Accessibility links

Мәдениеттанушы, жазушы Әуезхан Қодар өмірден озды


Әуезхан Қодар.
Әуезхан Қодар.

Шілденің 9-ы күні жазушы, мәдениеттанушы, көсемсөзші, философия ғылымдарының кандидаты Әуезхан Қодар дүние салды.

Азаттық ұжымына Әуезхан Қодардың сырқаттанып қайтыс болғанын жолдасы Тәуке Алтынбеков естіртті.

«Тамыр» мәдени-философиялық журналының бас редакторы Әуезхан Қодар соңғы уақытта Азаттықта «Блогстан» айдарын жүргізушілердің бірі ретінде де қызмет атқарып жүрген еді.

Әуезхан Қодардың Азаттыққа берген сұхбаты:

Тәуке Алтынбековтың айтуынша, Әуезхан Қодар «Тамыр» журналының кезекті санын әзірлеп жатқанда өмірден озған.

Азаттық ұжымы Әуезхан Қодардың жақындарына, әйелі Зәмза мен қызы Айман Қодарға қайғырып көңіл айтады.

Әуезхан Қодар СССР және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болған, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы көркем аударма және әдеби байланыс жөніндегі Бас редакциялық коллегияның редакторы қызметін атқарған. 1994 жылдан бері «Алтын ғасыр» Қазақстан халықтары мәдениетін қорғау жөніндегі одақтастықтың президенті, 1999 - 2001 жылдары "Сорос-Қазақстан" халықаралық қорының Басқарма мүшесі, 2002 жылдың желтоқсанынан Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы БАҚ жөніндегі кеңестің мүшесі, 2006 жылдан «Еуразиялық зерттеулер институты» Ресей-Қазақстан қоры бас директорының кеңесшісі, 2006 жылдың мамырынан – Мәдени саясат және өнертану институтының директоры болған еді. «Парасат» орденімен марапатталған.

Қазақ тілінде Әуезхан Қодардың екі кітабы шыққан: «Қанағат қағанаты» (1994), және «Оралу» (2006), орыс тілінде шыққандары: «Крылатый узор» (1990), «Абай (Ибрагим) Кунанбаев (1996), «Круги забвения» (1998), «Очерки по истории казахской литературы» (1999), «Степное знание: очерки по культурологии» (2002), «Зов бытия» (2006) және қазақ поэзиясының бес ғасырын қамтыған «Антология казахской поэзии в переводах Ауэзхана Кодара» (2006); ағылшын тіліне аударылғаны - «Цветы руин» (2004). Өлеңдері ағылшын, кәріс, украин тілдеріне аударылған.

Әуезхан Қодар қазақ және орыс тілдерінде жазатын билингвалист және ұлттық классиканың аудармашысы ретінде танымал. Орыс тіліне ортағасырлық жыраулардың поэзиясын, Абайдың, Мағжанның, Жұматай Жақыпбаевтың шығармаларын аударған. Қазақ тіліне Е.Замятинның «Атилла» драмасын, М. Хайдеггердің, Ж. Делездің, Х.Ортега-и-Гассеттің және «Батыс философиясы антологиясы» жинағына кірген өзге шет ел философтарын аударған (2002). Қазақ тілінде шыққан «Мәдениеттану сөздігінің» (2001) авторларының бірі. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында қазақ тіліне әлемдік мәдени танымның екі томын аударған.

Әуезхан Қодар 1958 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген.

XS
SM
MD
LG