Accessibility links

Жылыжайдан дүкен сөрелеріне дейінгі шырғалаң


Алматы дүкендерінің біріндегі көкөніс сөресі. 19 наурыз 2017 жыл. (Көрнекі сурет)
Алматы дүкендерінің біріндегі көкөніс сөресі. 19 наурыз 2017 жыл. (Көрнекі сурет)

Фермерлер «өніміміз делдалдар арқылы сатып алушыға жеткенше екі есе қымбаттайды» деп қынжылады. Бірақ Қазақстанда көкөніс өсіріп, оны өнеркәсіптік көлемде қайта өңдеу үшін іске қосылған көптеген жобалардың сәтсіздікке ұшырауына сауда желілері кінәлі емес.

«МАФИЯ» ДЕП ЖАЗҒЫРУ ЖӘНЕ ҚЫЗАНАҚ

Ақпанда Қазақстан ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов пен сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мүшелерінің кездесуінде Дариға Назарбаева «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» («Продкорпорация») ұлттық компаниясын «мафия» деп атаған еді. «Мафияға» қатысты айыптау жергілікті ақпараттық ленталардың бас жағында бірер күн тұрғаны болмаса, әлгі мәлімдеме сол күйі аяқсыз қалды. Ешқандай тексеру жүргізіліп немесе ешкімді қамауға алған жоқ.

Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева. Астана, 18 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева. Астана, 18 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

«Продкорпорация» компаниясының баспасөз қызметі өкілдері Азаттық тілшісін «сенаторлар базарлардағы бағаны реттеу мәселелерін біздің жұмысымызбен аздап шатастырып алды» деген уәжге иландыруға тырысты.

«Продкорпорация» баспасөз қызметінің хатында «Корпорация базарларды көкөніс, жеміспен қамтумен ешқашан айналысқан емес. Біздің жұмысымыз – аграрийлердің тұқым себу және астық (арпа-бидай) жинау, сақтау, астықты экспорттау науқанын қаржыландыру» деп жазылған.

Бірақ «Продкорпорация» еншілес компаниялары арқылы дәнді дақылдар ғана емес, жеміс-көкөніспен, оларды сақтау және қайта өңдеу шаруаларымен де айналысатынын осы компанияның жалғыз акционері - «ҚазАгро» ұлттық холдингі сайтында жарияланған қаржылық есептен көруге болады. Қаржылық есептің 52-бетінде өзге еншілес кәсіпорындардың ішінде «Сараптамалық аграрлық компаниясы» ЖШС мен «Жаңа Ақ Дала агрофирмасы» ЖШС де көрсетілген.

2009 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 500 гектар ашық жерге қызанақ өсіру жобасы «Продкорпорацияның» әлгі еншілес компаниялары арқылы іске қосылған. Өндіріс үшін қызанақ сықпасын шығаратын зауыт салынған. «Казахстанская правда» газетінің хабарлауынша, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу, сегіз су қоймасын салып, магистраль арық қазуды қоса есептегенде, бүкіл кешенге мемлекет қазынасынан екі миллиард теңге жұмсалған.

Алматы дүкендерінің біріндегі көкөніс сөресі. 19 наурыз 2017 жыл.
Алматы дүкендерінің біріндегі көкөніс сөресі. 19 наурыз 2017 жыл.

Бірақ 2012 жылы кәсіпорын жұмысы тоқтап қалды. Қазіргі заманға сай жабдықтары бар зауыт жабылды. Егіс алқаптарын қурай шөп басты. 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына барған сапары кезінде президент Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті биліктің жұмысын қатты сынап, өндірісті жаңғыртуды талап еткен. 2014 жылдың күзінде кәсіпорын қайта «түледі». «Казахстанская правда» газеті дерегінше, мемлекеттік бюджеттен тағы 100 миллион теңге бөліп, «Ақ дала агрофирма» деген ескі атауына «жаңа» сөзін қосты.

«Сараптамалық аграрлық компаниясы» өкілі Болат Әлімжановтың «Казахстанская правда» газетіне хабарлауынша, «әуелгі сәтсіздіктер біліксіз менеджемент кесірінен басталып, кейін кәсіпорынның қаржы қиындықтарына ұласқан». «Продкорпорация» еншілес компаниясы өкілінің мәлімдемесіне қарамастан, «Жаңа Ақ Дала» агрофирмасы» кәсіпорны білікті менеджмент проблемасын сол күйі шешкен жоқ, қызанақ сықпасын шығаратын зауыт бір жылдан кейін жұмысын тағы тоқтатты.

Ол кезде Арыс қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімі бастығы Нұрлыбек Адамбеков Оtyrar.kz сайтына жағдайға қатысты «Қазір томат зауыты өз өнімін шығармайды, алманы қайта өңдеумен айналысады. Зауытты жабуға қаржы жетпеуі себеп болды» деп комментарий берген.

Зауыт үш ауысымда жұмыс істеді, сосын «Продкорпорацияда» кадрлық ауыс-түйістер болды. Өндіріс «тұралай» бастады. Зауыт жабылып қалды.

Қызанақты қайта өңдеу зауытының бұрынғы директоры Шәкен Бөлекбаевтың Азаттыққа айтуынша, «2009 жылы дихандар әр гектардан 100 тоннадан артық өнім алып, кәсіпорын көп өнім жинаған».

- Зауыт үш ауысымда жұмыс істеді, сосын «Продкорпорацияда» кадрлық ауыс-түйістер болды. Өндіріс «тұралай» бастады. Зауыт жабылып қалды, - дейді Шәкен Бөлекбаев.

Іле-шала зауытты жеке инвесторға сатып жіберді. Бұрынғы директордың сөзінше, ол толық қуатпен сол күйі жұмыс істемеген. Кәсіпорында 100-ден аса жұмысшы істеген.

ИНДУСТРИАЛДЫҚ АЙМАҚТАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ЖЫЛЫЖАЙ

Экономист Әзімбек Амантай елдегі ұлттық компаниялар шығынға бататын жобаларды көптеп іске қосады деп санайды. Кейін оларды жеке тұлғалар арзанға сатып алады, ал бюджет ақшасы босқа жұмсалады.

Сәтсіздікке ұшыраған жобалар үшін ешкім жауапқа тартылмайды. Егер ұлттық компаниялар бәрібір банкротқа ұшырайтын жобалармен өздері айналыспай, бизнесмендерді ойға қонымды пайызбен қаржыландырса, бюджет ақшасын тиімді пайдалануға болар еді. Жобалар бәсекелестік ортада дамуы тиіс қой, тәуекел етіп ақша салған бизнесмендер ауыл шаруашылығы саласындағы бизнесін дамытуға мүдделі болар еді, - дейді Әзімбек Амантай Азаттыққа.

Алматыдағы «BRB АРК» жылыжай кешені жеке инвесторлардың ақшасы мен «ҚазАгро» ұлттық холдингінен жылдық алты пайызбен лизингке алынған қаржы есебінен іске қосылған. Алматының шетіндегі «Индустриалдық аймақта» орналасқан жаңа жылыжай кешені өкілдерінің Азаттыққа айтуынша, бизнес-жоспарға сәйкес, жобаға жұмсалған ақша жеті жылдан кейін ақталуы тиіс.

«BRB АРК» жылыжайларының жұмысшысы. Алматы, 10 наурыз 2017 жыл.
«BRB АРК» жылыжайларының жұмысшысы. Алматы, 10 наурыз 2017 жыл.

2012 жылы қала билігі ғылым жетістіктері және жоғары технологиялар негізінде импортты алмастыратын өнім шығаратын өндірістерге территория бөлген. Іске қосылады деп жоспарланған 17 кәсіпорынның қазір біреуі ғана – голландтық технология бойынша көкөніс өсіретін жылыжай кешені ғана жұмыс істеп тұр.

Қаржы директоры, жасы 30-дар шамасындағы жас жігіт Ғайни Өмірсеріков өндірісті көрсетер алдында Азаттық тілшісіне халат пен аяқ киім сыртынан киетін бахил берді.

Оның сөзінше, табиғи биологиялық қорғаныс жүйесіндегі жылыжай карантин режимінде жұмыс істейді. Оның мәнісі - паразиттердің бір түріне қарсы қызанақ, қиярларға зияны жоқ өзге паразиттерді пайдаланады. Қызанақ, қиярды голландтық технология бойынша өсірген кезде пестицидтер сияқты химикаттар қолданылмайды. Жылыжайда тіпті топырақ та жоқ. Өсімдіктер минералдық мақтадан өсіп шығады, оған қоректік ертінді жеткізіп тұратын түтікшелер тартылған.

- Өскіндерді әуелі күріш плантацияларындағы сияқты су жайып қоятын арнайы көшеттер аймағында өсіріп алады. Тамырланған кезде оларды тамшылатып суару режимі мен күн сәулесін барынша тиімді пайдалану үшін ауа-райына қарай ашылып-жабылып тұратын пердешелер жүйесі бар арнайы ортаға орналастырады, - дейді Ғани Өмірсеріков.

«BRB АРК» жылыжайларының жұмысшысы өнімді жәшіктерге салып жатыр. Алматы, 10 наурыз 2017 жыл.
«BRB АРК» жылыжайларының жұмысшысы өнімді жәшіктерге салып жатыр. Алматы, 10 наурыз 2017 жыл.

Голландия - жабық жерде көкөніс өсіру жағынан әлемде Израильмен қатар алдыңғы орын алатын ел. Азаттық тілшісі «BRB АРК» жылыжай кешенінде жұмыс істейтін голланд агрономы Кейс Кренинбергті жолықтырды. Ол өндірістің технологиялық нормаларын орындауды қадағалап, жергілікті жұмысшыларды үйретеді.

Ғайни Өмірсеріковтің сөзінше, жылыжай «Алтын орда» базары мен «Магнум» гипермаркеттер желісіне күніне 30 тоннаға жуық қызанақ, қияр жеткізіп тұрады. Қаржы директорының айтуынша, жылыжай өнімдерінің бағасы қымбат емес, қиярдың бір килограмының көтерме бағасы - 450-500 теңге, ал қызанақ - 500-550 теңге. Жылыжай кешені өкілдерінің сөзінше, бөлшек саудада баға екі еседен артық қымбаттайды.

Мерекелік аптада Алматыдағы «Магнум» гипермаркетіне барған Азаттық тілшісі қиярдың бір килограмы 499 теңгеден, ал қызанақтың бір килограмы 649 теңгеден сатылып жатқанын байқады. Бірақ бұл – Наурыз мерекесіне орай арзандатылған баға. Әдеттегі күндері «Магнумда» қиярдың бір килограмы – 799 теңге, ал қызанақтың бір килограмы 1119 теңге тұрады.

«Продкорпорация» ұлттық компаниясы Қазақ ССР-і нан өнімдері министрлігінің орнына құрылған. Компанияға иелік ету құқығы мен акциялар пакеті ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты «ҚазАгро» ұлттық холдингіне тиесілі.

XS
SM
MD
LG