Accessibility links

Қазақстан соттарынан әділдік таппадық деген әулет енді халықаралық ұйымдарға жүгінбек


Юрий Аманатиди баспанамыздан заңсыз айырып жатыр дейді. Алматы, 15 ақпан, 2010 жыл.
Юрий Аманатиди баспанамыздан заңсыз айырып жатыр дейді. Алматы, 15 ақпан, 2010 жыл.

15 ақпанда бес отбасы наразылық шарасын ұйымдастырды. Сот шешімне сәйкес, жас балалары бар бес отбасы баспаналарын босатуы тиіс болған. Барлық инстанциялардан өткен олар жеткілікті өтемақының қолдарына берілуін сұрайды.Бұл жолы түсініктеме алумен тоқталған сот орындаушысы 22 ақпанда сот шешімін жүзеге асыруға тағы келетінін ескертті.

ДЕПУТАТТЫҢ «СЫЙЫ»

Алматы қаласының Сұлтанбек Қожанов атындағы көшенің 49 үйінде тұратын тұрғындары 15 ақпанда өздеріне әділетті қарым - қатынасты талап етіп наразылық білдірді.

Мәселенің мәнін және даудың неден бастау алғанын үш баланың анасы Оксана Григориади былайша баяндайды.

- 2006 жылы Алматы қаласы әкімшілігі бізге үйлеріміздің сүрілетіні жайында қаулы берген. Кейін белгісіз себептермен ол қаулының күшін жойды. Алайда, 2008 жылы үйлер тұрған жер мемлекеттік қажеттілік үшін алынатыны туралы жаңа қаулы шығарды.

Бірақ, бұл жерде коммерциялық құрылыс жүрмек. Ол құрылыс компаниясы «Парасат груп» деп аталады. Бұл жер телімін құрылыс компаниясына беру туралы Алматы қаласының бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағанбетов қызметінен кетерден үш күн бұрын қаулы шығарып кеткен.

Оксана Григориади сот орындаушыларының қағазына қол қойып түр. Алматы, 15 ақпан, 2010 жыл.

Ал, компанияның жетекшісі қалалық мәслихат депутаты Абылайхан Самаддин. Ол Бостандық ауданындағы нөмірі 17-сайлау округінен сайланған депутат. Сайлау кезінде біздің отбасымыз соған дауыс берген. Ал оның қазір өзінің сайлаушыларына жасап отырғаны мынау. Біз осы компаниямен соттасып, ешбір соттан әділдік таппадық. Ал, сот үйлеріміз тұрған жердің мемлекеттік қажеттілікке керек екенін дәлелдеп шыға алмады. Бірақ, барлық сот инстанцияларында біз жеңілдік,- деді Оксана Григориади.

Осы күні оларға сот орындаушысы Жанна Құлмағанбетова келіп үйлерді босатуларын талап етті. Тұрғындар үйлерін босатудан бас тартып, түсініктеме жазды. Сот орындаушысының талабынан бас тарту себебін осы мекен-жай бойынша 40 жыл тұрған Аманатиди отбасы басқа баратын жерлері жоқ екендігімен түсіндірді.

- Олар бүгін біздің баратын жеріміз жоқ болғандықтан, үйді босатпайтынымыз туралы түсініктеме жазғанымызға тоқталды. Бізге өтемақы берілген жоқ, сосын қазір қыс кезі. Тіпті, жаз маусымы болғанның күннің өзінде, біз қайда барамыз? Яғни бізге тұрғын үй берілген жоқ, ештеңе берілген жоқ. Сот инстанцияларының барлығы істі қарсы тараптың пайдасына шешті. Жоғарғы сот менің апелляциялық шағымымды қарамай отыр. Енді, Жоғарғы сот менің апелляциялық шағымымды қарағысы келмейді деп, халықаралық ұйымдарға шағымданбақпын, - деді Юрий Аманатиди.

Бес бірдей отбасынан үйді босатуын талап еткен сот орындаушысы Жанна Құлмағанбетова олардан түсініктеме алды да кетіп қалды. Оның айтуынша, бұл үйлердің тұрғындары сот шешімі бойынша үйлерін 2008 жылдың соңында босатулары керек болатын.

- Бұл отбасылары мына жылжымайтын мүлікті, яғни үйді 2008 жылғы 12 қарашадағы сот шешіміне сәйкес босату керек. Өткен жылдың мамыр айында алғаш рет оларды үйлерінен көшірмек болдық. Ол кезде аяз болған жоқ, бірақ азаматтар үйді не себеппен екені белгісіз босатпады. Тіпті олар билік өкілдеріне қарсылық танытты. Мен оларға бірнеше рет қаржылай өтемақы туралы ескертпе хат бердім. Өтемақының мөлшері 120 миллион 788 мың теңге. Бұл ақша сот әкімшілігінің депозиттік шотында тұр. Ал, бұл отбасылары ақшаны алу үшін банктік реквизиттерін бермей отыр,- деді Жанна Құлмағанбетова.

Алайда, Оксана Григориади бұл ақшаны алмайтындарын айтады. Оның ойынша, бұл қаржы бес отбасыға үй алуға жетпейді және сот аталған өтемақы сомасын үй иелерінің айтқан бағасын қаперіне алмай қарсы тараптың мүддесі тұрғысынан ғана көрсеткен.

ДАУДЫҢ ЖАЛҒАСҚАНЫНА ТӨРТ ЖЫЛ

Юрий Аманатидидің ата-анасы 1972 жылы осы жерден үй алып, оны жекешелендірген. Кейіннен әулет басы Николай Аманатиди

Журналистер мен қоғамдық белсенділер Аманатидидің үйі жанында. Алматы, 15 ақпан, 2010 жыл.
балалары қасында бірге тұру үшін үйінің маңындағы үйлерді сатып алған.

Қазіргі кезде Николай Аманатидидің балаларымен қоса есептегенде бұл жерде 18 жан басынан тұратын 5 отбасы қоныстанып отыр.

Николай Аманатидидің қызы Оксана Григориадидің айтуынша, олардың отбасы құрылыс компаниясымен соттасып, ешбір соттан әділдік таппаған. Оның сөзіне қарағанда, олар енді ЕҚЫҰ ына және БҰҰ нан көмек сұрамақ.

Аманатидидің әулеті жоғарыдағы мәселемен 4 рет Қазақстан президентіне және Қазақстан халқы Ассамблеясына қайырылғанымен, ешқандай жауап болмаған екен. Баспанасы үшін наразылық акциясын өткізген бес отбасыға көршілері мен қоғамдық ұйымдар қолдау танытты.

XS
SM
MD
LG