Accessibility links

Қаржы биржасында доллардың бағасы сәл төмендесе де, айырбас пункттеріндегі сұраныс жоғары


Алматының айырбас пункттерінің бірінде.26 қаңтар, 2009 жыл.

Алматының айырбас пункттерінің бірінде.26 қаңтар, 2009 жыл.

26 қаңтардағы мәлімет бойынша Қазақстан қор биржасында (KASE) 1 АҚШ долларының орташа бағамы жұмадағы көрсеткішпен салыстырғанда 0,05 теңгеге арзандап, 121,65 теңгені құрады. Соған қарамастан Алматыда доллар дүрбелеңі басталып кетті.

Осыған байланысты бүгінде қаладағы қарапайым тұрғындар арасында долларға деген сұраныс артып отыр. Ал мамандар мұндай дүрбелеңнің негізсіз екендігін айтады.

Алматы қаласының тұрғыны Едіге Исабаев, өзінің жинаған бар ақшасын долларға ауыстырғандығын айтады. Оның айтуынша, теңгенің құны күн өткен сайын түсіп, қарапайым халық өз қаржысын қалай сақтап қаларын білмей әлек.

- Доллар сатып алып жатырмын, өйткен себебім бұл одан да әрі өсе беретін түрі бар. Бүгінде дүниежүзінде экономикалық дағдарыс орын алып, біз шамамыз бен мүмкіндігіміздің жеткенінше сақтық шараларын қолға алып жатырмыз. Бүгінде халықта ұлттық валюта – теңгеге сенім жоқ.

25 қаңтарда, жергілікті телеарналардың бірінде Қазақстан Республикасы мәжілісінің қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсовның сұхбаты көрсетілді. Сұхбат аясында бүгінгі таңда қолда бар қаржыны үш валютада, яғни теңгеде, АҚШ долларында және еурода ұстаған жөн деген пікірін білдірді. Едіге Исабаев бұның өзі билік басында отырғандардың шарасыздығын байқатады деп отыр.

- Ал Қарағұсованың кешегі айтқаны, халық арасындағы үрейге түрткі болды деп ойлаймын. Себебі бюджет пен қаржыны бақылайтын адамның өзі валютаға қатысты нақты ештеңе айта алмаған соң, қарапайым тұрғындар-біздерден не сұрайсыз?

Алайда, сарапшы мамандар, АҚШ долларның теңгеге шаққандағы құнының өсуі, өткен жылдың қыркүйек айының ортасынан бастау алғандығын айтады. Сол уақыттан бері теңгенің құны 1,9 пайызға түскен. Осыны ескере отырып, бүгінде доллардың төңірегіндегі жағдайдың қалыпты екендігін айту керек дейді Қазақстанқор биржасының сарапшысы Виталий Томский.

- Соңғы бірнеше күндегі АҚШ долларының теңгеге шаққандағы құнының өсуі тұрғындардың арасындағы негізсіз дүрлігудің арқасында орын алуда. Оған, жуырдағы экономика министірінің, үстіміздегі жылы теңгенің девальвацияға ұшырау мүмкіндігі жайында айтқан сөздері негіз болуы мүмкін. Айта кету керек, валюта нарығында алыпсатарлық қалыпты жағдай. Сондықтан қазіргі жағдайды айтарлықтай ерекше құбылыс деп айтуға болмайды.

Алматы қаласындағы ақша айырбастау пункттеріндегі мамандар, доллардың курсы соңғы бір аптаның төңірегінде көтеріліп келе жатқандығын айтады.

- Соңғы бір аптада доллардың теңгеге шаққандағы бағамы күн сайын өзгеріп, көтеріліп отыр. Мәселен, бүгіннің өзінде, қаңтардың 26-сында біз 1 АҚШ долларын 123,3 теңгеге сатып алап, 124 теңгеге сатып жатырмыз – дейді Алматыдағы ақша айырбастау пункттерінің бірінің қызметкері.

Дүйсенбі, қаңтардың 26-сында, Алматыдағы ақша айырбастау пункттерінде доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 123 теңге мен 124 теңге аралығын көрсетсе. Сатып алу 124 теңгеден кей жерлерде тіпті 125 теңгені көрсетті. Алайда мамандар, шет ел валютасының қымбаттауы ең алдымен, шет елдерден қомақты қаржы алған, жекелеген ірі компанияларға кері әсерін тигізуі мүмкін дейді. Олар негізінен республикадағы екінші деңгейлі банктер. Сондықтан, қарапайым тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ дейді, Қазақстандық қор биржасының сарапшысы Виталий Томский.

- АҚШ доллары бағамының серпініне қатысты айтар болсам, айтарлықтай өсім болмайды деп ойлаймын. Соңғы статистикалық көрсеткіштерге қарағанда, сыртқы экономикалық жағдайдың мәз еместігіне қарамастан, Ұлттық банктің алтын-валюта қоры біршама ұлғайған. Бұл өз кезегінде ұлттық валюта - теңгенің кұнына оң әсерін берері сөзсіз.

Мамандар қалыптасқан жағдайға байланысты қазіргі уақытта ақшаны сол қалпында сақтамай, құнды нәрсе сатып алып қойған жақсы дегенді айтады.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG