Accessibility links

«Жоғалған» радиоактивті затты жаппай іздеу


Радиоактивті "Цезий-137" салынған темір контейнер. Сурет Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасынан алынды. 28 тамыз 2014 жыл.

Радиоактивті "Цезий-137" салынған темір контейнер. Сурет Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасынан алынды. 28 тамыз 2014 жыл.

Тасымалдау кезінде жоғалған «Цезий-137» радиоактивті заты тиелген контейнерді іздеу шаралары Маңғыстаудан Атырауға дейін жетті. Сарапшы бұл заттың адам өміріне аса қауіпті екенін айтады.

«Цезий-137» радиоактивті заты тиелген бір контейнер Маңғыстау облысында жоғалды деп хабарланғалы тоғыз тәулік өтті. Азаттық тілшісі тасымал КамАЗ көлігінде цезий тиелген жалпы саны үш контейнер болғанын, ал жоғалған контейнерге қатысты қозғалған қылмыстық істі полиция емес, ҰҚК жүргізе бастағанын және іздеу аясының Атырауға дейін жеткенін анықтады. Бұл уақыт арасында цезийлі контейнерді іздеуге барлық дерлік мемлекеттік мекемелер жұмылдырылды. Ал жоғалған цезийлі контейнердің иесі «Казпромгеофизика» компаниясы контейнерді тапқан адамға 1 миллион 500 мың теңге сыйақы тағайындады. Радиоактивті заттың көліктен кездейсоқ түсіп қалғаны, я ұрланғаны анық емес.

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Азамат Сәрсенбаевтың хабарлауынша, «Цезий-137» тиелген контейнерді іздеу аясы Бейнеу поселкесі маңынан Атырау қаласына дейінгі аумаққа кеңейтілген.

- Оны (цезийлі контейнерді – ред.) іздеу Атырауда да қолға алынды, - деп хабарлады Азамат Сәрсенбаев Азаттық тілшісіне.

Бұған дейін бұл контейнер Маңғыстау территориясындағы Шетпе – Сай Өтес елді мекендерінің бойындағы жөнделіп бітпеген жолда түсіп қалуы мүмкін деген болжамдар айтылған еді.

«КҮЗЕТПЕН ТАСЫМАЛДАНУЫ ТИІС ЕДІ»

Маңғыстау атом электр комбинатындағы БН-350 департаметінің директоры Юрий Широбоковтың Азаттық тілшісіне мәлімдеуінше, мұндай аса қауіпті радиогендік заттарды тасымалдаудың 2013 жылы бекітілген арнайы ережесі бар. Соған сәйкес радиоактивті заттар арнайы машинамен және күзетпен, санэпидстанция, құқық қорғау органдарының арнайы рұқсатымен ғана тасымалдануы тиіс. Мұндай қауіпті заттарды тасымал жолында аса ірі өндіріс нысандары мен тұрғындар шоғырланған жер болмауы тиіс.

Радиоактивті "Цезий-137" салынған темір контейнер. Сурет Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасынан алынды. 28 тамыз 2014 жыл.

Радиоактивті "Цезий-137" салынған темір контейнер. Сурет Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасынан алынды. 28 тамыз 2014 жыл.

​ - Егер ол контейнерді біреу-міреу ашса, санаулы секундтарда-ақ залалы 70 жылға созылатын радиоактивті улануға ұшырар еді. Егер контейнердің ішіндегі ампуланы ашса, ішкі ағзасына тікелей әсер ететін сәулелену болады. Ол ішкі ағзаға өкпе арқылы немесе ауыз қуысы арқылы түскен жағдайда радиоактивті заттың 80 пайызы бұлшық еттерге сіңіп, ол үнемі бұлшық ет құрылымын бұзып отырады, - дейді Юрий Широбоков.

Маманның айтуынша, сондықтан да атом энергетика саласында «Цезий-137» сияқты улы заттармен жұмыс істейтіндердің кәсіби ауруы – асқазан жарасы немесе рак.

Юрий Шербаковтың сипаттауынша, контейнердің ішіндегі цезийлі ампуланың биіктігі 6,5 мм, ал диаметрі 6 мм болуы керек. Раиоактивті заттың өзі ұнтақ түрінде, не әйнек тәрізді кристалды түрде болуы мүмкін. Маманның сөзіне сүйенсек, «Цезий-137» радиоактивті заты тиелген контейнерді тасымалдаушы көлік екі сағат сайын тексеріліп отыруы қажет болған.

«Цезий-137» тиелген КамАЗ көлігінің иесі «Казпромгеофизика» компаниясының тасымалдау ережелерін қаншалықты сақтағаны туралы ешкім білмейді. «Казпромгеофизиканың» Маңғыстаудағы учаске бастығы Қайрат Сарыбаев Азаттыққа түсініктеме беруден бас тартты. Бар болғаны: «Біз мұндай аса қауіпті затты жиі тасымалдамаймыз» деді.

«ТАПСЫРЫС БЕРУШІ БЕЛГІСІЗ»

Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Қажымұқан Қоспаев радиоактивті затты тасымалдаған КамАЗ көлігінде «Цезий -137» тиелген үш контейнер болғанын айтты.

БН-350 департаметі директоры Юрий Широбоков пен Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қажымұқан Қоспаев. Ақтау, 4 қыркүйек 2014 жыл

БН-350 департаметі директоры Юрий Широбоков пен Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қажымұқан Қоспаев. Ақтау, 4 қыркүйек 2014 жыл

- Облыста арнайы құрылған штабқа келген «Казпромгеофизика» компаниясының басшысы оны тауып алған адамға 1 миллион 500 мың теңге сыйақы беретінін хабарлады. Қауіпті затты іздеуге 45 техника бірлігі мен 257 ішкі құрылым қызметкері жұмылдырылып отыр, - деді ол Азаттыққа.

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің өкілі Азаттыққа цезий тиелген контейнердің жоғалуына байланысты қылмыстық іс қозғалғанымен, қазір контейнердің қандай жағдайда жоғалғанын анықтау үшін істі облыстық ұлттық қауіпсіздік департаменті жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Облыста барлық күштік құрылым өкілдері кірген арнайы штаб «Цезий-137» радиоактивті заты тиелген контейнерді іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

«Цезий-137» затын жоғары дәлдікпен өлшеуші техника жасау үшін ғарыш және атом өнеркәсібінде, радиотерапиямен емдеу және дәрі-дәрмекті радиациялық стерилизация жасау үшін медицина саласында қолданады.

Бұл радиоактивті затты әлемдегі кейбір терроршы топтар «лас бомба» атты жарылғыш жасау үшін де қолданатыны белгілі. Ал Азаттыққа кейбір жергілікті сарапшылардың айтуынша, Маңғыстау облысына тасымалданған «Цезий-137» заты каротаж жұмыстары үшін, яғни ұңғымалардағы мұнай мен газ көлемін анықтау үшін әкеліне жатқан. Оған нақты қай компанияның тапсырыс бергені әлі белгісіз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG