Accessibility links

Хиллари Клинтон зілзала зардабын тартқан Гаитиге барды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон (сол жақта) мен Гаити президенті Рене Преваль журналистерге сұхбат беріп тұр. Гаити, 16 қаңтар, 2010 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон (сол жақта) мен Гаити президенті Рене Преваль журналистерге сұхбат беріп тұр. Гаити, 16 қаңтар, 2010 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон қаңтардың 12-дегі қуатты жер сілкінісінен зардап шеккен Гаити республикасына барған Батыстың бірінші ресмиі болды. Ол Гаити президенті Рене Превалмен кездесуінде табиғат апатының салдарларын жою үшін Вашингтон гаитиліктерге жан-жақты қолдау танытады деп мәлімдеді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон қатты жер сілкінісінен зардап шеккен Гаити халқына қандай жолмен болса да АҚШ-тың қолдауы болады деп сендіруге тырысты.

Хиллари Клинтон қуатты зілзаланы басынан өткерген Гаити еліне барған батыстық ресмилердің алғашқысы болып отыр. Қаңтардың 12-дегі табиғат апаты 50 мыңға жуық адамның өмірін қиып, ел астанасы мен бірқатар қалаларын күл-талқан қылды.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Гаити халқына қолдауын былай жеткізді:

“Президент Барак Обама айтқандай, біз бұл жерден бүгін, ертең және алдағы күндері де табыламыз. Және мен жеке тұрғыда айтатыным, мен Гаити адамдарының өте мықты әрі өмірге икемді екенін білемін”.

Хиллари Клинтон өзінің Гаити елі алдағы уақытта бұдан да мықты әрі жақсырақ болады деп сенетіндігін білдірді.

Сенбі күні мемлекеттік хатшы Клинтон ел үкіметінің шақыруымен АҚШ-тың мыңдаған әскері мен азаматтық көмек көрсетушілері Гаитиге жеткенін, Американың қолдау білдіретін бастамаларын айтып өтті.

Хиллари Клинтон Гаити президенті Рене Преваль және осы елдің премьер-министрімен кездесіп, табиғат апатының зардаптарын жою үшін елге қалай көмек беру қажеттігін талқылады.

Журналистерге айтқанында Хиллари Клинтон, жеңілдіктер жасау шарасына келгенде, ең алдымен тез арада қажетті ауыз су, азық-түлік, медициналық көмектер беріп, іздеу-құтқару шараларын одан әрі жалғастыруға бағытталды деді.

Гаитидегі тілшілер алдына Хиллари Клинтонмен бірге шыққан президент Рене Преваль АҚШ-тың беріп отырған көмегіне алғысын айтып, Обаманың Гаитиге қаржылай қолдау беру шешімін мадақтады:

“Оның соңғы Гаити халқы үшін арнайы қор құру бастамасы тағы да үлкен қолдаудың белгісі”, - деді президент Преваль.

Жексенбі күні БҰҰ кедейлік шегіндегі Гаитиде құтқару шаралары жүріп жатыр, бес күн бұрын орын алған зілзаладан қираған үйлер астында қалғандарды әлі де табу мүмкіндігі бар деді. Құтқарушылардың көмегімен құлаған ғимараттар астынан 70 адам аман-есен шығарылды.

- Біз тірі қалған тағы да көп адамды табу үмітін жоғалтпадық, - деді БҰҰ-ның қайырымдылық істерді үйлестіретін кеңсесінің өкілі Элизабет Бирс Францияның AFP ақпарат агенттігіне.

Бүгінде Гаитиде 1800 адам мен 160 иттен құрылған 40 халықаралық құтқару тобы жұмыс істеп жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жексенбі күні Гаитидегі табиғат апатынан 50 мыңға дейін адам құрбан болды деп мәлімдеді. Гаити үкіметі 250 мың адам жараланды. Жүздеген мың адам үйсіз қалды деп айтты.

БҰҰ өзінің Гаитидегі кеңсесін басқарып отырған Хеди Аннаби мен оның орынбасары қаза тапқандар арасында болғанын нақтылады.
БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун жексенбі күні кешкісін Гаитиге барып, зілзала зардабын жоюға бағытталған халықаралық көмектерді қалай үйлестіру керек деген мәселені талқыламақшы.

Гаитиге шығар алдында Нью-Йорктегі журналистерге сұхбат берген Пан Ги Мун “құны бір доллар болса да Гаитиге берілген көмек босқа кетпеуі керек” деді.

Бұл арада кедейлік тауқыметін тартып отырған Ауғанстан елі Гаитидегі жер сілкінісінен жапа шеккендерге қаржылай көмек жолдап отыр. Президент Хамид Карзай кеңсесі таратқан мәлімдемеде, Гаитиге Ауғанстаннан 200 мың доллар көмек беріледі деген.
XS
SM
MD
LG