Accessibility links

Тарифтердің өсуі зейнеткерлерге ауыр тиді


Зейнеткерлер. Қазақстан, 5 желтоқсан 2008 жыл. (Көрнекі сурет)
Зейнеткерлер. Қазақстан, 5 желтоқсан 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

2013 жыл басталғалы бері Қазақстанның бірқатар аймақтарында бірнеше қызмет ақысы қымбаттады. Мамандар «қосымша қаржы саласын жақсарту керек» десе, қарапайым тұрғындар бұған күмән келтіреді.

Алматылық зейнеткерлер белсендісі Ирина Савостина 20 жылға жуық қаладағы «Поколение» қозғалысына жетекшілік етіп келеді. Ол қымбатшылық осы қарқынмен жүретін болса, «өркениеттің қарапайым игіліктері зейнеткерлерге қол жетпес арман» болып қалатынын айтты.

«АЙЫНА БІР РЕТ ЖУЫНАДЫ»

– Жасыратын несі бар, маған келіп, мұңын шағатын қарттардан жағымсыз иіс шығады. Өйткені ыстық судың бағасы қымбат, сондықтан олар суды мейлінше үнемдеуге тырысады. Киімдерін айына бір рет жуып, өздері де сирек жуынады. Осылай бола берсе, қарапайым коммуналдық қызмет зейнеткерлер үшін қол жетпес арман болып кетеді, – дейді Ирина Савостина.

Савостинаның өзі 52 мың теңге зейнетақы алады. Оның сөзінше, соның тең жартысы тек коммуналдық қызметтің ақысына кетеді. «Бірақ басқалармен салыстырғанда менің жағдайым жақсы» дейді зейнеткер.
"Поколение" қозғалысының жетекшісі Ирина Савостина. Алматы, 13 қараша 2010 жыл.
"Поколение" қозғалысының жетекшісі Ирина Савостина. Алматы, 13 қараша 2010 жыл.

– Маған операциялық медбике болып 42 жыл қызмет еткен зейнеткер келді. Зейнетақысы – 19 мың теңге. Ол қалай өмір сүруі керек? Бізде зейнетақыны көтермей тұрып, барлық қызметтің бағасын өсіріп тастайды. Жаңа жылға дейін судың бағасы қымбаттады, енді жарықтың бағасы өсті, – дейді «Поколоние» қозғалысының жетекшісі.

Электр энергиясы «тіпті екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қымбаттаған емес» деген зейнеткер тарифтердің көтерілуін «ұрлыққа» теңейді.

– Мен 1997 жылдан бері жылу үшін қанша ақша кететінін бақылап келемін. Анықтағаным, бізден алатын ақша – басқа, төлеуіміз керек сома – мүлдем басқа. Мәселен, 1997 жылы жылу үшін 15,78 теңге төлеп келдік, ал жылудың бағасы 8,72 теңге болған. 1999 жылы жылу 9,75 теңге тұрса, бізден 21,39 теңге алды. Ай сайын келетін квитанцияда жоқ жерден қарыз, оған қоса төлемақы өсімі көрсетіледі. Оның мән-жайын анықтап жатпайтын біз көрсетілген соманы төлеп жүре береміз, – дейді Савостина.

ЖАҢА ЖЫЛДЫҢ ЖАҢАЛЫҚТАРЫ

Қаңтар айының басынан бері Алматыда жарық 5,9 пайызға қымбаттады. «Алматыэнергосбыт» компаниясы оны «электр энергиясының көтерме нарықтағы бағасының өзгергеніне» сілтейді. Енді Алматы қаласы мен облысының тұрғындары 1 кВт/сағат энергия үшін тұтыну салығын қоспағанда 13 теңге 56 тиын, ал оны қосып есептегенде 14 теңге 34 тиын төлеуі тиіс.

Қаңтардың 7-сінен бастап теміржол билеттерінің бағасы да 12 пайызға өсті. «Жолаушылар тасымалы» және «Қала маңы тасымалы» акционерлік қоғамдары «тарифтердің өзгеруіне сатып алынатын отын-энергетикалық ресурстар құнының өсуі себеп болды» дейді.

Атап айтқанда, «вагондарды дизельді отынмен жабдықтау құны 15 пайыз, қатты отынмен жабдықтау 5 пайыз, сумен жабдықтау орта есеппен 14-20 пайыз өскен. Компания таратқан хабарламада вагондарға техникалық қызмет көрсету құны орта есеппен 30 пайыз, күрделі жөндеу 40 пайыз, деполық жөндеу 4 пайыз өсті» деп жазылған.
Бір топ зейнеткер 2011 жылдың наурызынан бастап оларға берілетін жеңілдіктердің жойылғанына қарсы наразылық акциясын өткізді. Алматы, 2 наурыз 2011 жыл.
Бір топ зейнеткер 2011 жылдың наурызынан бастап оларға берілетін жеңілдіктердің жойылғанына қарсы наразылық акциясын өткізді. Алматы, 2 наурыз 2011 жыл.

