Accessibility links

Иранда хиджабқа қарсы әйелді қаралап жатыр


Иранда қуғынға ұшыраған Масих Алинежад.

Иранда қуғынға ұшыраған Масих Алинежад.

Ирандағы мемлекеттік ақпарат құралдары қыз-келіншектер хиджабсыз суретін жүктейтін Facebook парақшасын жасаған әйелді ғайбаттау науқанын бастады.

Мамыр айының басында ашылған бұл Facebook парақшасына бүкіл әлем назар аудара бастады. Ол жерге Иран қыз-келіншектері қоғамдық жерде хиджабсыз жүрген суреттерін жүктеген. Бұл – олардың діни билікке ашық наразылығы.

Консервативтік саясат жүргізуді қолдайтын азаматтар ол парақшаны жасаған әйелді ғайбаттап, оның беделін түсіруге тырысып отыр. Олар дәстүрлі ақпарат құралдары арқылы ол әйелді «Шпион, нашақор, әбден азғындап, ақыры зорлыққа ұшыраған әйел» деп айыптады.

ПАРАҚШАНЫҢ ДАУЫ

Facebook-те ашылған парақша «Иран әйелдерінің оңашадағы бостандығы» деп аталады. Оны Ираннан қуылған журналист Масих Алинежад жасаған. Парақша 400 мыңнан астам «лайк» жинап, ақпарат құралдарында талқыланды.

Парақшаға консервативтік қатаң саясатты жақтайтын блогтар мен ақпараттық сайттар да назар аударған. Олардың арасында жартылай ресми Fars агенттігі де бар. Бұл агенттіктің Ирандағы ықпалды құрылым - Ислам революциясы сақшылары корпусына жақын екені белгілі. Олар Алинежадты «шетелдік барлау қызметтерімен сыбайлас, әрі азғындық пен арсыздықты насихаттап жүр» деп айыптаған.

Өткен аптаның соңында мемлекет бақылауындағы телеарналардың бірі «Алинежад - рухани азғындаған адам, ол ирандық қыз-келіншектерді тура жолдан тайдырғысы келеді» деп мәлімдеді.

Мемлекеттік телеарна «Лондонның метросында есірткіге масайып шешінген Алинежадты ұлының көзінше үш еркек зорлап тастап кеткен» деген сюжет жасады.

«ҚАУІПТІ АДАМДАР»

Азаттық радиосына берген сұхбатында Алинежад мұны жоққа шығарады. Ал жалған оқиғаны ойлап тапқандарды ол «қауіпті адамдар» деп атайды. «Олар бұл өтірікті қиналмастан жаңалық қылып таратты. Тіпті ұлымды да аямады - оны болмаған зорлықтың куәгері етіп қойды» дейді Алинежад.

Бұл репортажға Алинежад өзінің Facebook парақшасында видео арқылы жауап қайырды. Ол видеода Алинежад «сол Лондон метросы осы» деп әндетіп тұр.

«Егер мен өз елімде Лондондағыдай емін-еркін ән салсам, маған не істер едіңіздер? Иранда мен сияқты еркіндік аңсаған миллиондаған адам бар. Оны көрмеген түр жасайсыздар ма, әлде қиялдарыңызда зорлайсыздар ма?» деп жазды.

Алинежад «Мемлекеттік телеарна осы репортажымен Facebook парақшасында суреттерін жариялаған әйелдердің барлығына қысым жасап отыр» дейді.

«Бұл тек маған жасалған қысым емес. Бұл – менің парақшамды қолдайтын әйелдердің барлығына шабуыл. Мен ол парақшаны «Хиджабты күшпен кигізгенге қарсымыз» дегенді білдіру үшін жасағанмын» дейді Масих Алинежад.

Көптеген қыз-келіншектер бұл парақшаға қоғамдық орындарда хиджабсыз түскен суреттерін жариялаған. Олар сол арқылы Иран билігіне ашық қарсылық білдірді.

Суреттердің біріндегі әйел қара орамалын желге ұшырып жіберуді аңсағандай желбіретіп тұр. Бұл – Иран көшелерінің бірінде түсірілген сурет. Суреттің астына «Менің қалауым - бір метр мата емес, таңдау еркіндігі! Бір құлаш матаны шешіп тастадым! Қараңдар! Мен сонда да адаммын!» деп жазған.

Тағы бір суретте көзілдірікті бойжеткен отыр. Ар жағындағы көше Тегеранға ұқсайды. Суреттің астында: «Еркіндік - таңдау құқығы. Күндердің күнінде қыз-келіншектер осыны жан-тәнімен сезінеді деп үміттенемін» деп жазылған.

Ирандағы консервативтік қатаң саясатты қолдайтын әйелдердің шеруі. Тегеран, 16 мамыр 2014 жыл.

Ирандағы консервативтік қатаң саясатты қолдайтын әйелдердің шеруі. Тегеран, 16 мамыр 2014 жыл.

Мемлекеттің ресми насихаты «Әйел абыройы - орамалында, дұрыс киінген әйел құрметті» деп үгіттейді. Ал бұл суреттердің мағынасы осы ресми насихатқа қайшы келеді.

Алинежадтың айтуынша, «хиджаб – Иран билігінің әлсіз тұсы». «Хиджабты әлем алдында Иранның ислам мемлекеті екенін көрсетуге пайдаланады. Режим орамалын шешіп тастаған қыз-келіншектерден қорқады. Сондықтан билік сол әйелдердің алдында менің абыройымды төккісі келеді» дейді ол.

ӨЗГЕРГЕН ХИДЖАБ

Иранда әйелдерге хиджаб тағу 1979 жылғы ислам революциясы мен ислам республикасы кұрылғанынан кейін міндеттелді. Мемлекет содан бері әйелдерді қудалау мен қысымды барынша пайдаланып келеді. Оған айыппұл төлеу, қамау сияқты жазалау шаралары кіреді. Алайда осының бәріне қарамастан, Иран билігі әйелдерге ислам киім үлгісін түбегейлі мойындатып, қарсылықтарын жоя алмады.

Уақыт өте келе әйелдердің орамалдары кішірейіп, жұқа әрі сәнді бола бастады. Ал денелерін жауып тұруға тиіс бешпенттері мүлде қысқарып, тыртысып тұратын болды.

Бірнеше апта бұрын консервативтік қатаң саясатты жақтаушылар «дұрыс киінбеген әйелдерге» қатысты алаңдаушылығын тағы білдірді. Билікті ислам киім үлгісін қатаң сақтауға көмектесетін шаралар қолдануға шақырды.

Иран әйелдерінің құқығын қорғаушы Әсие Амини Азаттыққа: «Алинежадқа қарсы ғайбат науқанынан ол жасаған Facebook парақшасы биліктің жүйкесіне қатты тигенін байқауға болады» дейді.

Норвегияда тұратын Амини: «Осы арқылы мемлекеттік телеарна әйелдерге қарсы озбырлықты қолдап, Алинежадтың әйелдік болмысын қорлап отыр. Яғни, жұрттың санасына «ол зорлық көруге лайық» деген ойды сіңіріп жатыр. Билік оны солай кемсіткісі келеді. Меніңше, бұл – биліктің әлсіздігін көрсетеді. Олар өздерін сынаушының деңгейінде диалог жүргізе алмады» дейді.

Тегеран көшесінде жүрген қыз-келіншектер. (Көрнекі сурет)

Тегеран көшесінде жүрген қыз-келіншектер. (Көрнекі сурет)

Иранның мемлекет бақылауындағы телеарнасы сыншылар, саяси белсенділер мен интеллектуалдардың беделін түсіру үшін жасаған жалған репортаждар жасай береді.

Алинежад Иран сотына мемлекеттік телеарнаға және өзін «азғын әйел» деп атаған репортерге қарсы ресми шағым түсіретінін айтады.

«Иран тұрғындары биліктің халыққа жолдауын таратып отырған мемлекеттік телеарнаның санамызды «зорлайтын» арна екенін білуі тиіс» дейді ол.

(Гүлназ Эсфандиаридің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG