Accessibility links

Маңғыстаулық мұнайшылар Стингке дән риза


Британдық музыкант Стинг Италиядағы концертінде. 13 желтоқсан 2006 жыл.

Британдық музыкант Стинг Италиядағы концертінде. 13 желтоқсан 2006 жыл.

Британдық белгілі музыкант Стингтің Маңғыстау мұнайшыларын қолдау мақсатында Астана мерейтойына бармайтындығы жайлы ақпарат ереуілшілердің көңілін бір серпілтіп тастады.


Азаттық тілшісімен әңгімелескен мұнайшылар бір айдан бергі наразылықтарына әлем назары ауа бастауы көңілдеріне үміт отын ұялатқанын айтады.

«ҚАЗАҚ ӘРТІСТЕРІ СТИНГ ҚҰРЛЫ БОЛМАДЫ»

- Алты қырдың астындағы ағылшын әншісінің «мұнайшылар біздің қолдауымызға мұқтаж, азаматтарыңды аяққа баспаңдар» деуі жүрегімізге жылу ұялатты. «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген бар. Президентіміздің билігін жүргізіп, қара халқын қорғай алмағанына ренішті болдық. Енді міне, масқара болып, жұрттан көмек күтіп отырмыз. Билік
Бас кейіпкері Нұрсұлтан Назарбаев болған «Терең тамырлар» спектаклінің репетициясы. Астана, 28 маусым 2011 жыл.

басындағылардың қарапайым азаматтарды адам қатарына санамауы - шірік көкіректік, - деді Азаттық тілшісіне «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалы операторы Арыстан Жарылғасов.

Ал аты-жөнін айтпаған тағы бір мұнайшы «қазақ әртістері Стинг құрлы болмады, олардікі - тарысы бардың тауығы болып күнелту» деді.

«ПРЕЗИДЕНТ БЕДЕЛІНЕ НҰҚСАН КЕЛДІ»

«Азат» ЖСДП Атыраудағы филиалы жетекшісі Жұмабай Доспанов әйгілі музыкант бұл әрекетімен президент Назарбаевтың беделіне үлкен нұқсан келтірді деп санайды.

- Шетелдік азаматтың Қазақстан билігіне ашық наразылық танытып, жұмысшылардың құқының бұзылғанына назар аударуы - нағыз прогрессивті қадам. Стингтің сапарын тоқтатып, қымбат концертінен бас тартуы Қазақстандағы диктаторлық режимнің барын білмей жүрген елдер үшін үлкен қоңырау болып шалынды, - дейді Жұмабай Доспанов.

Оның ойынша, бұл мерейтойды «Астананың туған күні» деген атаумен бүркемелегенмен, шын мәнінде президент Назарбаевтың туған күн мерекесі екенін елдің бәрі біледі.

СТИНГТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Әйгілі британдық әнші Стинг шілденің 4-і күні Астанада концерт беруі тиіс болатын. Шілденің 3-і күні әншінің вебсайтында арнайы мәлімдеме жарияланды.

Онда әнші Қазақстанның мұнай-газ саласындағы «құқықтары тапталып жатқан» жұмысшылар ереуіліне қолдау көрсету белгісі ретінде Астанада
Маңғыстау мұнайшыларының наразылығы. 2011 жылдың мамыры. (Сурет Ольга Ярославскаянікі)

жоспарланған концертінен бас тартатынын айтады. Оның бұл шешімін Amnesty International халықаралық адам құқығын қорғау ұйымы құптап үлгірген.

Мамыр айынан бері еңбекақыға байланысты талаппен ереуілдеп жатқан Маңғыстаудағы «Өзенмұнайгаз» кәсіпорнының 250 жұмысшысын кәсіпорын басшылығы өткен аптада жұмыстан шығарғаны туралы Азаттық радиосы хабарлаған болатын.

Дегенмен Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты мен мемлекеттік ақпарат құралдары әнші «ұйымдастыру-техникалық себептерге байланысты» келе алмайды деген ақпарат таратып жатыр.

Стинг 2009 жылғы қараша айында Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнора Каримованың шақыруымен Ташкентте концерт берген еді. Сол сапары үшін ол адам құқын қорғаушылар сынына ұшыраған болатын. The Guardian газеті Өзбекстан президентінің қызы сол жолы Стингтің Ташкентке келуі үшін 2 миллион фунт стерлинг төлегендігін жазады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG