Accessibility links

Күдіктінің «тұйық әрі төбелесқұмар бала болғанын» айтады


Алматыда полиция бөліміне шабуыл жасады деген күдікті Руслан Күлекбаевтың (жерде) ұсталған сәті. 18 шілде 2016 жыл.

Алматыда полиция бөліміне шабуыл жасады деген күдікті Руслан Күлекбаевтың (жерде) ұсталған сәті. 18 шілде 2016 жыл.

Алматыда шілденің 18-і күні енгізілген террор қаупінің ең жоғарғы қызыл деңгейі сарыға ауыстырылды. ҰҚК алты адам қаза тапқан шабуылды «жалғыз кісі жасады» деп, күдіктінің аты-жөнін жариялады. Азаттық тілшісімен тілдескен танысы оның тұрғылықты жерін жиі ауыстырып келгенін, намаз оқитынын айтты.

Шілденің 18-і күні жасалған шабуылдан қаза тапқандардың саны бүгін алты адамға жетті. Алматының Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы мен Алматы ҰҚК департаменті ғимараттарына шабуыл жасаған адам полиция қызметкерлерімен көшеде атысқан еді. Шабуыл кезінде жараланған тағы бір полицей өмірден озғанын Алматы ішкі істер департаменті (ІІД) бүгін хабарлады. Кеше үш полицей, екі қала тұрғыны оққа ұшқаны, бірнеше полицейдің жансақтау бөліміне түскені белгілі болған.

Сол күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрағалығымен Астанада өткен қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасы Владимир Жұмақанов ұсталған күдіктінің аты-жөнін жариялап, оған сипаттама берді.

«Күлекбаев Руслан Алпысбаевич, шілденің 11-і күні 1990 жылы Қызылорда облысында туған, бұрын Байқоңыр қаласында тұрған. Үйлі-баранды. Қазіргі кезде Алматы облысы Іле ауданы Ынтымақ ауылында тұрған. Ұялы телефондар сатумен айналысқан. Тамыздың 27-сі күні 2010 жылы Шымкенттің Еңбекші аудандық соты үкімімен қылмыстық кодекстің 178-бабы 2-тармағы бойынша («Зорлық көрсету арқылы тонау») сотталған. Мамырдың 8-і күні 2012 жылы Қызылорда облыстық соты оны қылмыстық кодекстің 251-бабымен («Заңсыз қару сақтау») 2 жыл 11 айға соттаған. Колонияда салафиттермен жолыққан» деді ҰҚК төрағасы.

ВИДЕО: Қауіпсіздік кеңесінің отырысы (18 шілде)

Алматыда шілденің 18-і күні түсте енгізілген террор қаупінің ең жоғарғы қызыл деңгейі кешке сарыға ауыстырылған.

«ЫНТЫМАҚТА ТҰРМАЙДЫ»

Азаттық тілшісі күдікті Руслан Күлекбаевты білетін адамдарды және оның жақындарын іздеп тапты.

Журналистік зерттеу кезінде Руслан Күлекбаевтың Алматы облысы Іле ауданы Ынтымақ ауылында тұратын қызбен отау құрғаны белгілі болды. Ынтымақ ауылының өзін «Ғабит» деп таныстырған тұрғыны Азаттық тілшісіне «Руслан - менің күйеу балам, қарындасым Аяулым Үмбетқұловамен бес-алты жыл бұрын үйленген» деді.

- Бірақ ол бізбен бірге тұрмайды. Қарындасым мен күйеу баланың қайда тұратынын білмейміз. Бізбен байланыстары жоқ. Күйеу бала Байқоңырда туған. Қазір екеуінің бес жастағы ұлдары бар. Күйеу бала әкесі жоқ, көп ағайынды екенін айтқан. Басында қарындасым «намаз оқиды» дегенде жақсы бала ғой деп қуанғанбыз. Қарындасыма хиджапқа ұқсас жаулық таққызды, - дейді Ғабит.

Оның айтуынша, Руслан Күлекбаев пен қарындасы үйленгенде екі жақ келіспей қалып, кейін құдалар араласпай кеткен.

- Жігіт жақ [екеуі үйленгенде] той жасамады. Рұқсат сұрап құда түскен де жоқ. Сондықтан бетімізді көрмедік деп араласпай кеттік, - дейді Ғабит.

Ғабит күйеу баласы Русланды бірнеше жыл бұрын бір рет көргенін, олардың тұратын жерлерін жиі ауыстыратынын айтады. Ол Русланның бір рет істі болғанын таныстарынан естіген.

ВИДЕО: Күдіктіні ұстаған сәт

Ал Ынтымақ ауылының учаскелік полициясы Ескендір Бектас Руслан Күлекбаевтың ол ауылда тұрмағанын айтады.

- Ынтымақта тұрады деген соң тексердік. Оның ауылда тұрмағаны, тек қыз алғаны анықталды. Қыздың ата-анасы күйеу балаларын тек бір-екі рет көргендерін, қазір араласпайтынын айтты. Олар күйеу баласы мен қызының Ынтымақта тұрғанына қарсы болып, тұрғызбаған, - дейді полиция өкілі.

Ынтымақ ауылы қарайтын Боралдай ауылдық округы әкімдігінің салық қызметінің Жанар есімді маманы Азаттық тілшісіне «Руслан Күлекбаевты әкімдіктегі құжаттардан да, салық базасынан да іздеп, еш дерек таппағанын» хабарлады.

«ТҰЙЫҚ БАЛА БОЛАТЫН»

Байқоңыр қаласының Талғат есімді тұрғыны күдікті Руслан Күлекбаевты қалада сырттай бір-екі рет көргенін айтады. Оны «тұйық бала болатын» дейді.

- Байқоңырда 7-ықшамауданда тұрды. Қаладағы Гагарин атындағы 8-қазақ мектебінде (қазіргі 275-мектеп – ред.) оқыған. Әке-шешесі ажырасып кеткен. Шешесі Байқоңырда тұрады. Екінші рет сотталып шыққан соң Алматыға кетті. Байқоңырға анда-санда келіп тұратын. Мектепте тұйық, көп сөйлемейтін бала болды. Бірақ арақ ішіп алса, төбелеске кіріп кететін. Түрмеге төбелесіп отырып шыққан, - деді Талғат.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Алматыдағы атыс күнгі суреттер (суретті басыңыз)

Азаттық тілшісі Руслан Күлекбаевтың туыстарымен Байқоңырдағы таныстары арқылы сөйлеспек болған еді, бірақ олар қандай да бір ақпарат я дерек беруден үзілді-кесілді бас тартты.

Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов «Руслан Күлекбаев ұсталғанға дейін Алматыда «әйел өлтірді» деген күдікпен іздеуде жүрген» деп хабарлады. «Ұсталған Күлекбаев түрмеде отырған жылдары үшін полицейлерге өштескен. Солардан кек алу үшін оқ атқан» дейді министр.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қазір күдіктінің қаладағы тергеу изоляторында отырғанын айтты.

Шілденің 18-і күні күдікті Алматыдағы Абылай хан даңғылы бойындағы «Қазақконцерт» ғимараты жанында ұсталған. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ол шабуылды теракт деп бағалады.

Бір ай бұрын Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған болатын. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған. Билік олардың "салафиттер" екенін хабарлап, "шетелден нұсқау алғанын" мәлімдеген.

Қазақстанда 2011 жылдан бастап полиция мен "экстремистер" делінген топтар арасында бірнеше рет қақтығыс болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG