Accessibility links

Қырым татарлары белсендісін азаптап өлтірген


Қырым татарлары белсендісі Решат Аметовты жерлеу. Симферополь, 18 наурыз 2014 жыл.

Қырым татарлары белсендісі Решат Аметовты жерлеу. Симферополь, 18 наурыз 2014 жыл.

Белсенді Решат Әметовті өлтірмес бұрын азаптағаны анықталды. Бұл оқиға Қара теңіздегі түбекте тұратын мұсылман қауымы арасында үрей тудырды.

Қырым түбегіндегі мұсылман қауымы наурыздың 18-і күні белсендінің өлімін аза тұтты. Бұл оқиға олардың болашақтарына қатысты алаңдаушылықтарын күшейтті.

Наурыздың 16-сы күні Симферопольде туған 39 жастағы Решат Әметовтің мәйіті табылды. Ол екі апта бұрын, наурыздың 3-і күні Ресей жасақтарының Қырымдағы әрекеттеріне қарсы шеруге қатысқаннан кейін жоғалып кеткен.

Жергілікті белсендінің денесін полиция Қырым астанасынан 60 километр жердегі орман маңынан тапты. Оны өлтірер алдында азаптағаны анықталды.

СКОТЧ ПЕН КІСЕН

Қырымдағы «АТР» телеарнасы Әметовтің жоғалар алдында түскен видеосы деп қарсылық шеруі болған күні ресейшіл сарбаздардың алдынан өтіп бара жатқан адамды көрсетті.

Видео Симферопольдің Ленин алаңындағы Қырым министрлер кеңесінің ғимаратының алдында, яғни шеру өткен жерде түсірілген.

Видеода Әметов жасыл әскери форма киген қарулы топқа жақындайды. Айырма белгілері жоқ униформа киген екі ер адам оны әрі қарай алып кеткен.

Решат Әметовтің туыстары жерлеу кезінде жылап тұр. Симферополь, 18 наурыз 2014 жыл.

Решат Әметовтің туыстары жерлеу кезінде жылап тұр. Симферополь, 18 наурыз 2014 жыл.

Жергілікті ақпарат құралдарының баяндауынша, Белогорск ауданының Земляничное селосы маңынан табылған Әметовтің денесінен оны азаптап өлтіргені байқалады. Басы скотчпен байланып, аяғына кісен салынған.

Наурыздың 18-і күні Симферопольде өткен Әметовті жерлеу рәсімінде Қырым татарларының болашақтарына қатты алаңдайтындары сезіліп тұрды.

Қырым татарлары – түркі тектес этникалық және діни азшылық, Қырым түбегінің автохтонды халқы. 250 мыңдай қауымның көп бөлігі наурыздың 16-сы күні өткен даулы референдумға бойкот жариялады деген ақпарат тарады. Онда Қырым Украинадан бөлініп, Ресейге қосылуды таңдаған еді.

«ҚЫРЫМ ТАТАРЛАРЫНА ҚАУІПТІ»

1944 жылы Қырым татарларының бір бөлігі Орталық Азияға депортацияланған. Украинадағы қазіргі дағдарыс кезінде көптеген татарлар «Қырым түбегіндегі этникалық көпшілік – орыстардың қудалауына ұшыраймыз ба» деген үрейін білдіріп жатыр.

Қырымда жүрген Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Андрей Шароградский наурыздың 18-і күні телефон арқылы «қазір Қырымда Ресейге қосылуға жария түрде қарсылық білдірудің қауіпті» екенін айтты.

Қырымдағы «өзін-өзі қорғау жасағының» бронды көлігі.

Қырымдағы «өзін-өзі қорғау жасағының» бронды көлігі.

​- Мұнда «өзін-өзі қорғау жасақтары» деген топ бар. Олар нашар ұйымдастырылғанымен, басқыншылық ниеттері күшті. Олардың қасында тұрып Ресейдің Қырымды қосып алуына қандай да бір наразылық білдіру тым қауіпті. Әсіресе Қырым татарларына қауіпті, - дейді Шароградский.

Шароградский сөйлескен Қырым татарлары қорқатындарын ашық айтқан.

- Бір ер адам Симферополь медицина институтына күнделікті оқуға баратын ұлының қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтты. Ал оның анасы тіпті қатты үрейленіп отыр. Ол соғыстан, Ресейден, Путиннен және тағы да депортацияға ұшыраудан қорқатынын айтты, - дейді тілші.

« ЖОҒАЛҒАН БЕЛСЕНДІЛЕР»

Симферопольде жүрген Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымының өкілі Юлия Горбунова наурыздың 18-і күні Қырымды «шектен шыққан заңсыздық жайлап алғанына» алаңдайтынын хабарлады.

Горбунованың айтуынша, Қырымдағы билікке жергілікті өзін-өзі қорғау жасақтары бағынбайды. Ешбір айырма белгісі жоқ униформа киген бұл қарулы жауынгерлердің Қырымға келгеніне бірнеше апта болды. Түбекті осындай мыңдаған солдат басып алған. Олардың Ресей әскері екеніне көпшіліктің күмәні жоқ.

Решат Әметовтің мәйітін қабірге жаяу әкеле жатқан Қырым татарлары. Симферополь, 18 наурыз 2014 жыл.

Решат Әметовтің мәйітін қабірге жаяу әкеле жатқан Қырым татарлары. Симферополь, 18 наурыз 2014 жыл.

HRW ұйымы Қырымдағы «Еуромайдан» жақтастары мен журналистерге соңғы аптада жасалған шабуылдар мен олардың жоғалып кету фактілерін тексеріп, айғақтар жинап жатыр.

Юлия Горбунова «Біз кемінде алты белсенді жоғалып кетті деп отырмыз. Құжаттар бойынша осынша адам хабарсыз кеткен. Қайда екендері белгісіз. Бірақ туыстары белсенділердің жоғалғаны жөнінде полицияға арыз өткізіп жатқанда, бір полицей «Бұл адам Симферопольдегі военкоматта қамауда отыр. Біз көмектесе алмаймыз, себебі ол ғимаратты қарулы адамдар басып алған» деп ашық айтқан» дейді.

Юлия Горбунова «Әметовтің жоғалып кетіп, кейіннен мәйітінің табылуы - Қырым татарлары қауымының мүшесіне қарсы жасалған, HRW ұйымы тіркеген жалғыз жағдай» екенін айтты.

(Фарангиз Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG