Accessibility links

Совет диктаторы Иосиф Сталиннің тұсында атылған орыс шаруасының шөбересі өкіметтен бабасының сүйегін қайтаруды және оның өліміне кінәлілерді әшкерелеуді талап етеді. Билік репрессия жайлы деректерді түгел ашуға құлықсыз.

СТЕПАН КАРАГОДИННІҢ ІСІ

Денис Карагодин 1938 жылы репрессия құрбаны болған бабасы Степан Иванович Карагодиннің өмірі мен ажалына қатысты деректерді жинаумен төрт жылдан бері айналысып келеді. Осы уақытта едәуір құжат-мәліметтер жинаған оның айтуынша, енді тек адам өлтіргендерді табу ғана қалды.

Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) Томск аймақтық мекемесіне барған 33 жастағы Денис Карагодин: «Адам өлімі болды» деп мәлімдеген. «Нені айтасыз?» деп сұраған кезекші офицерге ол «1955 жыл» деп мөр соғылған куәліктің көшірмесін көрсеткен. Құжатта жігіттің бабасы, 1938 жылы «жапон тыңшысы» деген айыппен атылып кеткен Степан Иванович Карагодиннің ақталғаны туралы жазылған. «Көріп тұрмын. Ресми сұрау салыңыз» деген арыз иесіне ФСБ өкілі.

Азаттықтың Орыс қызметіне сұхбатында мамандығы философ Денис Карагодин өз мақсаты – тоғыз баланың әкесі болған казак шаруасы Степан Иванович Карагодиннің қалай қаза тапқанын, оны кімдер жазалағанын және сүйегінің қайда қалғанын анықтау екенін айтады.

– Оны жазалауға қатысқан барлық адамның аты-жөнін білгім келеді және ерте ме, кеш пе, ол мәліметттердің барлығы менің қолымда болады, - дейді Денис Карагодин.

Степан Карагодиннің (ортада) үй-ішімен бірге түскен суреті.

Степан Карагодиннің (ортада) үй-ішімен бірге түскен суреті.

Оның сөзінше, НКВД ұстап әкеткен соң Степан Ивановичтің әйелі мен туыстары оның тірі не өлі екенінен бейхабар болған, кейінгі ұрпағы сүйегінің қайда қалғанын білмей келген.

– Үй-іші ұсталғаннан кейін ұшты-күйлі хабарсыз кеткен оның тағдырын сұрастыруды бір сәт те тоқтатқан емес. Әулеттің әр буыны қолынан келгенше сұрау салып, іздестірді, - дейді Денис Карагодин.

Шөбересі бабасы туралы жинаған барлық мәліметтерді ресейлік құпия қызмет мұрағатынан алынған құжаттармен толықтырып, Степан Иванович Карагодинге арнап ашқан сайтқа хронологиялық ретпен түгел орналастырып қойған.

1881 жылы Ресей империясының Орлов губерниясында дүниеге келген Степан Иванович Карагодин мен оның отбасы 20-ғасырдың басында Қиыр Шығыстағы Благовещенск қаласының шетіндегі Волков ауылына қоныс аударған. Жаңа орында ауыл шаруашылығымен айналысқан Карагодиннің жүргізген ісі табысты болып, өзі ауыл жетекшісі болып сайланған.

Карагодиндер отбасы. Томск қаласы, СССР, 1937 жыл.

Карагодиндер отбасы. Томск қаласы, СССР, 1937 жыл.

Екінші Николай патша тақтан құлаған соң большевиктерге қарсы уақытша үкіметті қолдаған Карагодинді кейін сол үшін үш айға түрмеге отырғызған. 1928 жылы совет өкіметі оны қайтадан қамауға алып, «билікке қарсы бүлік ұйымдастырды» деген айыппен үш жылға Сібірге жер аударған. Сол жерден кейін Томскіге барған.

1937 жылы желтоқсанның 1-і күні қайтадан тұтқындалған Степан Карагодинге «жапон тыңшысы», «диверсанттар тобын құрды» деген айыптар тағылып, совет билігі оны өлім жазасына кескен. Үкім 1938 жылы 21 қаңтарда орындалған.

ҚҰРБАНДАР МЕН ЖЕНДЕТТЕР

Қазіргі кезде Ресейде Сталин мен оның миллиондаған адамды қуғын-сүргінге салған саясатына көз жұма қарау үрдісі байқалады. Ресей президенті Владимир Путинді сынаушылар «Кремль бұны өз мақсатына пайдаланады» дейді.

Бір миллионнан астам адамның өмірін қиған сталиндік «Үлкен террор» лайықты жазасын алуы тиіс деп санайтындар Денис Карагодиннің ауқымды зерттеуін құптайды. Ресейлік профессор Андрей Зубов бұл жобаға «өте маңызды әрі қажетті» іс деп баға береді.

«Өзгенің қолынан қаза тапқан жанның ұрпағы оны кім өлтіргенін, ал адам өлтірушінің ұрпағы бабасының кісі өлтіргенін білуі тиіс және кімді өлтіргенін де білуі керек. Ұлттық келісімге өткенді ұмыту арқылы емес, ол туралы жан-жақты білгенде ғана қол жеткізуге болады» деп жазды Зубов Facebook парақшасына.

Степан Карагодиннің ұлы Лев Карагодиннің (ортада) екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қырымдағы әскери госпитальде түскен суреті.

Степан Карагодиннің ұлы Лев Карагодиннің (ортада) екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Қырымдағы әскери госпитальде түскен суреті.

Денис Карагодин бабасының қазасына қатысты деректерді аса ыждаһаттықпен және бүге-шігесіне дейін зерттеп, сот ісін жүргізуге жетерлік дәлел-дәйектер жинады.

Оның бабасына арнаған сайтынан сан мыңдаған адам өліміне тікелей қатысы бар Сталиннің атышулы жазалаушы органы – НКВД мекемесінің офицерлері туралы суреттер, өмірбаяндар және құжаттармен танысуға болады. Денис Карагодин өз зерттеуінде қуғын-сүргін жылдары Сталин мен НКВД басшысы болған Николай Ежовтан бастап, Томскідегі НКВД қызметкерлеріне дейін – барлығы жиырма шақты билік өкілдерінің адам өліміне қатысы бары анықталғанын айтады.

– Степан Иванович пен басқа да «тыңшы» деп айыпталғандарды өлтіруге тікелей қатысқандардың аты-жөні ғана әлі анықталған жоқ. Бірақ негізгі тізім жасалды. Мысалы, қылмыскермен сыпайы сөйлесетін тергеушінің өзі бұл іске араласқанын білемін. Оларды анықтау уақыттың еншісіндегі іс, - дейді Денис Карагодин.

БИЛІК РЕПРЕССИЯ ТАРИХЫН АШУҒА ҚҰЛЫҚСЫЗ

Тарихшылар мен зерттеушілер 16 жыл бұрын Ресейде билік басына бұрынғы КГБ офицері Владимир Путин келгелі КГБ мұрағатынан ақпарат алу қиындап кеткенін айтады. Былтыр желтоқсан айында мемлекеттік құпия жөнінде құрылған үкіметтік комиссия жариялылық туралы мәселе көтеріп, совет құпия қызметінің мұрағатын ашуды талап еткен белсенділердің арызын «мұның бәрі Ресей федерациясының қауіпсіздігіне зиян келтіреді» деген уәжбен қабылдамай тастады.

Денис Карагодин мұрағаттан бабасының ісі туралы құжатты алып, танысқанымен, қылмысты өз қолымен атқарғандар туралы деректі ала алмаған.

– Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі оған жол бермес үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды,- дейді ол.

ФСБ оған Степан Иванович Карагодиннің қайда жерленгенін де айтпай отыр. Шөбересі бабасының сүйегі Томскідегі Каштак сайына көмілген деп санайды.

Денис Карагодин совет өкіметі ату жазасына кескен бабасының сүйегін басқа құрбандармен бірге көмген деп санайтын Томскідегі Каштак сайының қазіргі көрінісі.

Денис Карагодин совет өкіметі ату жазасына кескен бабасының сүйегін басқа құрбандармен бірге көмген деп санайтын Томскідегі Каштак сайының қазіргі көрінісі.

Сарапшылар бұл сайда сталиндік қырғын құрбанына айналған 15 мыңнан астам адамның сүйегі жатыр деп топшылайды. Денис Карагодин бабасының сүйегін беру жайлы жергілікті ФСБ мекемесіне сұрау салғанын айтады, бірақ агенттік оған «қажетті құжаттар дұрыс сақталмаған» деген уәж айтып, өтінішін қанағаттандырмаған.

– Үкім шыққандарды қай жерде жазалағанын олардың білетіндігіне 100 пайыз сенімдімін. Оны бүкіл қала біледі, - дейді Денис Карагодин.

Ол бабасына қатысты зерттеуін бастағаннан кейін бір жылдан соң Благовещенск маңындағы Волков ауылына барып, GPS құралының көмегімен Степан Иванович тұрған үйдің нақты орнын анықтаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол үйді өткен ғасырдың 60-70 жылдары бұзып тастапты.

1902 жылы Волков ауылында фотоға түсірілген Степан Карагодиннің үйі (жоғары жақта) және сол жердің 2013 жылғы көрінісі (төменгі суреттер).

1902 жылы Волков ауылында фотоға түсірілген Степан Карагодиннің үйі (жоғары жақта) және сол жердің 2013 жылғы көрінісі (төменгі суреттер).

– Ол жерге барғанымда, осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын, 1901-1902 жылдары Степан Иванович нені көрсе, мен де соны көрдім. Жер дәл сол кездегідей бос жатыр. Мен сол кездегі оның жасында екенмін. Сол жерде маған: «Бір ғасыр шынымен өтті ме? Өтсе барлығы қайда кеткен? Неге мен сол кездегідей тек қаңыраған жерді ғана көріп тұрмын?» деген ауыр ой келді, - дейді Денис Карагодин.

(Карл Шрек пен Дмитрий Волчектің мақаласы ағылшыннан аударылды.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG