Accessibility links

Маңғыстаудағы ереуіл дабылы Еуропа парламентіне жетті


Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфимен кездесуге жиналған ереуілші мұнайшылар. Жаңаөзен, 17 шілде 2011 жыл.
Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфимен кездесуге жиналған ереуілші мұнайшылар. Жаңаөзен, 17 шілде 2011 жыл.

Жексенбі күні Маңғыстауға келген Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфи Жаңаөзендегі ереуілдеткен мұнайшылармен, «Өзенмұнайгаз» кәсіпорыны басшыларымен, «Қаражанбас» мұнай компаниясы жұмысшыларымен кездесті.


Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфи, «Жұмысшы интернационалдары үшін комитет» халықаралық жұмысшы қозғалысының мүшесі Роберт Джойнс, Еуропа Парламентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Таня Немейр екі күннен бері Батыс Қазақстанды аралап жүр. Олар бүгін, шілденің 18-і күні Қаражанбас кеніші мұнайшылармен кездесті.

Бұл топтың құрамында қазақстандық «Халыққа баспана қалдырайық» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Есенбек Өктешбаев, «Талмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Айнұр Құрманов, «Ақтау» тәуелсіз кәсіподағы төарағасы Мұхтар Үмбетов бар.

АРАСЫ «ЖЕР МЕН КӨКТЕЙ» АҚПАРАТ

Қаражанбастық жұмысшылар Еуропа парламенті өкілдерімен болған әңгімеде Қазақстанда адам құқықтарының аяққа тапталып отырғандығын баяндағандарын мәлімдепті.

– Елдегі заңдардың сақталмайтындығын, әділ талабымыз үшін үкіметтен қысымшылық көріп отырғанымызды айттық, – дейді «Қаражанбасмұнай» компаниясы мұнайшылары белсендісі Қуаныш Сисенбаев Азаттық тілшісіне. – Шетелдіктер
Еуропа парламентінің өкілдері Маңғыстау мұнайшыларымен кездесті. Жаңаөзен, 17 шілде 2011 жыл.

бізге көздерімен көрген жағдай мен үкімет тарататын ақпарат жер мен көктей екендігін айтты.

Пол Мерфи бастаған шетелдік делегация мұнайшылармен әңгімеден кейін «Қаражанбас» акционерлік қоғамы басшылығымен жолыққан.

Бұл кездесуге тікелей қатысқан «Ақтау» тәуелсіз кәсіподағы төрағасы Мұхтар Үмбетовтың Азаттық тілшісіне хабарлауынша, Пол Мерфи өзінің Ирландия социалистік партиясы тапсырмасымен келгенін мәлімдеген.

– Халықаралық ұйымдар Маңғыстау облысындағы екінші мәрте ұзаққа созылып отырған мұнайшылар наразылығы туралы дабыл түсірген. Ал Мерфи мырзаның еуропалық компанияларда жанжалдарды реттеу барысында аса бай тәжірибесі бар. Ол екі тарап – жұмысшылар да, жұмыс берушілер де келіссөз процессін бастаулары тиіс екендіктерін айтты, – деді Мұхтар Үмбетов Азаттық тілшісіне.

Мұхтар Үмбетовтың сөзінше, Пол Мерфи Батыс Қазақстанға тек делдалдық миссиямен келген.

Еуропалық депутатты жұмысшылардың не себепті өз қалауынша кәсіподақ төрағасын сайлап алуына болмайтындығы қатты таң қалдырыпты. Пол Мерфи аймақтағы наразылық болып жатқан жерлерді аралап, жинаған мәліметтері негізінде Еуропа парламентінде баяндама жасайтынын айтқан.

Маңғыстау облысындағы Бозащы түбегіндегі «Қаражанбас» кеніші мұнайшылары ереуілі мамырдың 16-сынан бері жалғасып келеді.

«ТАЛАБЫМЫЗ ОРЫНДАЛМАСА, ТАПЖЫЛМАЙМЫЗ»

Пол Мерфи бастаған еуропалық делегация шілденің 17-сі күні Жаңаөзен қаласында да болған.

Жаңаөзендік мұнайшылар талаптарына Еуропаның назары аууы жақсылықтың нышаны деп үміттенеді.

Азаттық тілшісіне кездесу барысы туралы мәлімдеген мұнайшылардың бірі Арыстан Жарылғасовтың айтуынша, жексенбі күні болған Еуропа
Еуропа парламенті өкілдерімен кездесуге келген мұнайшылар. Жаңаөзен, 17 шілде 2011 жыл.

парламенті өкілдерімен әңгіме бес сағаттан артық уақытқа созылған.

– Бізбен сөйлескен депутат Пол Мерфи және оның қасындағы басқа да еуропалық парламенттен келген өкілдер сөзінен ұққанымыз – талабымыздың орынды екендігі. Өз сөзіміздің дәлелі ретінде олардың қолына алатын жалақыларымыздың түбіртегінің көшірмесін беріп жібердік, – дейді ол.

Арыстан Жарылғасов еуропалықтардың «Өзенмұнайгаз» басшысы Киікбай Ешмановпен де жолыққанын айтады.

– Біздің құлағымызға жеткені – кәсіпорынымыздың басшысы «жоғары жақ «бар» десе – алаңға барамын, «барма» десе – бармаймын» деп жауап бергені, – дейді Арыстан Жарылғасов.

Оның сөзіне сүйенсек бұған дейін құрылған жұмыс комиссиясына шағым айтып ешкім бармаған.

– Еуропалықтарға дейін «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру» компаниясының басшысы Балжанов келіп кеткен. Ол жұмыстан шығарылған азамттардың отбасы жағдайын ескеріп қайта қабылдаймыз дегенмен ешкім тілек айтып барған жоқ, – дейді Арыстан Жарылғасов.

Жаңаөзен қаласы әкімшілігі маңындағы «Тәуелсіздік» алаңына жиналған мұнайшылар Наталья Соколова, Ақжанат Әминовті бостандыққа шығармаса, жұмыстан қуылған аштық жариялаушыларды қайта қабылдамаса, жалақы жайлы талаптары орындалмаса –тапжылмайтындарын хабарлап отыр.

«ҚАЗМҰНАЙГАЗДЫҢ» МӘЛІМДЕМЕСІ

Шілденің 18-і күні «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы баспасөз қызметі Еуропа парламаенті өкілдерімен болған кездесу туралы ресми мәлімет таратты. Онда Еуропа парламенті депутаты Пол Мерфиге «Өзенмұнайгаздағы» жағдайға қатысты толыққанды ақпарат беріліп, 2007-2011 жылдар аралығындағы кезеңде жалақының 2-2,5 есеге
"ҚазМұнайГаз" компаниясының басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин. Астана, 19 ақпан 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

(жұмыскердің біліктілігі мен мамандығына байланысты) өскенін дәлелдейтін еңбекақы төлеу жүйесіне жүргізілген зерттеу қорытындыларының ұсынылғаны баяндалған.

Еуропа парлменті өкілдерімен болған кездесуге «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру атынан компанияның қызметкерлер басқару және әлеуметтік саясат жөніндегі басқарушы директоры Тарас Хитуов, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы директоры Киікбай Ешманов және филиал директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Марат Орынбаев қатысқан.

«Пол Мерфиді неліктен «Өзенмұнайгаз» кәсіподақ комитетінің төрағасын қайта сайлау жүргізілмеді, не үшін Компания басшылығы наразылық акциясына қатысушылармен келіссөз үстеліне отырмады деген сұрақтар қызықтырды. Компания өкілдері өз кезегінде кәсіподақ төрағасын сайлау – кәсіподақ мүшелерінің ішкі мәселесі екенін және оған жұмыс берушінің араласуға құқы жоғын түсіндірді.

Алайда «Өзенмұнайгаз» жұмыскерлері осындай шешім қабылдаса, оған компания тарапынан ешқандай кедергі болмайтынын жеткізді. Келіссөздерге келер болсақ, компания үнемі заңсыз наразылық акциясына қатысушыларды диалогқа шақырып келеді. Алайда ереуілшілер бүкіл еңбек ұжымының мүддесін білдіретін өкілетті өкілдерді сайлай алмай отырғандықтан, келіссөздер жүргізудің әзірге ешқандай мүмкіндігі болмай тұр» делінген бұл ресми хабарламада.

Баспасөз хабарламасында компания өкілдерінің Мерфи мырзаның өтініші бойынша заңсыз наразылық акциясына қатысушыларға «қысым көрсету әрекеттері» бойынша да түсініктеме берілгені айтылған.

«..акцияның белсенділері Наталья Әжіғалиева мен Роза Төлетаеваға қатысты сот талап-арызы олардың сот шешімімен тыйым салынған наразылық акциясын өткізіп, заңды бұзғанына қатысты болып отыр және сол үшін олар жауапкершілікке тартылуда. «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру өкілдері «Өзенмұнайгаздың» жұмысқа шығып жүрген қызметкерлері арагідік заңсыз наразылық акциясына қатысушылардың үйлеріне барғанын растайды. Алайда ондағы мақсат оларды қорқыту емес, керісінше түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып табылады» деген түсіндірме берілген.

Хабарлама соңында: «Компания өкілдері Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Аманкелді Айтқұлов басқаратын арнайы жұмыс тобының құрылғаны жайында Мерфи мырзаны хабардар етті. Аталған жұмыс тобы заңсыз наразылық акциясы толығымен тоқтатылып, оның қатысушылары түгелдей жұмысқа шыққаннан кейін ғана жұмыстан шығарылғандарды қайтадан жұмысқа қабылдау мәселесін қарайтын болады» деп жазылған.
XS
SM
MD
LG