Accessibility links

Азаттық вебсайтында өтеді деп жоспарланған онлайн режимдегі «Чат-айтыс» жобасы айтыскерлерге бұл жобаға қатысуға тыйым салынса да, қарапайым оқырмандар арасында өте беретін болды.

Азаттық радиосының қайым айтыс жанры бойынша онлайн жазбаша сөз сайысын өткізу туралы бастамасы Мәдениет министрлігіне қарасты «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамының жаңадан ашылған Айтыс бөліміне жетекші болып тағайындалған Жүрсін Ерман мырзаның қарсылығына ұшырағаны белгілі. «Чат-Айтыс» жобасына қатысады деп жеребе бойынша сұрыпталған 16 айтыскердің көпшілігі осы мекеменің іс-шараларына қатысып жүргендіктен рұқсат ала алмағандарын айтқан. Азаттық радиосы енді бұл жобаны қарапайым оқырмандар арасында өткізуді жоспарлап отыр.

СӨЗ САЙЫСЫНА ШАҚЫРУ

Азаттық жобасында қарапайым оқырмандармен айтыс өткізу жоспары бұрын да болған. Алайда алдымен айтыс алаңында жүрген ақындар тыңнан соқпақ салып кетсе деген ниет еді.

Жобаға қатысу үшін сіздің танымал айтыскер болуыңыз міндетті емес. Тек өлең өлкесіне ат шалдырып, қазақы сөздің қаймағынан дәм татқан болсаңыз болды. «Түйе мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі».
Айтысты көруге келген әжесіне еркелеп тұрған немересі. Алматы, 2 маусым 2012 жыл.

Айтысты көруге келген әжесіне еркелеп тұрған немересі. Алматы, 2 маусым 2012 жыл.


Сондықтан да Азаттықта өтетін Чат-Айтысқа қатысам деушілер болса, өз өтініштерін білдіріп, мынадай электронды пошталарға өздеріңіз жайлы толық мәліметті электрондық адрестеріңізбен қоса жібере аласыздар – azattyq@rferl.org және nurtaylahan@gmail.com.

Чат-айтыстың ережесі өзгермейді, жоспарға сәйкес жазбаша қайым айтыс түрінде болады. Оқырман айтыскерлер өз аттарымен де, бүркеншік атпен де жарысқа қатыса алады. Қарсыласын жеңген айтыскер олимпиадалық жүйе бойынша келесі кезеңге шығып отырады. Жеңімпаз бен финалист арнайы сыйлықпен марапатталады.

АЗАТТЫҚ АЛАҢЫНДАҒЫ БЕЙРЕСМИ АЙТЫСТАР

Кешеден бері Азаттықтың пікір алаңында оқырмандар өзара бейресми түрде айтыстарын бастап та кетті.

Мәселен, өзін «Жаралы жүрек» деп атаған оқырман:

– Ақындарым тәуелді боп билікке,
Ақыр заман орнаған ба елімде,
Шындықты айтып,шарқ ұратын ақыным,
Ояныңдар, қайдасындар, ЕРІКПЕН!!! - деп ортаға сөз тастаса, ақтаулық Иілмеген қазақ:

– Өлең теру қазағыма бұйым ба,
Бес алты ауыз сөз шығару қиын ба?
Шекірейген әкімге мен мөлимен,
Керек емес, даңқың менен сиың да.
Чат-Айтысқа шықсам шығам, несі бар
Емеспін мен сөз бергенде ынтығар.
Жаңаөзеннен қыжылдаған ашуды
Тарқататын бізден де бір ұл туар, - деп көсіледі.
Айтысқа келген көрермендер. Астана, 2 желтоқсан 2011 жыл.

Айтысқа келген көрермендер. Астана, 2 желтоқсан 2011 жыл.


Өзін «Екінің бірі әу деген» деп атаған оқырманымыз:

– Айтысам кез келгенмен Чат-Айтыста,
Дүлділмін, отырмаймын сақ айтыспай.
Кез-келген тема таста, бөгелмеймін,
Жүлдеңді тартып алам, мен қайыспай.

Көнбеймін Жүрсініңе Ерманыңа,
Министр, мейлі Дархан Мыңбайың да.
Ақындық дарыныма "крест" қоймас,
Кімдер ол, жүре алмасты маңайымда.

"Елбасың - Президент, Ғұлама ма",
Халқыма қай-қайсысы тұра ала ма?
Бүгін мұз, ертең кетер тегіс еріп,
Қыс соңы - көктем келсе, оңала ма? – деп өлеңін өзінше әдіптепті.

АҚЫНДАРДЫ ҚАЙРАУ

Азаттықтың пікір алаңына келіп түскен жазбалардың бір тобы ақындарды қайрау мақсатында жазылыпты.

Мәселен, Шымкент қаласынан «Көрермен-тыңдарман»:

"Құрметті ақындар! Егер шынында да мейлі Жүрсіннен болсын, мейлі басқадан болсын аяқтарыңды тартып, осы Чат-Айтысқа шықпас болсаңдар, онда ертеңдері "ақынмын" деп ана биліктің "әдемі сахнасынан" көрінбей-ақ қойыңдар. Ал көрінер болсаңдар онда сендердің бойларыңда рух болмағаны, ол рухтарыңды билікке қайдағы бір машинаға бола сатып жібергендерің болып саналар еді. Бұл билік те кетер көктемгі мұздай болып, сол кезде елдің бетіне қалай қарайсыңдар, Тоқтардың інілері мен қарындастары?" деп пікір қалдырыпты.

Бақытжан есімді оқырман:

"Бұндай кезде айтпағанда енді қандай кезде айтасыңдар АҚЫНДАР-АУ. Енді бізде жоғалтатын да, қорқатын да еш нәрсе қалмай бара жатыр ҚАЗАҚТА"- дейді.

Ал Бауыржан есімді оқырман:

"Құрметті Азаттық! Айтыстың бойындағы бұқаралық сипататтың бар екенін осы бір оқиға жіті аңғартады. Чат-Айтыс болады дегелі, елең еткен халық оны күтті. Міне, айтыстың болмысы. Барлығында айтыста не айтылады деген ой. Бұл айтыстың ақпараттылық пәрменділігі" деп жазады.

Азаттық радиосы тағы бір мәрте Чат-Айтыс жобасының оқырмандар арасында өткізілетінін естеріңізге салады. Өтініштеріңіз бен қосымша сауалдарыңызды azattyq@rferl.org және nurtaylahan@gmail.com пошталарына жіберіңіздер.
  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG