Accessibility links

Сириядан химиялық қару шығарыла бастады


Сирияның химиялық қаруы тиелген даниялық кеме құрамындағы норвегиялық Helge Ingstad фрегаты. Лимасол, Кипр, 3 қаңтар 2014 жыл.

Сирияның химиялық қаруы тиелген даниялық кеме құрамындағы норвегиялық Helge Ingstad фрегаты. Лимасол, Кипр, 3 қаңтар 2014 жыл.

Сириядан химиялық қарудың алғашқы бөлігі әкетіле бастады. Улы заттар бұдан ары халықаралық теңіздерде жойылмақ.

Халықаралық Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның мәлімдеуінше, Сирия химиялық қаруларының алғашқы легі 7 қаңтарда елден шығарылды. BBC-дің хабарлауынша, Сирияның екі қаласынан Латакия портына жеткізілген улы химикаттары бар контейнерлер даниялық кемеге тиеліп, Ресей және Қытай әскери кемелерінің қорғауымен халықаралық теңіз суларына жөнелтілген.

Ресей мен АҚШ бірлесе жасап, БҰҰ мақұлдаған келісім бойынша биылғы жылдың ортасына дейін Сирия химиялық қаруынан түгелдей арылуы тиіс. Улы заттарды теңізде америкалық кемелерде жою жоспарланып отыр. БҰҰ мен Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым Сирия химиялық қаруын жою жұмыстарын бірлесе атқарып жатыр.

Химиялық қарудың алғашқы бөлігін Сириядан шығару 31 желтоқсанға белгіленген еді. Бірақ ол жоспар логистикалық мәселелер мен ауа-райының қолайсыздығы және Сириядағы қақтығыстар салдарынан біраз күнге кешеуілдеді.

Улы заттар тиелген контейнерлер Италияға жеткізіліп, ол жерде АҚШ әскери жүк кемелеріне тиеледі. Аса улы заттар арнайы титанды цистерналарға құйылып, халықаралық теңізде жойылады.

Былтыр тамызда Дамаск қаласы түбінде улы газ шабуылынан жүздеген адам құрбан болғаннан кейін Сирия президенті Башар Асад халықаралық қауымдастықтың қысымымен химиялық қаруды жоюға көнген.

Сирияның химиялық қару-жарағы мен құрылғылары жоспар бойынша маусымның соңына дейін жойылып бітуі тиіс.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG