Accessibility links

Алматының ортасындағы ұмыт қалған көше тұрғындарының зары…


Алматының Түрксіб ауданындағы Баймағамбетов көшесі. Алматы, 17 қыркүйек, 2009 жыл.

Алматының Түрксіб ауданындағы Баймағамбетов көшесі. Алматы, 17 қыркүйек, 2009 жыл.

17 қыркүйек күні Алматы қаласының Түрксіб ауданындағы Баймағанбетов көшесінің тұрғындары 11 жылдан бері үйлерін заңдастыра алмай келе жатқандарын ашына әңгімеледі. Жергілікті әкімшілік «су қоймасы белдеуіне үй салғансыңдар», деп олардың үйлерін заңдастыруға берген өтініштерін қанағаттандырмай отыр.


ЖАҒДАЙЫ ЖОҚТАР ЖАРЫҚСЫЗ, СУСЫЗ ОТЫРА БЕРЕДІ


Баймағанбетов көшесінің тұрғындары бір жылдан бері жарықсыз отыр. Олар телевизор көре алмайды, радио тыңдай алмайды, кешкісін әр үй шамасына қарай, біреулері май шамның енді біреулері білте шамның сығырайған жарығында өмір сүреді. Аталған көшеде тұратын 60- тай отбасы күні бүгінге дейін үйлерін заңдастыра алмай келеді. Жергілікті шенеуніктер оларға «үй салуға болмайтын жерге баспана тұрғызғансыңдар» деген жауап айтудан танбай келеді. Алайда, шенеуніктердің бұл айтқандары жалпы бірдей емес көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, олардың кейбір көршілері үйлерін заңдастырып, электр жарығын, су және басқа да коммуналдық қажеттіліктерін жасап алған.

- 2006 жылдың соңында басталған мүлікті заңдастыру шарасына бәріміз бір кісідей өтінішімізді апарып тапсырдық. Алайда, бізге су қоймасы белдеуіне үй салғансыңдар деп өтінішімізді қанағаттандырмады. Бірақ та, артынан белгілі болғандай бірнеше отбасы мүлікті заңдастыру кезінде үйлерін заңдастырып алған. Одан кейін де тағы бірқатар отбасылар үйлерін заңдастырды. Мұндай заңдастыру тек ақшасы барлардың қолынан келеді. Олар үйіне жарық, су жеткізіп алды, - дейді Баймағанбетов көшесінің тұрғыны Данагүл Орманова.

Данагүл Орманова төрт баланың анасы, Баймағанбетов көшесінде 10 жылдан бері тұрып келеді. Оның сөзіне қарағанда, үйлерінің құжаттары дұрыс болмағандықтан балаларын мектепке берерде қиындыққа кезіккен. Өйткені, олардың қалалық тіркеуі жоқ.. Ал бұл көшеде мұндай көп балалы аналар және зейнеткерлер, мүгедектер көп тұрады. Олардың бәрі балаларын жұмысқа тұрғызу, мектепке, балабақшаға кіргізу, тіпті, жедел жәрдем шақырудың өте қиын екенін айтады, өйткені олардың ешқандай заңды мекен-жайы жоқ.

Ал, Баймағанбетов көшесінің тағы бір тұрғыны Жәнипа Қарабалаева үйін заңдастыра алмағандықтан бес баласының және Чернобыль апатынан кейін қалыпқа келтіру жұмыстарында болған күйеуіне берілетін жәрдемақыны ала алмай отырғанын жеткізді.

БҰЛ КӨШЕНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫНА САНАҚ ЖҮРГІЗЕТІНДЕР ДЕ КЕЛМЕГЕН

Осы 10 жылда Баймағанбетов көшесінің тұрғындары ешбір сайлауға қатыспаған, ал, ұлттық санақ кезінде олар ұмыт қалған. Сондықтан да олар халықтың санында жоқ. Осы мәселелердің барлығын тұрғындар «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдеріне жеткізбекке талпынды. Ал, «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері болса, Баймағанбетов көшесінде тұрғындардың қатысуымен брифинг өткізбек болды. Бірақ та, қоғамдық бірлестік өкілдерінен бұрын Баймағанбетов көшесіне полиция көлігі келді. Машинадан Түрксіб ауданы ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары полковник Данияр Көшікбаев түсті. Ал, тұрғындар, бұл көшеде 10 жылдан бері «тірі» полицейді тұңғыш рет көргендерін айтты.
Үйлерін заңдастыра алмай жүрген тұрғындардың жиыны полиция бақылауында. Алматы, 17 қыркүйек, 2009 жыл.


Баймағанбетов көшесінің тұрғындарына кездесуге «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігі заңгерлік бөлімінің жетекшісі Юрий Усов келген кезде полицей Данияр Көшікбаев одан брифинг өткізуге Түрксіб ауданынан арнайы рұқсат алу керек екенін айтып жолын кес-кестеді. Қоғамдық бірлестік өкілдерінің жартысы рұқсат қағаз үшін кетті де, тұрғындардың қалауымен «Шаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігі заңгерлік бөлімінің жетекшісі Юрий Усов тұрғындармен кездесіп, әңгімелесті. Кездесу ұзаққа созылмады.

ӘКІМШІЛІК РҰҚСАТ ЕТПЕЙДІ, ЕСКЕРТЕДІ

Тұрғындардың «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің кеңсесіне 22 қыркүйек күні баратыны белгілі болды. Сол жерде екі жақ мәселенің мән-жайын кеңірек талқылауға уағдаласты. Сол екі арада брифинг өткізуге арнайы рұқсат алып келуге Түрксіб ауданына кеткен «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің өкілдері келді. Олардың айтуынша, әкімшілік оларға брифинг өткізуге рұқсат бермеген. Егер рұқсат етілмеген брифинг өткізілген жағдайда Алматы қаласы әкімшілігі «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің өкілдерін әкімшілік жауапкершілікке тартады деп ескерткен.

Ал, Алматы қаласы әкімшілігінің баспасөз хатшысы Сергей Куянов Баймағанбетов көшесіндегі тұрғындардың мәселесінен бейхабар екенін жеткізді.

- Өкінішке қарай, мен бұл мәселенің анық-қанығын білмеймін. Сондықтан, ешнәрсе айта алмаймын,- деді Сергей Куянов.

Баймағанбетов көшесі тұрғындарының есебіне қарағанда, аталған көшеде тұратын баспаналары заңдастырылмаған тұрғындардың қатарында: 3 ауған соғысы ардагері, 2 Чернобыль апатынан кейін қалпына келтіру жұмыстарында болған азамат, 6 зейнеткер, 2 мүгедек, 6 көп балалы аналар бар.Үйлері заңдастырылмаған 10 отбасы мұнда 12 жылдан бері тұрып келеді.
XS
SM
MD
LG