Қазақстандағы жолаушылар тасымалдау бағасының ТМД елдері бойынша «ең арзан екенін» айтқан компания «елдегі 500 шақырым жол жүрудің бағасы 1700 теңге» дейді. Анықтама мәліметте «бұл Беларусь пен Қырғызстандағы тарифтерден 2-2,5 есе, ал Ресейдегі бағадан 4 есе арзан» екені жазылған.

Тарифтермен бірге жыл басынан бері зейнетақы көлемі 9 пайызға өсті. Ресми мәлімет бойынша осылайша елдегі ең аз зейнетақы мөлшері 17 мың 491 теңгеден 19 мың 66 теңгеге артқан. Орташа зейнетақының 32 мың 928 теңгеге өскені хабарланды.

Алайда Ирина Савостина сияқты зейнеткерлер «10-20 пайызға дейін баратын коммуналдық қымбаттаумен салыстырғанда 9 пайыздық өсім түк емес» деген пікір айтады.

НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКА

Экономист Қанат Берентаев «жарық, жылу және транспорт секілді тіршілікті қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды салада баға тұрақты болуы тиіс» дейді.

– Тіршілікті қамтамасыз ететін сектор нарықтың экономика саласында жұмыс істемеуі керек. Себебі соңғысының мақсаты – табыс табу. Қазір бізде кез-келген бизнес құрылымның көздегені – пайда. Менің пайдам біреудің артық шығыны екені белгілі. Табыс екі жолмен келеді, бірі – өндіріс шығынын азайту, екіншісі – бағаны қымбаттату. Екіншісі әдетте тиімді деп табылып жатады, – дейді ол.

Берентаевтың сөзінше, коммуналдық кәсіпорындар жарық пен жанармайдың бағасына тәуелді, ал соңғылары коммуналдық қызметтің бағасына тәуелді. Сонымен екі ортада тұйықталған шеңбер пайда болады.

– Бұл саланы нарықты емес, әкімшілік секторға көшіру керек. Сол арқылы баға мен өндірістің шығыны қатаң бақылауға алынуы тиіс. Бұған қоса билік аталмыш салаға пайданы да қамтамасыз етуі керек. Егер өндіріс шығынды белгіленген межеден асырмай, қызмет тиесілі деңгейде атқарылса, билік мемлекеттік бюджеттен оларға «көмек» көрсетуі тиіс, – дейді экономист.
Экономист Қанат Берентаев. Алматы, 13 қыркүйек 2010 жыл.
Экономист Қанат Берентаев. Алматы, 13 қыркүйек 2010 жыл.

Оның пікірінше, баға болашақта қымбаттай береді.

– Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаға қарасаңыз, жыл сайын электр энергиясын 10 пайызға, транспортты 8 пайызға қымбаттатуға рұқсат берілетіні жазылған. Осылайша [әлеуметтік қызмет көрсету саласында] нарықтық экономикадан әлі шыға алмай отырмыз. Коммуналдық қызметтер, жарық пен транспортқа бағаны қымбаттату арқылы пайда табу мүмкін емес. Мәселен, теміржол, 15 жыл болды, жыл сайын «вагондарды жаңартамыз, поездарды жақсартамыз» деп, бағаны қымбаттатумен келеді, ал одан көріп отырған пайда шамалы. Сондықтан коммуналдық қызмет саясатын өзгерту керек. Әйтпесе бағаның қымбаттауынан құтылмаймыз, – дейді Қанат Берентаев.

Ал экономист Олжас Құдайбергеновтің ойынша, коммуналдық саланы мемлекетке қайтарып беру дұрыс емес.

– Коммуналдық инфраструктураны жекеменшікке, не мемлекетке өткізуде басты мәселе басшылыққа қатысты болып қалады. Мәселен, бір жетекші тиімді басқарып, тарифтерді төмен етіп ұстап тұрады, ал екіншісі керісінше істейді. Ал дәл қазір ол секторды мемлекетке өткізсек, жағдай қазіргіден де нашарлап кетеді. Меніңше, қазір нысандар жекеменшік болып, ал оның тарифтерін билік көрсетіп тұрғаны жөн, – дейді маман.

Экономистің сөзінше, кез-келген салада «жазалану қаупі» болуы керек, «артық кеткен жайттар үшін айыпкердің жазаға тартылатыны әрдайым есте болғаны жөн».
XS
SM
MD
LG