Accessibility links

Ашаршылық құрбандарына ескерткіш ашылды


Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткіш. Алматы, 31 мамыр 2017 жыл
Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына қойылған ескерткіш. Алматы, 31 мамыр 2017 жыл

31 мамыр - Қазақстанда саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу күні Алматы қаласында СССР кезіндегі ашаршылық құрбандарына ескерткіш ашылды.

Жаңа ескерткіш Алматыдағы Қарасай батыр және Наурызбай батыр көшелері қиылысындағы, совет өкіметі кезінде ішкі істер және қауіпсіздік органы (НКВД-КГБ) ғимараты орналасқан маңдағы саябақта, бұдан 25 жыл бұрын "болашақта бұл жерге ескерткіш орнатылады" деген жазуы бар тас белгі қойылған орында ашылды.

Жергілікті билікұйымдастырған шараға Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, құрбандардың ұрпақтары қатысты.

Қолына арып-ашып, өлімші халге жеткен баласын көтеріп тұрған ана мен талқандалған қазан-ошақ бейнеленген ескерткіштің тұғырында "1931-1933" деген жазу бар. Қола мен граниттен құйылған, биіктігі үш метр "Ана" монументін Қанат Бигулиев, Айдос Бүркітбаев пен Дулат Үсембаев сомдаған.

Тарих және этнология институтының директоры Ханкелді Әбжанов Азаттыққа берген сұхбатында 20-ғасырда қазақ халқы үлкен үш нәубетті - ашаршылық, саяси қуғын-сүргін және екінші дүниежүзілік соғысты басынан өткергенін айтты.

"Ескерткіш не себепті тек 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына орнатылған. 1921-1922 жылғы ашаршылық құрбандары неге ескерілмеген?" деген Азаттық сұрағына тарихшы ғалым "1921-1922 жылғы ашаршылық пен 1931-1933 жылдардағы ашаршылықты салыстыруға болмайды" деп жауап берді.

- 1921-1922 жылғы ашаршылықты зерттеу керек. 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш қою - үлкен шаруаның басы. 1921-жылғы ашаршылық құрбандарына да, 1916 жылғы үркіншілік құрбандарына да ескерткіш қойылады. Екеуі бірдей болады деп ешкім уәде беріп, мойнына алған жоқ. Қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш те ашылады. Ең бастысы - тәуелсіздік алдық, мұндай болады деп 74 жылда түсімізге де кірген жоқ. Осыған да тәуба деу керек, - деді Хангелді Әбжанов.

Ашаршылық тарихын зерттеуші кей мамандардың деректері бойынша, 1931-1933 жылдары қазақ даласында болған ашаршылық салдарынан екі миллионға дейін адам құрбан болған.

Алматыдағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылу шарасынан Азаттық жүргізген тікелей эфир видеосы:

XS
SM
MD
LG