Accessibility links

Қазақстаннан өз еркімен көшкендер


Ресей шекарасынан өтіп бара жатқан адамдар. (Көрнекі сурет)
Ресей шекарасынан өтіп бара жатқан адамдар. (Көрнекі сурет)

Қазақстан ұлттық экономика министрлігіне қарасты статистика комитеті елден түпкілікті көшіп кеткен азаматтар саны жайлы деректер жариялады. Қазақстаннан біржолата көшіп кетіп жатқандар неге көбейіп барады?

Статистикалық дерекке сәйкес, өзге елдерге қоныс аударып жатқан азаматтар саны артып, ал Қазақстан төлқұжатын алғысы келетіндер азайғаны байқалады.

Қазақстаннан көшіп кеткендер көбейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:52 0:00
Жүктеп алу

ЖАЙЛЫ ТҰРМЫС ІЗДЕГЕНДЕР

Статистика комитеті дерегінше, 2015 жылы Қазақстаннан кеткен мигранттар саны 3,9 пайызға артып, 30 мыңнан асқан, ал 2014 жылы 28 мың адам кеткен. Көшіп жатқандардың дені ТМД елдеріне қоныс аударған. Мигранттар ішінде Қазақстанға ТМД елдерінен келгендер 84,4 пайыз болса, сол елдерге кеткендер үлесі 89,8 пайыз болған.

Ресейдегі пойыздардың бірі. (Көрнекі сурет)
Ресейдегі пойыздардың бірі. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық сарапшылардың айтуынша, елден кеткендердің көбі - жоғары білімді әрі білікті мамандар, ал біліктілігі жоқ кадрлар саны 2 пайызға жетпейді.

Статистика ведомствосы дерегінше, бұрын қазақстандықтар қоныс аудару үшін Еуропаның Чехия, Болгария, Германия сияқты елдерін таңдайтын, қазір де көшіп барғысы келетін елдің территориясындағы тыныштыққа, соғыс қимылдарының бар-жоғына мән береді.

Қазақстандағы стратегиялық зерттеулер институтының халықаралық байланыстар жөніндегі сарапшысы Санат Көшкімбаевтың пікірінше, қоныс аударғысы келген адам ең әуелі жайлы орын іздейді. Мұнай бағасы қымбат болған жылдары да Қазақстан азаматтары өзге елдерге көшкен.

Қазақстан қоғамы өкілдері елден кетіп жатқан азаматтардың көбею себебін теңге девальвациясы мен елдің экономикалық және саяси өміріне қатысты жайсыз болжамдармен байланыстырады. Мысалы, тарихшы Наурызбай Байқадамов "жұрт елде басталған дағдарыс кесірінен кетіп жатыр" деп санайды. Оның пікірінше, орыс, неміс және өзге ұлт өкілдерінің тарихи отанына оралуына ұлтаралық қатынастардың еш қатысы жоқ.

Экономист Бейсембек Зиябеков мигранттардың көбеюінің басты себебі Қазақстан экономикасындағы жағдайдың нашарлауында деп санайды.

- «Жұрт соғыс жоқ, тыныш Қазақстаннан кетіп, қандай жайлы жер табады екен?» деп үнемі ойлаймын. Әрине, елдің экономикалық ахуалы нашарлап кетті. Бұрын қазақстандықтар жақсы өмір сүрген еді, енді дағдарыстың зардабын сезініп жатыр. Мұндай елге кім көшіп келеді? – деді Бейсембек Зиябеков.

Шымкенттегі оралмандардың Наурыз тойы. 27 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Шымкенттегі оралмандардың Наурыз тойы. 27 наурыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

BBS-тің Қазақстандағы өкілі Бахадора Тәжібаева «Болашаққа сенімсіздік, экономикалық дағдарыс, теңгенің құнсыздануы - жұрттың елден кетуінің басты үш себебі. Қазақстанға да дәл осы – экономикалық және саяси себептермен келмейді» дейді.

Азаттық тілшісіне Алматының көші-қон қызметімен хабарласудың сәті түспеді. Азаттыққа Алматы қаласы Бостандық ауданы ішкі істер департаментіне қарасты көші-қон полициясы өкілі Сабыржан Тұяқбаев қана комментарий берді.

Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері Бостандық ауданынан 181 ересек адам мен 53 кәмелетке толмаған бала кеткен. Жұрт көбінесе Ресей, АҚШ, Канадаға кетіп жатыр. Көші-қон полициясы өкілі «ауданға көшіп келген азаматтар реестерін жүргізбейміз» дейді.

Қазақстаннан өзге елдерге түпкілікті қоныс аудару процедурасы көші-қон полициясының территориялық органдары мен ішкі істер органдары рұқсатымен ресімделеді.

ӨЗГЕ ЕЛДЕРДЕГІ БҰРЫНҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР

Алматы тұрғыны Ирина Костевич бірнеше жыл бұрын Ресейге көшіп кеткен. Ол Азаттыққа елден кетуінің негізгі себептерін айтып берді.

Алматыдан Ресейге көшіп кеткен Ирина Костевич.
Алматыдан Ресейге көшіп кеткен Ирина Костевич.

Бұрынғы қазақстандық елден көшуіне бірнеше себеп болғанын айтады. Біріншіден, ол өмірін түбегейлі өзгерткісі келген. Ол бұрынғы Алматыны шексіз жақсы көргенін, сүйікті қаласының тыныс-тіршілігін жақсы білгенін айтады. Бірақ ол қазіргі Алматыны жатырқайды, алып шаһар да оған «жат болып кеткен».

- Жаңа қаланы жатырқамай қабылдап, онымен біте қайнасып кеткен жандар бақытты шығар. Шын мәнінде, қаладан мен кеткен жоқпын, сүйікті қалам мені жатсынды. Оның үстіне экологиясы да нашарлап кетті. Көп ауыратын болдым, отбасы мүшелерінің де денсаулығы сыр бере бастады. Лас ауа, сапасы нашар азық-түліктер Алматы сияқты күрт үлкейген қалалардың соры ғой, - дейді Ирина Костевич Азаттыққа.

Ирина «елден кетуімнің екінші себебі - қазақ тілін білмегенім» дейді. Оның айтуынша, 1990 жылдары қазақ тілін өз еркімен үйрене бастаған. Бірақ Костевич «кейін тіл үйрену мәселесі мәжбүрлі науқандарға ұласты, ал мұндай күштеуді қабылдай алмадым, сондықтан елден кеткім келді» дейді.

- Мысалы мен Ресейде тұрып жатырмын, бірақ үкіметті немесе оның істерін мақтап немесе өзімнің патриотизмім жайлы айқайлағым келмейді, мұндайға жаным қас. Сол сияқты Қазақстанда да өтірік мүләйімсіп, өзімді болмысымнан бөлек етіп көрсеткім келмеді. Қазақтарды қанша жерден жақсы көрсем де, құрметтесем де, мен орыспын әрі қызыққан нәрсеммен ғана айналысамын. Ал ұлттың жоғын жоқтағыш азаматтарға өзімнің ақ-адал екенімді үнемі дәлелдеуден, өзімді періште етіп көрсетуден жалықтым, - дейді Ирина Костевич.

Қазақстаннан көшіп кеткен Ольга Тен.
Қазақстаннан көшіп кеткен Ольга Тен.

Тағы бір бұрынғы қазақстандық Ольга Тен күйеуіне тиімді шарттар ұсынған соң Дубайға 2009 жылдың аяғында кеткен. Алматыда жаңа бастаған бизнесі қалғандықтан алғашқы жылы ол екі қаланың ортасында жүріп, Дубайға көбінесе демалу үшін, турист ретінде келіп тұрған. Бір жылдан кейін отбасында егіз ұл бала дүниеге келіп, олардың бірінен неврологиялық диагноз анықталған. Ольганың Қазақстаннан түпкілікті кетуіне осы жайт түрткі болған. Ольга Тен «Өкінішке орай, туған елімде ерекше қажеттілігі бар балаларға қатысты әлеуметтік стереотиптер көп, сондықтан балаға жайлы, перспективасы бар ортаға кетуді ұйғардық» дейді.

- Дубайда тұрғанымызға бес жыл болды, оның төрт жылы бұрынғы күйеуімсіз, балаларыммен өтті. Алматыда отбасым мен дос-жараннан бөлек бизнесім қалды, тіпті мамандығымды ауыстыруға тура келді. Ағылшын тілін жедел үйрендім. Қолымда бір жарым жасар балаларым болды да дереу жұмыс керек болды. Осылай туризм саласына ауысып кеттім, қазір қарапайым резерватордан бөлім бастығы дәрежесіне дейін жеттім, - дейді Ольга Тен Азаттыққа.

Ольга «алғашқы жылдары қиын болды, бірақ қаладан алған әсерім күш берді» дейді. Араб әмірліктерінде әлемнің жүздеген елінен келген адамдар жұмыс істейді. Қазір Ольга бала-шағасымен бірге Ұлыбританияда тұрады.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG