Accessibility links

Журналист қыз бен полицей жігіт бір-бірінен таяқ жегендерін айтады


«Голос республики» газетінің тілшісі Лариса Чен баспасөз мәслихатында. Алматы, 21 сәуір 2011 жыл.
«Голос республики» газетінің тілшісі Лариса Чен баспасөз мәслихатында. Алматы, 21 сәуір 2011 жыл.

Шахтинск қаласы әкімдігінің күзетшісі оппозициялық басылым тілшісін «қол жұмсады» деп айыптап отыр. Алайда тілші керісінше, күзетшінің өзіне қоқан-лоққы көрсеткендігін айтады.


«Бұл іске қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр, маған қарсы қылмыстық іс қозғалуы мүмкін» деген журналист Лариса Чен Алматыда баспасөз маслихатын өткізді.

ӘЛҚИССА...

«Голос республики» басылымының Қарағанды облысындағы тілшісі Лариса Чен сәуірдің 15-і күні өзіне қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатқандығын естіген. Шахтинск қаласындағы әкімдік күзетшісі Мәулен Әренов тілшінің өзіне қол жұмсағанын, содан жеңіл жарақат алғандығын хабарлап, полицияға шағым түсірген. Енді тергеуден кейін Лариса Ченге қатысты «қызмет бабында жүрген полиция қызметкеріне шабуыл» жасады деп қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

Іс материалдарында 2010 жылдың 15 маусымында «журналист Лариса Ченнің әкімдіктің күзету қызметінің полиция сержанты Мәулен Әреновты
...«полиция қызметкері қызметкері бірнеше жарақат алған, кеудесі мен иығында тырналған және тілінген жерлер бар»...
соққыға жыққандығы» айтылады. Медициналық куәландыру актісінде «полиция қызметкері қызметкері бірнеше жарақат алған, кеудесі мен иығында тырналған және тілінген жерлер бар» деп көрсетілген. Алайда журналист Лариса Чен жағдайдың керісінше болғандығын айтады.

– Мен 2010 жылы 15 маусымда Шахтинск қаласының әкімдігіне «Шахтерлер отбасы» қоғамдық ұйымына қатысты түсініктеме алуға бардым. Күзетші әкімдік қызметкерлеріне телефон шалып, барлығынан да «ешкім де түсініктеме бермейді» деген жауап алды. Мен оның сұхбатын ұялы телефонымдағы камераға жазып алмақшы болдым. Ол түсіріп тұрғанымды көріп, телефонымды алмақ болып, маған тап берді. Мен телефонымды жасырып едім, бәрібір тартып алды. Телефонға талас кезінде ол мені екі рет қабырғаға соқты, – дейді тілші сәуірдің 21-і күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.

Бұл оқиғаға тілшімен бірге әкімдікке келген «Шахтерлер отбасы» бірлестігінің төраға орынбасары Тахир Мухамедьяров куә болған.

– Ол телефонды күзетшіге қаратып, түсіріп жатқандай ишарат көрсетті де, «болды, мен сені түсіріп жатырмын» деді», – дейді Лариса Чен.

Ларисаның сөзінше, полицей осыдан кейін ғана телефонды қайтарып, түк болмағандай орнына келген. Журналистің айтуынша, оның сөзін сол жерде болған, әкімдікке келген бейтаныс адамдар да растап отыр.

«ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС»

Журналист сол күннің ертеңінде Қарағандыда медициналық сараптамадан өткен. Оқиғаға қатысты Шахтинск қаласының полициясына арыз жазған. Алайда Қарағанды облысының ішкі істер департментінен келген жауапта «күзетшінің әрекетінде қылмыс құрамының болмауы себебінен қылмыстық іс қозғалмайтындығы» айтылған.

Журналист «осымен іс тоқтатылды» деп ойлаған, бірақ сол уақыттан бері «таяқ жедім» деп шағымданған күзетшінің шағымы бойынша тергеу амалдары жүре берген. Полиция сержанты Мәулен Әренов өзіне қол көтерген журналиске қатысты қылмыстық іс қозғауды талап еткен.

Журналист «іс материалдарында менің жалған қолым қойылған құжаттар бар» дейді. Оның бірі – сот-медициналық сараптаманың қорытындысы. Істе тіркелген қорытындыны Шахтинск қаласындағы мекеме берген. Алайда
Ол арызға менің атымнан біреу жалған қол қойған.
журналист бұл сараптамадан Қарағандыда өткенін айтады.

Оған қоса істе «бұл жайтты бейбіт жолмен шешу мақсатында» журналист Лариса Ченнің атынан жазылған арыз да бар.

– Ол арызға менің атымнан біреу жалған қол қойған, – деді журналист.

«ШЕНЕУНІКТЕРДІ ҚОРҒАУ» ЖӘНЕ «ПИАР»

Журналист Лариса Чен бұл оқиғаның «ақылға қонымсыз» екендігін айтады.

– Осы жағдайдан кейін біздегі барлық мемлекеттік қызметкерлерге «қауіп төніп тұр» деген қорытынды жасауға болады. Мемлекеттік мекемелерді күзететін арнайы қызметтің қызметкерлері арнайы дайындықтан өтуі тиіс емес пе? Егер күзетшілер мен сияқты бойы 156 сантиметр, өмірінде
...күзетшілер мен сияқты бойы 156 сантиметр, өмірінде гимнастика және спорттық биден басқа еш нәрсемен айналыспаған қыздан «таяқ жеп» жатса...
гимнастика және спорттық биден басқа еш нәрсемен айналыспаған қыздан «таяқ жеп» жатса, жігіттерді мүлдем жолатпау керек пе? Сонда біздің шенеуніктерді кімдер қорғап жатыр? – дейді журналист Лариса Чен.

Азаттық радиосы тілшісі бұл мәселеге қатысты Шахтинск қаласына хабарласқанмен, «жәбір көрдім» деген күзетші Мәулен Әреновпен сөйлесе алмады. Ал Қарағанды облысының ішкі істер департаментінің қызметкері Жаңатай Сембеков бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалмайтындығын айтты.

– Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалмайды. Тергеу алды амалдары өтіп, қылмыс құрамының жоқтығынан істі қозғамайтын болдық. Бұл туралы Лариса Ченнің өзіне сәуірдің 19-ы күні айтып, түсіндірген болатынбыз. Оның Алматыға барып, неге жиын өткізіп жүргенін білмеймін. Кей адамдар осылайша өзіне пиар жасайды ғой, мүмкін солай шығар, – деді Жаңатай Сембеков.

Оның сөзінше, қазір қылмыстық кодекстегі 105-бап – жеңіл дене жарақатын салу жөніндегі бап алынып тасталған.

– Сондықтан бұл іске қатысты екі жақтың бірінің шағымы болса, қылмыстық іс емес, әкімшілік жазаға тартылуы мүмкін, – деді Қарағанды облыстық ішкі
«Голос республики» газетінің тілшісі Лариса Чен (сол жақта) және «Әділ сөз» ұйымының басшысы Тамара Калеева. Алматы, 21 сәуір 2011 жыл.
істер департаменті өкілі Жаңатай Сембеков.

Қазақстанда өткен жылы журналистерге 20 рет шабуыл жасалған. Сөз бостандығын бақылайтын «Әділ сөз» ұйымының басшысы Тамара Калееваның айтуынша, осы фактілерге қатысты журналистердің бірде-бір шағымы қанағаттандырылмаған.

– Бұл оқиға биліктің оппозициялық басылымдарға деген көзқарасын көрсетеді. Егер сол әкімдікке «Казахстанская правда» газетінің журналисі келгенде, жағдай мүлдем басқа болатындығына сенімдімін. Әкімдіктегілер тілшіге сұхбат беруге кезекке тұрушы еді, – дейді Тамара Калеева.
XS
SM
MD
LG