Accessibility links

Зағип балалар хат танымайды


Елизавета Хижняк есімді зағип бала. Астана, 15 мамыр 2014 жыл.
Елизавета Хижняк есімді зағип бала. Астана, 15 мамыр 2014 жыл.

Қазақстандық мүмкіндігі шектеулі баланың сау балаға қарағандағы орта білім алу мүмкіндігі 2 есе аз. Арнайы мектебі жоқ астаналық зағип балалар – бұлардың ішіндегі ең мұқтаж топтардың бірі.

Елизавета Хижняк – 25 апталық мерзімде шала туып, көру қабілетінен айырылған қыз бала. Төрт жасар сәбидің анасы Татьяна Хижняк мерзімінен бұрын дүниеге келген балалардың ретинопатия, яғни көз жанарының толықтай көрмей қалу сырқатына шалдығатынын кеш білгенін айтып өкінеді.

«Бала 9 айға толып, ота жасау үшін Санкт Петербургке барғанда бәрі де кеш еді. Біз бұған көндік, ендігі міндет – Лизаны өз қатарынан қалдырмай, санасы мен психикасын, дене мүмкіндіктерін толық дамыту. Дегенмен, менің медициналық немесе педагогикалық білімім жоқ, баламның дұрыс тәрбиеленуі үшін не қажет екенін білмеймін. Үш жасқа толғанша берген тәрбиемнің зағип баланың дамуы үшін қаншалықты дұрыс болмағанын уақыт өте келе пайымдап жатырмын» дейді Лизаның анасы Татьяна Хижняк.

Көз мамандарының айтуынша, адам өмір бойы танып-білетін ақпараттың басым бөлігін визуалдық түрде – көзі арқылы қабылдайды. Сол себепті көру функциясы нашарласа, даму мүмкіндігі бірден шектеледі.

«ЕҢ ШАРАСЫЗ МҮГЕДЕКТЕР ТОБЫ»

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда көру қабілетінде күрделі патологиясы бар 3500 бала тіркелген. Көруі нашар болғандықтан, жалпы білім беру және түзету сыныптарында оқи алмайтын балалар республиканың бірнеше қаласында ғана бар интернаттарға бару үшін өз отбасынан алыстап, басқа жерде оқуға мәжбүр. Бірақ балаға тек қана білім алу емес, сонымен қатар ерте жастан бастап толық даму үшін қоршаған ортамен қарым-қатынас орнату және әлеуметтену қажет. Бұл мәселелерге қатысты сұрақтарына жауап табу үшін Татьяна Хижняк мамыр айында Астана қаласында өткен «Көру қабілеті бұзылған балаларды классификациялау» атты семинарға қатысты.
Елена Хижняк көзі көрмейтін қызы Елизаветаны ойнатып отыр. Астана, 14 мамыр 2014 жыл
Елена Хижняк көзі көрмейтін қызы Елизаветаны ойнатып отыр. Астана, 14 мамыр 2014 жыл

Аталған семинарды Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамытуға арналған жоба шеңберінде «Дара» қоры ұйымдастырды. Жобаның мақсаты – мүгедек балаларға білім беру мен дамыту барысында тең мүмкіндіктер туғызу және жергілікті тифлопедгогтарды заманауи әдістемелермен таныстыру. Азаттық тілшісі семинар кезінде дәріс беруге келген тифлопедагогика саласында көпжылдық тәжірибесі бар ресейлік маман, педагогика ғылымдарының кандидаты Венера Денискинамен сұхбаттасты.

«Әдетте ақыл-ойы сақталған көзі көрмейтін балалар үшін басты тосқауылдардың бірі – тұратын мекені бойынша арнайы жағдайлар мен оқытушы материалдардың болмауы болып отыр. Осыған қоса мамандар қызметінің, сонымен қатар өмірге икемделу (кеңістікте бейімделу, өз-өзіне қызмет ету) негіздерін үйрететін мамандардың тапшылығы қиыншылық тудырады. Сондықтан көзі мүлдем көрмейтін және көру қабілеті нашар адамдар – мүгедектер арасындағы едәуір осал таптардың бірі болып қалып отыр. Өйткені олардың арасында жұмыспен қамтылған және өз бетінше, өзгенің көмегінсіз өмір сүріп жатқандары өте сирек» дейді маман.

ОҚУЛЫҚ ТАПШЫЛЫҒЫ

Арнайы балабақшалар мен мектеп-интернаттарының түзету кабинеттерінде қызмет атқаратын жергілікті дефектолог мамандар мен тифлопедагогтар үшін мұндай дәрістер мен тәжірибе алмасудың маңызы зор. Семинарға қатысушының бірі – дефектолог Сәуле Сағымбаева Семей қаласындағы көзі нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернатта жұмыс істейді.

«Мекемеміз 1979 жылы ашылған. Сыйымдылығы 120 балаға арналса да, онда 150-ден астам бала тәрбиеленіп жатыр. Кезекте тұрған балалар да баршылық. Мектеп-интернат орналасқан ғимарат типтік ғимарат емес, ыңғайластырылған. Біз жеткіншектерді жалпы орта білім беру жүйесі бойынша оқытамыз. Оқулық тапшылығы әлі күнге дейін өте күрделі мәселелердің бірі болып қалып отыр» дейді ол.
Сәуле Сағымбаева, дефектолог. Астана, 13 мамыр 2014 жыл
Сәуле Сағымбаева, дефектолог. Астана, 13 мамыр 2014 жыл

Азаттық тілшісі әңгімелескен зағип балаларға сабақ беретін бірқатар мұғалімдер Брайль шрифтімен жазылған кітаптардың Қазақстанда басылмайтынын, ондай кітаптарды өз принтерлері арқылы көбейтіп, пайдаланатынын айтып шағынды.
Ал Астанада жоғарыда айтылғандай мектеп-интернат та, арнайы балабақша да жоқ. Сол себепті көру қабілетінде ақауы бар мектеп жасындағы 30-дан астам бала әлі хат танымайды. Соның бірі – Адина мен оның ата-анасымен Азаттық тілшісі семинарға қатысушылар арқылы танысты. Адинаның құрдастары бүгінде 3-сыныпта оқып жатыр. Ал ол бір әріп болса да үйренуді арман етіп күн кешеді.

Астанада мүгедек балалар қажетті арнайы білім ала алмай жүрсе, Алматы облысындағы осыдан бір жарым жыл бұрын ашылған көзі нашар көретін балаларға арналған республикалық мектеп-интернат, керісінше ұзақ уақыт жартылай бос тұрды. Бұл жағдай жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының да назарына ілінген. 1990 жылдардың соңында «Астана қаласы мүгедек балалар қоғамын» құрған, осы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қамқа Жасанова Азаттыққа құлағы нашар еститін перзентінің жақын жерде, ыңғайлы жағдайда білім алуы үшін қандай қиындықтардан өткенін баяндап берді.

«Әуелі құлағы нашар еститін 7 балаға арналған кабинет аштық. Бірлестіктің қоғамдық жұмысы да содан басталды. Бүгінде есту қабілетінде ақауы бар балалар үшін білім алуда қиындық жоқ, арнайы топ та, коррекциялық сыныптар да бар. Одан өзге, психикалық-неврологиялық ауытқушылығы бар (ДБР, аутизм, Даун синдромы т.б.) балаларға арнап «Балам-ай» күндізгі орталығын аштық. Мекеме 70 адамға лайықталған. Онда тіпті 18-30 жас аралығындағы ересектер де бар. Ал енді қалып отырғаны – зағип және көзі нашар көретін балалар» деді Қамқа Жасанова.

ЕКІ ТИФЛОПЕДАГОГ

Астанада зағип перзентіне орта білім беру орнын таба алмаған Татьяна Хижняк осындай орталығы бар Қарағандыға көшуге жағдайы жоқ екенін айтады.

«Науқас баламен бірге көшіп-қонып жүру де оңай емес қой. Көптеген облыстарда бола тұра, ел ордасы Астанада неге мұның бірі де жоқ? Мен соны түсіне алар емеспін. Маман тапшылығын да айта кету керек. Балабақшадан топ ашса да, мектеп ашса да, оған маманды қайдан табады? Бар тифлопедагогтардың өзі мамандығын совет заманында меңгерген апайлар мен әжейлер. Жуырда «Дара» қорының көмегімен тифлотехникалық құралдармен және көрнекі дидактикалық материалдармен жабдықталған кабинет және 1 маусымнан бастап №23 балабақша жанынан арнайы топ жұмысын бастамақ. Соның өзінде қандай маман жұмыс істейді, қанша баланы қабылдай алады, оның жұмыс кестесі қалай болады – барлығы белгісіз» дейді Татьяна.
Биыл Астанада 375 балаға арналған коррекциялық мектептің құрылысы басталып, онда білім алуға зағип балалар да қабылданады. Ал 2015 жылы сондай мақсаттағы балабақша салынады.
Астана қалалық білім басқармасы

Ресми мәлімет бойынша, Астана қаласында 150-ден астам көзі нашар көретін бала бар, оның 60-қа жуығы – көзі мүлдем көрмейтіндер. Балалардың ата-аналары қалалық білім басқармасына арнайы оқу орнын ашу туралы бірнеше рет шағымданған. Оған басқарма биыл 375 балаға арналған коррекциялық мектептің құрылысы басталып, онда білім алуға зағип балалар да қабылданатынын, ал 2015 жылы сондай мақсаттағы балабақша тұрғызылатынын айтып, жауап жолдапты. Бұл да ата-аналардың көңіліне үлкен демеу.

Астана бойынша тек 2 тифлопедагог жұмыс істейтінін мойындаған қалалық білім басқармасы бұл мәселеге орай Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне хат жолдап, сұраныстағы мамандарды даярлау туралы өтініш білдіріпті.

Татьяна Хижняк қызы Елизаветаның көзі мүлдем көрмегендіктен дамуы да кешеуілдей ме деп қауіптенеді. Сондықтан да ол қызының төрт қабырға ішінде қамалмай, өзге балалармен араласып, тең жағдайда өсіп, жетілуін қалайды. Татьяна сияқты ата-аналар тек келесі жылы салына бастайтын мектептің құрылысы ұзаққа созылмаса екен деген үмітпен ғана күн кешіп жатыр.
XS
SM
MD
LG