұл аймақтарда да заң көп бұзылғанын айтады. Ал Абдулланың өзі шығарған бақылаушылары ел астанасы Кабул мен батыстағы Герат, орталықтағы Парван провинцияларында «алаяқтық әрекеттер аз болды» деп хабарлады.

Ауғанстанның сайлау шағымдарын қабылдау комиссиясына алаяқтық пен басқа да заң бұзу оқиғаларына қатысты 2 558 шағым түскен. Осы арыздардың 991-інде Тәуелсіз сайлау комиссиясының жұмысына шағым айтылған.

Сайлау комиссиясының төрағасы Зияулхақ Амархил бюллетень санын көбейткен деген күдікпен тергеуге алынды. Маусымның 14-і күні Амархилді ТСК штаб-пәтерінен бюллетень тиеген бірнеше көлікпен шығып бара жатқан жерінен Кабул полициясының бастығы, генерал Захир тұтқындады.

FEFA сайлау күні жариялаған мәлімдемесінде «бақылаушылардың әртүрлі тәртіп бұзу әрекеттерін тіркегенін, заң елдің барлық аймақтарында бұзылғанын» айтты. Ұйым бақылаушылары кейбір сайлау бөлімшелерінде үкімет пен қауіпсіздік қызметі өкілдерінің де тәртіпсіздік пен алаяқтыққа үлес қосқанын байқаған.

Бірінші кезеңде 45 пайыз дауыс жинаған Абдулла да бұрнағы жылдары сайлау дауын шығарып, күдікті әрекеттерімен көзге түскен еді.

2009 жылғы сайлау кезінде ол «жинаған» 1 миллионнан астам бюллетень жарамсыз деп танылып, қазіргі президент Хамид Карзай жеңген еді. Сол жолы екінші айналымға өтіп тұрған Абдуллаға ауған саяси қайраткерлері мен шетелдік лауазымды тұлғалар қысым жасап, сайлаудың соңы қақтығысқа ұласпау үшін оны сайлаудан бас тартуға мәжбүрлеген болатын.

Сол оқиға биыл тағы қайталанып келіп тұр. Бұл жолы Абдулла күрессіз берілмейтінін байқатты.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG