Accessibility links

"Дипломмен – ауылға" барған жастар не халде?


Түркістан облысындағы ауылдардың бірі.
Түркістан облысындағы ауылдардың бірі.

Ұлттық экономика министрлігі 2009 жылдан бастап қолға алынған «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерге баратын мамандар саны артып келе жатқанын айтады. Ал кейбір жас маман мен сарапшы бұл үрдісті шарасыздың амалы деп біледі

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты ауылдардың біріне «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы арқылы барған Динара Жорабаеваның химия пәнінен сабақ беріп жүргеніне екі жыл болды. Ол былтыр бағдарлама бойынша өзі тұрып жатқан ауылдан баспана алған. Сонымен бірге сыйақы ретінде 168 мың теңге қосымша қаржы тиіпті.

ТҰРМЫС МҰҚТАЖДЫҒЫ

Динараның сөзінше, ауылда мұғалім болуға келіскендіктен мемлекет оған «Халық банкі» арқылы баспана сатып алу үшін 3 миллион 600 мың теңге қаржыны 0.4 пайызбен 15 жылға несие түрінде берген. Бұл мөлшерлеме басқа банктердегі несие пайызынан он шақты есе аз. Ауылдық тұрмыс деңгейіндегі баспананы оңай шартпен алса да, жас мұғалімнің жалақысы көңілін көншітпейді.

"Дипломмен - ауылға" бағдарламасы арқылы ауылға барып, баспаналы болған Динара Жорабаеваның үйі. Өзі суретке түсуден бас тартты. Сәуір айы, 2019 жыл.
"Дипломмен - ауылға" бағдарламасы арқылы ауылға барып, баспаналы болған Динара Жорабаеваның үйі. Өзі суретке түсуден бас тартты. Сәуір айы, 2019 жыл.

Динара ауылға барғанға дейін Алматы қалалық білім басқармасында жұмыс істеген. Бірақ үш баламен қалада пәтер жалдап тұру қиын болғандықтан мемлекеттік бағдарлама арқылы ауылдық жерден болса да баспаналы болғысы келген.- Үш балам бар. Біреуі ғана – мектеп жасында. Екеуі – әлі кішкентай. Жалғызбастымын. Негізгі мамандығым – химия-биология пәнінің мұғалімі. Жаңадан ашылған мектепке жолдамамен келдім. Бірақ химия пәнінен сағат аз. Екі жыл бойы 12 сағатпен жүрдім. Айлығым – 60 мың теңге ғана, - дейді ол.

Алматыдан 40 шақырым қашықтағы ауылға бара сала Динара үйлі болып кетпеген, бір жылдай пәтер жалдап тұрған. Сосын ауылдағы саудаға шығарылған ескі үйлердің бірінің қожайынымен келісіп, баспаналы болған. Қазір банктен алған несиесі үшін ай сайын 20 мың теңге төлейді.

- Егер жалақың жеткілікті болып тұрса, бұл бағдарлама («Дипломмен – ауылға») өте пайдалы. Бірақ менің бар табатыным – 60 мың [теңге] ғана. Екі баламның балабақшасына төлейтінім бар, басқасы бар, кейде жетпей қалады. Мәселен, көктемде түрлі себептермен [несиемді] екі ай уақытынан кешіктірдім. Төлей алмадым. Қазір пайыздық өсімімен қарызым 205 мың теңге болыпты. Төлем мерзімін өткізіп алған жағдайда өсім негізгі алған қаржының 0.01 пайызы екен. Енді мектеп басшылығы «Егер төлей алмасаң, үйді қайтар, жұмыстан шық» деген талап қойып отыр, - дейді Динара.

Алайда «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы туған ауылына барып, көңілінен шығатын қызмет тапқандар да кезігеді. Солардың бірі – Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының орталық ауруханасында дәрігер болып жұмыс істеп жүрген Айдана Тұрсынқожанова. Ол университет бітірген соң туған ауылына келіп, бағдарлама бойынша жұмысқа тұрып, үй-жайлы болған.

- Семейдегі медициналық акедемияны бітіргеннен кейін туған ауылыма келдім. [Бағдарламадан тыс] өз бетіммен келетін болсам, үй алуға мүмкіндігім болмас еді. Қазір аудандық аурухананың терапия бөлімінің меңгерушісімін. Екі балам бар. Сыйақының сыртында 3 миллион 600 мың теңгеге [несиеге] үй алдым. Ай сайын 18 мың теңгеден төлеймін. Бұл бағдарлама үйсіз жүрген жас мамандар үшін өте тиімді. Әзірге тиімсіз жағын көріп тұрған жоқпын, - дейді Айдана.

Әлеуметтанушы Серік Бейсенбай бағдарламаның жастарды жаппай ауылға қайтарып, «ұстап тұруға дәрменсіз» екенін айтады. Ол үкіметтің жас мамандарды ауылға шақыруы Совет Одағы құлағалы бері бәсеңдемеген урбанизация процесіне қайшы екеніне назар аудартады.

- Менің ойымша, жастарды ауылға бұру, ауылда ұстап қалу деген [идея] қазір жүзеге аспайды. Ақпаратым бойынша, бұл бағдарламаны пайдаланатындар – өздері сол ауылда [бұрыннан] тұратындар. Осы бағдарламаның мүмкіндіктерін қосымша [табыс көзі ретінде] пайдаланғысы келетіндер. Яғни, бұл бағдарлама жастарды ауылда ұстап тұруға аса бір ықпал еткен жоқ, - дейді Серік Бейсенбай.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТИІМДІЛІК

Әлеуметтанушы Серік Бейсенбайдың тұжырымына қайшы мысал етуге келетін, қалада туып-өсіп, «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы арқылы шетке кеткендер де бар. Алматы облысы Ақсу ауданына қарасты Ақсу ауылына мұғалім болып барған Гүлнәр Исаханова – Алматы қаласының тумасы. Қыздар педагогикалық университетінің химия-биология факультетін бітірген ол Ақсу ауылына бағдарлама арқылы келіп, тұрмыс құрған.

- 2017 жылы келдім. Қазір жергілікті жердегі орта мектепте сабақ беріп жүрмін. Жас отбасы үшін баспана мен бір реттік көтерме сыйақысы пайдалы болды. Әзірге зиянын көрмедім, - деді ол Азаттыққа.

Бірақ экономист Бейсенбек Зиябек бағдарламаның экономикалық тиімділігіне күмән келтіреді. Оның ойынша, ауыл-аймаққа арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы жас мамандарды жаппай тарту қажеттілігі жоқ. Өйткені әрбір ауылда ары кетсе, бір амбулатория мен бір мәдениет үйі және бір мектеп бар. Экономист бағдарламаны тікелей өндіріспен жалғау керек деп ойлайды.

- Ауылға [жас] мамандарды тарту үшін [жұмыс беруші] ұжымдық мекемелер көп болу керек. Мысалы түрлі кооперативтер мен ұжымшарлар болғанда оларға керекті мал дәрігерлері, зоотехниктер, агроном, қаржыгер секілді мамандар да керек болар еді. Ал [шаруашылықтың] бәрі жекеменшік ауылда бюджеттік мекемелер үшін бір-бір маманнан артық [адам] керек емес. Сонда [«Дипломмен – ауылға»] бағдарламасы бойынша барған қалғандары не істейді? Ауылдық жерде өндіріс ошақтарын көбейтіп, сол арқылы басқа мамандарды тартса ғана бағдарлама экономикалық тұрғыдан жемісті болады, - дейді экономист.

Ұлттық экономика министрлігі «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы мыңдаған жас маманды жұмыспен қамтамасыз еткенін мәлімдейді. Министрлік таратқан ресми ақпарат бойынша бағдарлама іске қосылған 10 жыл ішінде 60 мыңнан астам денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешені саласының маманы ауылға тартылған.

Ең көп маман барған аймақтар – Түркістан (6703), Алматы (6253) және Батыс Қазақстан (5184) облыстары. Қазақстандағы 2 мыңнан астам ауылдық округте тұратын халық саны 8 миллионнан асады. Солардың ішінде кадр тапшылығы ерекше байқалатын аймақтар – Қостанай, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстары. Биыл сәуірде жас мамандарды ынталандыра түсу үшін билік мемлекеттік бағдарламен ауылға баратындар үшін міндетті жұмыс істеу мерзімі бес жылдан үш жылға азайтылғанын хабарлаған.

Жоғары білім алған соң ауылға маман болып баратындар саны соңғы үш жылда өскені байқалады (2016 жыл – 5655, 2017 жыл – 5794, 2019 жылдың жартысы – 5862). Бірақ олардың қаншасының шарты оңай несие арқылы үй-жайлы болғаны туралы ресми ақпарат жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG