Accessibility links

«Шабуылдан айныған» шұбаршилік жігіт


Ақтөбеде 5 маусымда болған шабуылдан соң ұсталған Азамат Абдрахмановтың үш жасар ұлы Абдулазиз бен әкесі Алпамыс Абдрахманов. Шұбарши ауылы, Ақтөбе облысы, 23 маусым 2016 жыл.

Ақтөбеде 5 маусымда болған шабуылдан соң ұсталған Азамат Абдрахмановтың үш жасар ұлы Абдулазиз бен әкесі Алпамыс Абдрахманов. Шұбарши ауылы, Ақтөбе облысы, 23 маусым 2016 жыл.

Ақтөбедегі қарулы шабуылдан «соңғы сәтте айныған» бірнеше адам тергеліп жатыр. Олардың бірі Азамат Абдрахманов бес жыл бұрын «діндарлар» мен полиция атысы болған Шұбарши ауылынан шыққан.

«ШАБУЫЛ ЖОСПАРЫ ЖАЙЛЫ БІЛГЕН»

Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бұған дейін Ақтөбеде 2016 жылы маусымның 5-і күні жасалған қарулы шабуыл жоспары жайлы «алдын ала білген, бірақ соңғы сәтте айнып қалған» жиырмадан астам адам анықталғанын мәлімдеген. Бірақ олар жайлы толық ресми ақпарат жоқ. Ақтөбедегі шабуылдардан кейін ұсталып, қазір тергеу абақтысында отырғандардың бірі – Шұбарши ауылының тумасы Азамат Абдрахманов.

Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарши ауылындағы Алпамыс Абдрахмановтың үйіне Азаттық тілшісі барған кезде 57 жастағы отағасы әкесін іздеп жылаған үш жасар немересі Абдуләзизді «папаң жұмысқа кетті» деп алдаусыратып, жұбатып отыр екен. Абдуләзиз бен әлі жасқа толмаған Әзизаның әкесі - Алпамыс Абдрахмановтың үлкен ұлы Азамат Абдрахмановты құқық қызметкерлері маусымның 7-сі кешкісін осы үйден ұстап, облыс орталығына алып кеткен. Үй-ішінің айтуынша, қазір ол Ақтөбедегі тергеу изоляторында қамауда отыр.

Ақтөбеде 2016 жылы 5 маусымда болған шабуылдар кезінде бейнебақылау камерасына түсіп қалған қарулы топ делінген видеодан скриншот.

Ақтөбеде 2016 жылы 5 маусымда болған шабуылдар кезінде бейнебақылау камерасына түсіп қалған қарулы топ делінген видеодан скриншот.

Азамат Абдрахмановтың келіншегі 22 жастағы Бақытгүл Нұрқасымова күйеуінің Ақтөбедегі пәтерден маусымның 5-і күні күндізгі сағат он бірдің шамасында «қонаққа барамын» деп шығып кеткенін айтып берді. Түс әлетінде үйге оралған күйеуі келіншегіне «қазір ауылға кетеміз» деген соң, отбасы шұғыл жолға шығып, түс ауа Шұбаршиге жеткен.

- Екеуміз оған дейін ауылға ораза кезінде барамыз деп жоспарлағанбыз. Өйткені, жалдап отырған пәтердің ай сайынғы 50 мың теңге төлемақысына ақша жетпей қиналып жүргенбіз. Азаматтың тұрақты табысы да болмады, - дейді Бақытгүл Нұрқасымова.

Келіншектің айтуынша, маусымның 5-і күні Ақтөбеде жасалған қарулы шабуылға қатысқандармен күйеуінің байланысы болғанын білмеген.

- Жол-жөнекей маған сыр білдірген жоқ. Азаматтың әлгі адамдармен бірге болып, ақырғы сәтте ойынан айнып қалғанын тек маусымның 7-сі күні кешкі сағат тоғыз жарымдарда оны үйден полиция ұстап әкеткеннен кейін ғана білдік, - дейді Бақытгүл.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ЖАЙЛАҒАН АУЫЛ

Алпамыс Абдрахмановтың айтуынша, 1988 жылы қыркүйектің 8-і дүниеге келген Азамат пен Аманат есімді егіз ұл – осы шаңырақтағы үш баланың үлкені. Аманат қазір отбасымен бірге Ақмола облысында, ал үйдің кенжесі Саламат Шұбаршиде, әкесінің қолында тұрып жатыр. Азаматтың анасы Нәзипа осыдан 10 жыл бұрын дүние салған. Шұбаршидегі көршілері Абдрахмановтар отбасының үш ұлын темекі мен ішімдіктен аулақ, мінездері біртоға жігіттер болатын деп сипаттайды.

«Ұлы қабырға» қытай-қазақ бірлескен компаниясында жұмысшы болып істеген Алпамыс Абдрахманов биылғы жылдың басында жұмыстан қысқарып қалған соң, бір үйлі жан кіші ұлы Саламаттың 60 мың теңге жалақысына қарап қалған. Жаңажолдағы мұнай компанияларының бірінде электрик болып істеген, кейін қысқартуға түскен Азамат та бұл кезде үйде жұмыссыз отырған. Осыдан төрт ай бұрын Азамат әйелі және екі баласын алып Ақтөбеге көшкен.

Шұбарши ауылындағы мешіт. Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 23 маусым 2016 жыл.

Шұбарши ауылындағы мешіт. Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 23 маусым 2016 жыл.

- Ауылдан оған жұмыс табылмады және әкесі де жұмыссыз қалған соң, үйдегілерге масыл болғысы келмеді. Оның үстіне менің денсаулығымды ойлады. Былтыр жүрегіме күрделі операция жасалған. Қазір жүрегім тым баяу, минутына әрі кетсе 30 рет қана соғады. Үнемі дәрігердің бақылауында болуым керек. Ал Шұбаршиде кардиолог маман жоқ, тек қалада бар, - дейді Азаматтың әйелі Бақытгүл.

Бірақ Ақтөбеге көшіп барған жігітке ол қаладан да тұрақты жұмыс табылмаған.

- Базарда өзі сияқты діндар жігіттермен бірге қол телефонын сатып жүрген. Тапқан-таянғаны ай сайын пәтерақыға төлейтін 50 мың теңге мен ас-суынан аспайтын. Балама адвокат жалдайтындай да шамамыз жоқ, - дейді әкесі Алпамыс Абдрахманов.

Үй-ішіндегілер Азамат Абдрахмановтың осыдан бес жылдай бұрын намазға жығылғанын айтады.

ШҰБАРШИДЕ ДІНДАРЛАР ЕРЕКШЕ НАЗАРДА

Шұбарши ауылдық округінің әкімі Азамат Өсербаев 2011 жылы шілде айында осы ауылда діндар топ пен полиция арасында 17 адамның (бесеуі – полиция өкілдері) қазасына себеп болған атыс оқиғасынан кейін елді мекендегі «өзге діни ағымдағы» азаматтар ерекше назарда екенін айтып берді. Әкім «олардың бетін өзге ағымнан Әбу Ханифа мәзхабына бұруымыз керек» деп санайтын әлгі адамдардың арасында Азамат Абдрахманов та болған.

Өсербаевтың сөзінше, биыл маусымның 5-і күні «Ақтөбеде атыс болыпты» деген суыт хабарды естіген бойда ол ауылдағы дін жолына түскен жігіттерді түгендеп шыққан. «Алпамыс ағайдың баласы сол күні Шұбаршиге отбасымен бірге оралғанын естіп, алаңсыз отырғам» дейді ауыл әкімі.

Шұбарши ауылдық округінің әкімі Азамат Өсербаев. Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 23 маусым 2016 жыл.

Шұбарши ауылдық округінің әкімі Азамат Өсербаев. Темір ауданы, Ақтөбе облысы, 23 маусым 2016 жыл.

- 2011 жылғы оқиғадан соң діндар тұрғындардың бәрін есепке алып, үнемі бақылап отырамыз. Бұл топта еңбекке қабілетті, бірақ жұмыссыз жүрген 28 адам бар. Жоғарғы жақтан ең бірінші кезекте соларды жұмысқа орналастыру туралы тапсырма алдым. Жергілікті мұнай компанияларымен байланысып отырмын. Орын босаған жағдайда ең алдымен осыларға басымдық беріледі, - дейді Шұбарши ауылдық округінің әкімі.

Ақтөбеде маусымның 5-і екі қару дүкені мен ұлттық гвардияның әскери бөліміне қарулы топ шабуыл жасады. Шабуылдар салдарынан жеті адам: үш әскери және төрт бейбіт тұрғын қаза тапқаны хабарланды. Шабуылға күдіктілерге қарсы арнайы операция бірнеше күнге жалғасты. Ресми мәлімет бойынша, 18 күдіктінің көзі жойылып, 9-ы қолға түскен.

Қазақстанда соңғы уақыттағы ең үлкен қантөгіске айналған оқиғалардың бірі – Ақтөбеде маусымның 5-і күні болған қарулы шабуылды ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев «шетелден нұсқау алған жалған діни ағым өкілдерінің террорлық шабуылы» деп атаған. Ақтөбедегі оқиғаларға байланысты маусымның 5-інен бастап Қазақстан бойынша 40 күн мерзімге террорлық қауіп-қатердің сары деңгейі жарияланған.

XS
SM
MD
LG