Accessibility links

Цензура Иран киносын шыңдай түскен


Иран режиссері Асгар Фархади (ортада) және оның "Бөліну" фильмінде бас кейіпкерді сомдаған актер Пейман Маади (сол жақта), фильмнің қоюшы-операторы Махмуд Калари "Оскар" жүлдесін алып тұр.

Иран режиссері Асгар Фархади (ортада) және оның "Бөліну" фильмінде бас кейіпкерді сомдаған актер Пейман Маади (сол жақта), фильмнің қоюшы-операторы Махмуд Калари "Оскар" жүлдесін алып тұр.

Ислам революциясынан бері 35 жылдай уақыт өтті. Иран режиссерлерге қысым жасайтын мемлекетке айналды. Иран киносы сыншылар көңілінен шығатындай дәрежеге қалай жетті? Азаттық тілшісі осы сауалға жауап іздеді.

35 жыл бұрын Аятолла Әли Хаменеи Иран билігіне келді. Содан бері елдегі кино мамандарынан маза кетті. Ислам революциясынан туындаған цензураның қатал талабы Иранда кино саласындағы шығармашылықты шектеп тастады.

ӘЛЕУМЕТТІК ШЕКТЕУЛЕР

Қазіргі кезде барлық кинолар цензурадан өтеді, бірақ бұқара халыққа арналған коммерциялық фильмдерден бөлек - Иранның көркем туындылары халықаралық кинофестивальдерде жаңашыл шығармалар ретінде бағаланып жүр.

Әр қимылын бағып отырған авторитарлық режимнің қол астында жұмыс істеп, қарапайым ирандықтар сияқты күнкөріске әрең жететін жалақы алатын ирандық режиссерлер еңбегі құрметке лайық. Әлемнің кино мамандарының назарына ілінген ирандық көркем фильмдердің стиліне цензураға қарсы күрес айрықша әсер еткен.

Көптеген авторитарлық билік өкілдері өнер адамдарына қатаң саяси шектеу қояды. Бірақ Иран Ислам Республикасындағы цензураның тым қатал саналатын себебі – әлеуметтік шектеулер де бар. Мәселен Иран киноасында ер мен әйел арасындағы қарым-қатынастарды әр қырынан суреттеуге тыйым салынған.

Романтикалық сезімді бейнелейтін барлық қимыл-қозғалыстар, оған қатысты мәселелерді көрсету, тіпті әйел адамның экранда ән салуы мен билеуі – Иран цензурасының сүзгісінен өтпейтін дүниелер. Талап бойынша ирандық әйел фильмдерде хиджабын тастамауға тиіс. Иран әйелдері үйде ғана қалауынша киінеді.

ТҰСПАЛДАУ МЕН ЖҰМБАҚТАУ

АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы Уильям Петерсон университетінің фильм саласы бойынша профессоры Жамшид Акрами «цензураның қиындығы сондай, кез келген талантты режиссер алдымен оны айналып өтетін жолдарды іздейді» дейді.

- Қатаң цензураға тап болған адам одан құтылу жолдарын іздейді, өз пікірінің басқаларға қалайда жеткенін қалайды. Ирандық режиссерлер осы әдісті меңгере бастады. Оларды бағалаған кезде дарыны мен қабілетін қоя тұрып, алдымен цензурадан айналып өту шеберлігіне қарайсың, - дейді.

Цензураның бұғауына түсіп қалмаудың бір әдісі – заттарды атымен атамай, емеурінмен сипаттау, тұспалдау. A Cinema Of Discontent (наразылық фильмі – ред.) атты деректі фильмінде Акрами ирандық режиссерлердің цензурадан «өту» қабілетіне талдау жасайды.

Иран режиссері Асгар Фархади (оң жақта). Тегеран, 18 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Иран режиссері Асгар Фархади (оң жақта). Тегеран, 18 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Жамшид Акрами бұл зерттеуінде Жафар Панахи (оның «Шеңбер» атты фильміне Иранда тыйым салынған) және Бахман Гобади («Парсы мысықтары туралы ешкім ештеңе білмейді» атты фильміне тыйым салынған), Оскар иегері Асгар Фархадилердің шығармаларына шолу жасап, «тұспалдау әдісі Иран киносының негізгі ерекшелігіне айналғанын» айтады.

- Фильм фестивальдерінде Иран кинолары минимализм үшін марапатталады. Бұл фильмдер әрекетсіздік эстетикасы, үн шығармай, қимыл жасамай бәрін айту сияқты қасиеттерімен баурайды. Бірақ ол режиссердің саналы түрде түсірген көрінісі ме, әлде цензура әсері ме - ол жағын айту қиын. Режиссер минимализм әдісін көңілі қалап таңдады ма, әлде аудиториямен байланысқа түсудің басқа амалы жоқ па - мен оны білмеймін, - дейді Акрами.

ЕКІ ӘДІС

Тағы бір режиссерлер ересектер арасындағы күрделі махаббат сезімін балалардың көзқарасымен береді. Енді бір фильмде қаладағы әлеуметтік проблемалар ауыл өмірі арқылы көрсетілген. Өйткені, балалар ойы мен ауыл өмірін цензорлар «Иранның саяси тұрақтылығы мен моральдық кодексіне қайшы келмейді» деп санайды.

Цензура кедергі келтірмесе, елде қандай фильмдер жарық көретінін болжаудың өзі қиын. Бірақ ондаған иран режиссерінен сұхбат алған Акрами олардың «цензурадан құтылса, қазіргіден әлдеқайда жақсы кино түсіретіндеріне сенімді екендерін» айтады.

Кинотеатрда отырған ирандықтар. Тегеран, 30 қаңтар 2014 жыл.

Кинотеатрда отырған ирандықтар. Тегеран, 30 қаңтар 2014 жыл.

Иранда фильм түсіру суретшілердің тапқырлығын талап етіп қана қоймайды. Шектен тыс еркіндікке бой ұрған режиссер қатаң жазалануы мүмкін. 2010 жылы режиссер Панахи фильмдерінің мазмұнына байланысты билікпен бірнеше жыл соттасты. Ақырында ол алты жылға түрмеге кесілді, бірақ халықаралық қауымдастықтың араласуымен ол үкімнің күші жойылды. Алайда оған 20 жыл бойы фильм түсіруге тыйым салынды.

Иранда фильм түсірудің ең оңай жолы – кино саласына жауапты үкімет мекемелерімен тіл табысу. Сценарий бекітілсе, олар фильмді қаржыландыру үшін несие бөліп, құрал-жабдықтар береді. Үкіметтің көңілін тапқан режиссер фильмі ел ішінде, телеарналарда көрсетіледі.

Коммерциялық тұрғыда сәтті фильмдер түсірген директорлар цензорлардың барлық ерсі талаптарын орындайды. Олардың картинасында әйелдер үйінде ұйықтаса да хиджаб киіп жатады, некеден тыс көңіл көтеру, жастардың арасындағы жұмыссыздықтың асқынуы сияқты мәселелерге режиссерлер жоламайды.

Ал халықаралық фестивальдерге қатысатын, көркем фильм жасауға ұмтылатын режиссерлердің алдында екі-ақ жол бар. Біріншісі - олар мемлекеттік цензура аясында салмақты туынды жасауға ұмтылады, цензураға қайшы деп тапқан жағдайда оған тыйым салынатынын біледі.

Кинотеатр алдындағы афишаларға қарап тұрған адамдар. Иран, 1 маусым 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

Кинотеатр алдындағы афишаларға қарап тұрған адамдар. Иран, 1 маусым 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

Екінші жол - мемлекет қолдауынсыз, қаржыны өзі тауып, фильмді жасырын түсіру. Бұндай кинолар халықаралық кинофестивальдерге қатысса да, Иранда көрсетілмейді. Халық олардың қара базардағы көшірмесін немесе интернеттегі нұсқасын көре алады. Дегенмен мемлекет қолдауымен түсірілген фильмдердің де, режиссерлердің өздері жасырын түсірген фильмдердің де кейбірі халықаралық сыншылардың жақсы бағасын алып жүр.

Лондондағы кино сыншысы Мохаммад Абди соңғы онжылдықта астыртын түсірілген фильмдердің шетелде жақсы бағаланғанын айтады.

- Канн, Берлин, Венеция және басқа да фестивальдерде жүлде алған, Махмұд Ахмадинежадтың тұсында түсірілген туындылардың көбі Иранда тыйым салынғанын байқайсыз, - дейді Абди.

Дегенмен жақында халықаралық марапатқа ие болған Иран киносы - жасырын туынды емес, цензура аясында түсірілген дүние. 2012 жылы түсірілген Фархадидің «Бөліну» фильмі - үздік шетел фильмі ретінде Оскар жүлдесін алған тұңғыш Иран фильмі.

- Цензураны есепке ала отырып түсірілген, ел ішінде де көрсетілетін, шетелді де терең мазмұнымен, жаңашылдығымен таңғалдыратын картина жасау үшін өз ісіңнің маманы болу керек екенін Фархади дәлелдеп берді, - дейді Лондондағы кино сыншысы Мохаммад Абди.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG