Accessibility links

Цензураға қарамай Қытайда интернет қолданушылар көбейіп барады


Интернет-кафеде отырған қытай жастары. Қытай, 30 желтоқсан 2010 жыл.

Интернет-кафеде отырған қытай жастары. Қытай, 30 желтоқсан 2010 жыл.

Шетелдік басылым Қытайдағы интернеттің дамуы жайлы мақала басты. Қазір Қытайдағы қала тұрғындарының 78 пайызы интернетті тұрақты қолданады.

The Daily Telegraph қарашаның 6-сы күні жариялаған мақала автордың шанхайлық Луин атты кәсіпкер әйелден алған сұхбатымен басталған.

«ҚЫТАЙ ЖАСТАРЫ ИНТЕРНЕТКЕ ЫНТЫҚ»

Луин - жекеменшік интернет-кафенің иесі. Таңғы сағат сегізден кешкі тоғызға дейін жұмыс істейді. 14 жасар қызы бар.
Интернет-кафе. Қытай, 15 қаңтар 2009 жыл. (Көрнекі сурет)

Интернет-кафе. Қытай, 15 қаңтар 2009 жыл. (Көрнекі сурет)


«Қытайда жеке кәсіппен шұғылдану оңай емес. Құлшыныс туғызатын ештеме жоқ. Салық өте жоғары. Өмір сүру өте ауыр» дейді ол.

Луин осыған қарамастан қазір Қытайда «guanxi» ұғымы сәнге айналғанын айтады. «Guanxi» адамдар арасындағы қарым-қатынас этикасын білдіретін ұғым. «Бедел», «әлеуметтік мәртебе», «тартымдылық» деген сөздермен сипаттауға болады.

Кәсіпкердің айтуынша, Қытай жастарының жалақысы шамамен 3-4 мың юань (300-400 доллар) болғанымен, көбі Батыс елдерінде шығатын қымбат заттарды сатып алуға ынтық, өркениет игіліктерінен шет қалмауға тырысады. Сол игіліктің бірі - интернет.

Интернет-кафе ашқан Луин бизнесінің ұтымды екенін де айтып өткен.

«ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ІРІ КӨРСЕТКІШ»

Мақала авторы Сучжоу (Қытайдың Цзянсу аймағындағы қала - ред.) бекетіне тоқтағанда да интернет-кафеде ойын ойнап, кейбіреулері қалғып отырған 100-ге жуық жастарды көрген.

The Daily Telegraph осыған орай Қытайдағы интернет ақпараттарын бақылайтын CINIC орталығының мәліметін береді. Ол мәлімет бойынша, Қытайда 538 миллион интернет-қолданушы бар. Бұл - қала тұрғындарының 78 пайызы, ал бүкіл Қытай халқының 40 пайызы. Бұл - әлем бойынша ең ірі көрсеткіш. Жеке адамның белсенділігі қолдау таба бермейтін қоғамда жастар өз көзқарасын білдіруге мүмкіндік беретін интернет саласына қызу араласты.

Мақала авторы келтірген деректер бойынша, интернет-қолданушылардың тең жартысы - 25-ке толмаған жастар. Орташа есеппен алғанда, олар аптаның 16 сағатын интернетте видео көріп, музыка тыңдап немесе ойындар ойнап өткізеді. Шанхайдағы жасөспірімдер өмірін зерттейтін орталықтың 2010 жылы жариялаған мәліметі бойынша, Қытай жастарының көбі бос уақытында интернетте отырғанды жақсы көреді.
Балаларға қысым көп. Мұғалімдер оқушыларды шамадан тыс көп оқытады. Баланың бос уақыты сабақпен өтеді.

Луиннің айтуынша, «Бір шаңырақ - бір бала» саясатының кесірінен қаладағы балалардың бірге ойнайтын тетелес бауырлары жоқ. Олар үшін интернет - қарым-қатынас құралы әрі түрлі қысымнан құтылудың жолы.

Луин «Қытайдағы балаларға да қысым өте көп» дейді. Оның айтуынша, мектепте мұғалімдер оқушыларды жоғары оқу орындарына түсіру үшін шамадан тыс көп оқытады. Балалардың бос уақыты сабақ оқумен өтеді.

- Менің қызым сурет салғанды жақсы көреді. Оған «суретті таста, математикамен айналыс» деп айтуым керек пе? Қызымның талантын тұншықтырғым келмейді, - дейді ол.

Қазір Луин мен күйеуі қыздарын Америкада оқыту жайлы ойланып жүр.

752 МИЛЛИОН КЛИЕНТ

Мақала авторының зерттеуінше, Қытайлық Tencent интернет компаниясы көлемі жағынан Қытайда - бірінші, әлемде екінші орында тұр. Бұл компанияны Пони Ма есімді кәсіпкер 1998 жылы құрған. Фирманың табысы 6 жарым миллиард долларға жетті.

Бұл компанияның негізгі драйвері - QQ деп аталатын платформа. Ол платформамен жылдам хат алмасып, ойын ойнап, видео көріп, барлық әлеуметтік желілерге кіруге болады. QQ-ге 752 миллион адам тіркелген. Бұл - Қытайдағы интернет қолданушылардың 90 пайызы.

Қытайда Twitter сияқты Tencent Weibo желісі де бар.

Қытай тіліндегі Google беті. 23 наурыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Қытай тіліндегі Google беті. 23 наурыз 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

- Интернет қазір Қытайда негізгі әлеуметтік желіге айналып үлгерді. Осының арқасында қытайлық жастар өте ашық болып, кез-келген ақпаратты қабылдауға бейімделіп келеді. Олар сыртқы әлемнің жаңа әрі сәнді өнімдерін тұтынғысы келеді. Оған қоса әлемдегі әртүрлі өмір салттарымен танысқанды қалайды, - дейді QQ редакторының орынбасары Ян Ручинь есімді әйел.

Қазір Tencent-тің Пекин мен Шэньчжень (Гуаньдун провинциясы - ред.) қаласында орналасқан екі ірі кеңсесінде 20 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Компанияның елдегі басқа қалаларда және шетелдерде жұмыс жасайтын қызметкерлері де бар. «Олардың орташа жасы – 28 жас» дейді компания басшылары.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG