Accessibility links

Головкиннің қарсыласын бапкері құтқарды


Геннадий Головкин (оң жақта) мен Келл Брук арасындағы жекпе-жек. Лондон. 10 қыркүйек 2016 жыл.
Геннадий Головкин (оң жақта) мен Келл Брук арасындағы жекпе-жек. Лондон. 10 қыркүйек 2016 жыл.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин өзінің 36-шы жекпе-жегінде ұлыбританиялық Келл Брукті бесінші раундта айқын жеңді.

Орта салмақ бойынша WBA (Super), IBO, WBC және IBF чемпиондығын қорғау жекпе-жегі Лондондағы 20 мың адам сыятын O2 Arena кешенінде өтті. Қос боксшы да бұл кездесуге дейін кәсіпқой рингте жеңілмеген. Кейбір мамандар "Брук - Головкиннің карьерасындағы ең қауіпті қарсылас" деп бағалаған. Брук - 36, Головкин 35 мәрте жекпе-жекке шығып, барлығында басым түскен. Брук - 25, Головкин - 32 қарсыласын уақытынан бұрын, айқын басымдықпен жеңген еді.

Қыркүйектің 11-іне қараған түнде өткен кездесуді Головкин бірден белсенді бастады. Бірінші раунд ортасында ол қарсыласына бірнеше джеб пен хук соққы дарытып, жағы мен бауырынан ұрып үлгерді. Кейін шабуылын азайтып, қорғанысқа көшкендей болды. Головкиннің сәл тынышталғанын байқаған Брук қарсы шабуыл жасауға тырысып, бір мәрте апперкот соққысын дәл тигізді. Бірақ Головкиннің қорғанысын бұза алған жоқ. Үшінші раундты Головкин бірден белсенді бастап, қарсыласының бетіне бес-алты соққыны дәл тигізді. Ауыр соққылардан кейін Бруктың оң көзінің асты жырылып, ісіп кетті. Төртінші раундта екі жақ та бірнеше мәрте оңтайлы соққы жасады.

Бруктың бапкері Доминик Ингл рефериден кездесуді тоқтатуды сұрап тұрған сәті. Лондон. 10 қыркүйек 2016 жыл.
Бруктың бапкері Доминик Ингл рефериден кездесуді тоқтатуды сұрап тұрған сәті. Лондон. 10 қыркүйек 2016 жыл.

Ал бесінші раундта Головкин қарсыласын бастырмалатып ұра бастады. Соққыдан көз ашпаған ұлыбританиялық боксшы шарасыз түрде басын бұға қорғанып жатқан. Осы сәтте ринг шетінде тұрған Бруктің бапкері Доминик Ингл қолындағы орамалын бұлғап рефериден жекпе-жекті тоқтатуды сұрады. Кейін ол қолындағы орамалды рингке лақтырғанда төреші қос қолын айқастыра көтеріп, кездесу аяқталғаны туралы белгі берді.

Осылайша, 34 жастағы Геннадий Головкин орта салмақ дәрежесінде(160 фунт – шамамен 73 кг) WBA (Super), IBO, WBC және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалды. Ал 30 жастағы Келл Брук өз карьерасында алғаш рет жеңілді.

"ЖАТТЫҒУДА ЖҮРГЕНДЕЙ СЕЗІНДІМ"

Кездесуден кейін Геннадий Головкин: "Лондонға алғыс. Келл менімен кездесуден жасқанған жоқ. Сол үшін оған құрмет. Бірақ ол мені еш таң қалдырған жоқ. Өзімді жаттығуда жүргендей сезіндім. Мен бәріне ашықпын. Кез-келген боксшымен кездесуге дайынмын" деді.

Головкин мен Брук кездесуінен көрініс. Лондон. 10 қыркүйек 2016 жыл.
Головкин мен Брук кездесуінен көрініс. Лондон. 10 қыркүйек 2016 жыл.

Ал Головкиннің бапкері Абель Санчес Брукті бапкерлерінің құтқарып қалғанын “дұрыс шешім” деп бағалады.

Кездесуден кейін Келл Брук "Екінші-үшінші раундта қатты соққы тиді. Бұл кездесуде толық ашыла алмадым. Бесінші раундта соққы жасап жатқанда көз алдымда бірнеше Головкин жүрді. Дегенмен, мен онымен тағы да жекпе-жекке шығуға дайынмын. Мен рингке қайта ораламын" деді.

Осы жекпе-жек үшін Головкин мен Бруктың әрқайсысы үш миллион фунт стерлинг (4 миллион доллардан астам) гонорар алды. Бұл - екі боксшының карьерасындағы рекордтық сыйақы.

Кездесу алдындағы салмақ өлшеу рәсімінен кейін ұлыбританиялық Sky Sports басылымы "Головкин жаңа оянғандай көрінді. Бірде-бір рет күлген жоқ. Оның денсаулығында кінәрат бар сияқты. Брук үшін жеңіске жетуге мүмкіндік бар" деп жазған. Ал Брук: "Головкиннің көзінен қорқыныш көрдім. Ол менің алдымда өзін жайсыз сезінді" деген еді. Головкиннің өзі салмақ өлшеу рәсімінен кейін журналистерге сұхбат беруден бас тартқан. Алайда Головкиннің проумоутері Абель Санчес: "Головкиннің жағдайы жақсы. Ол тек Брукке сәл болса да ашылып сөйлеуге мүмкіндік берді. Кездесуде ол бірінші минуттан бастап жұмысын істейді" деп жауап берген.

Головкин Брукпен кездеспес бұрын WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы мексикалық Сауль Альвареспен жекпе-жек өткізуі тиіс еді. Бірақ Альварес кездесуден бас тартып, өз еркімен WBC чемпиондық белбеуін Головкинге берді. Головкин орта салмақта әлемнің абсолют чемпионы болу үшін WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы жетіспейді. Бұл атақ ұлыбританиялық Билли Джо Сондерске тиесілі. Қазақстандық кәсіпқой боксшы осыған дейін Сондреспен кездесуге толық дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген. Бірақ ұлыбританиялық боксшы әзірге жауап берген жоқ.

XS
SM
MD
LG