Accessibility links

Интеллигенция Жаңаөзен оқиғасын «қанды жексенбіге» теңеді


Тұрсын Жұртбай, алаштанушы ғалым. Алматы, 19 наурыз 2012 жыл.

Тұрсын Жұртбай, алаштанушы ғалым. Алматы, 19 наурыз 2012 жыл.

Қазақ оқымыстыларының форумында қоғамдағы "авторитарлы-репрессивті үрдістерді" тоқтату туралы қарар қабылданды. Жаңаөзен оқиғасына сараптама жасаған қоғамдық комиссия мүшесі оны өткен ғасырдың басында болған Ресейдегі «қанды жексенбіге» теңеді.


Наурыздың 19-ы күні Алматыда «Алтынбек Сәрсенбайұлы қоры» «Руханият. Тәуелсіздік. Жаңғыру» атты қазақ интеллигенциясының форумын өткізді. Оған қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар т.б қатысты.

Жиын модераторы мәдениеттанушы Мұрат Әуезов жиналғандарға сегіз тақырып («Қазақстанның геосаяси жағдайы», «Кеден Одағы мен еуразияшылдық», «Алаш идеясы», «Жаңаөзен», діни ахуал, т.б) бойынша ойларын айтуға шақырды.

«ФАШИСТЕН БЕТЕР ЖАУЫЗДЫҚ КӨРСЕТТІ»

«Егемендік алып, ел басына екі бетінен оты шыққан жігерлі жас жігітті отырғыздық» деп сөзін бастаған қарт жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов содан бері президенттің елді бүкіл әлемге танытқанын айтып, сөз арасында «елбасының астананы арқаға көшіргені» өте ойластырылған пайдалы қадам болғанын да айта кетті.

Сөзінің ортасында «Жаңаөзен мәселесі қалай, неліктен пайда болды?» деп сұрақ қойған жазушы Жаңаөзенде полицияның халыққа «фашистерден» де бетер аяусыздық көрсеткенін атап өтті.

- Қарусыз, құр қол бейшараларды полицейлеріміз бен отан қорғайтын әскерлеріміздің қуалап жүріп автоматпен атып өлтіргендері аз болғандай әлгі оққа жығылған қансырап жатқан жаралыларды үсті-үстіне соққылап ұрғандары жұрттың бәрінің жүрегін ұшырды...
Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов. Алматы, 19 наурыз 2012 жыл.

Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов. Алматы, 19 наурыз 2012 жыл.


Фашистер қанша жауыз болса да, бір ғажабы - жаралыларға қол көтермейтін. Қайта жараланған совет солдатын госпитальға көтеріп апарып, жарақатын емдеп, аяғынан тұрғызып жіберетін. Ең аяғы фашист екеш фашистің өзі сондай болғанда, ертеңгі күні еліміздің егемендігін қорғайтын қарулы күштеріміз, омон, сол полициялардың әрекеті әлгіндей болса, 20 жыл бойы лепіріп, мақтанатындай неміз бар еді? - деді Әбдіжәміл Нұрпейісов.

Ол билік халықпен санаспаса, мұның арты ірі трагедияға соқтыруы мүмкін деді.
Модератор Мұрат Әуезов жазушы Герольд Бельгердің денсаулығына байланысты келе алмағандығын, әйтсе де оның осы форумға арнап жазған хатын оқып берді. Онда хат иесі халық пен биліктің алшақтап бара жатқаны қоғамды тұйыққа тірейтіні туралы жазған.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАСТЫ ЖАУЫ»

Баяндамасын Алаш идеясына арнаған алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай дертті қазақ қоғамына «операция жасамас бұрын» оған алдымен «дұрыс диагноз қою керек» деген пікір айтты.
Қазақстанның басты жауы – оппозиция да емес, оралман да емес, күйеуі мен баласына араша түскен жаңаөзендік әйел де емес, мемлекет құрып отырған ұлтқа қарата биліктің қолданып отырған ұлтсыздыққа негізделген саясаты.
- Қазақстанның басты жауы – оппозиция да емес, оралман да емес, күйеуі мен баласына араша түскен жаңаөзендік әйел де емес, мемлекет құрып отырған ұлтқа қарата биліктің қолданып отырған ұлтсыздыққа негізделген саясаты, - деді Тұрсын Жұртбай.

Кеден Одағы, Еуразия идеясын Қазақстанның тәуелсіздігіне төніп тұрған қауіп ретінде атаған баяндамашы ұлт тәуелсіздігін сақтап қалу үшін жалпыұлттық тұжырымдама қабылдау керектігін айтты.


«ЖАҢА ТҰРПАТТАҒЫ ТОТАЛИТАРЛЫҚ САНА»

Тарихшы Бейбіт Қойшыбаев Қазақстан тек қағаз жүзінде ғана демократиялық ел болып отыр, іс жүзінде «жаңа тұрпаттағы тоталитарлық сана дендеп бара жатыр» деп санайды. Оның айтуынша, мұның барлығы өткенді талқылап, сабақ алмаудан болып отыр.

- Мемлекетімізде ең бірінші құндылық адам және оның өмірі екенін заң жүзінде мойындай тұра сол қасиетті адам ғұмырын оқ атып, үзуге жол бердік. Адам құқықтарын қорғауға қызмет етуге тиіс күштік құрылымдарымыз тарапынан азаматтарымызды ұрып-соғу, қинау, мәжбүрлеу сынды адамшылыққа қайшы әрекеттердің шығып келе жатқанын күні естіп жатамыз. Ойлап қарасақ, әділетсіздікке көндіккендей болып барамыз, - деді.
Бейбіт Қойшыбаев Қазақстан тек қағаз жүзінде ғана демократиялық ел болып отыр, іс жүзінде «жаңа тұрпаттағы тоталитарлық сана дендеп бара жатыр» деп санайды.

Жазушы Дулат Исабеков ұлт зиялыларының мәселелерді тек тізіп қана қоймай, оны талдап, сараптауы қажеттігін айтты. Ол қазақ халқы ешбір сыртқы күштің әсерінсіз өз ішінде жойылып бара жатыр деген ой айтты.

- Адамның өлігі капиталға айналды. Жаңаөзенде өлікті сатушылық шыққан. 10-15 мың теңге бермесе, моргтағы мәйітті бермейді. Оны жасап отырған кім? Қазақ. «Қазақ халқы саған не болған?» деген үлкен бір үндеу керек сияқты, - деді ол.

«ҚАНДЫ ЖЕКСЕНБІ»

Жаңаөзен оқиғасына талдау жасаған қоғамдық комиссия мүшесі Рысбек Сәрсенбайұлы Жаңаөзен оқиғасын «Қазақстан тарихындағы ең бір сорақы да масқара қылмыс» деп атады.

- Мұны 1905 жылғы Ресей патша жандармериясының - өтінішпен келген қауіпсіз халыққа кезеніп тұрып, оқ боратқан қанды жексенбісімен бірдей оқиға деп бағалаймыз. Біз мұны өзінің президенттік билігін сақтап қалу үшін қырғыз қандастарын аяусыз атқызған бакиевшілдердің жауыздығымен салыстырамыз. Мұны назарбаевтық қазіргі биліктің сойқанды саясатының шегіне жеткен астамшылдығының үрейлі көрінісі деп есептейміз, - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Оның айтуынша, қасіретті оқиғаның бірнеше себебі бар. Біріншісі – «қатардағы еңбек дауын шешуге биліктің мүдделілік танытпауы».
"Жас алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы. Алматы, 19 наурыз 2012 жыл.

"Жас алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы. Алматы, 19 наурыз 2012 жыл.


- Сегіз айға жуық ереуілдеген табандылық танытқан мұнайшылардың талабының дұрыс екендігін президент Назарбаевтың өзі де мойындады. Көптеген адам өлімінен кейін мемлекет басшысы өзінің қателігін өте кеш түсінді. Бірақ осы үшін халықтан кешірім сұрамады. Бұл көшбасшы атанып жүрген адамның көштен, яғни халықтан әбден алыстап кеткендігін көрсетеді, - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Оның айтуынша, биліктегілер ереуілшілердің талабын орындаса, «жұқпалы індеттей басқа салаларға және басқа аймақтарға таралып кетеді» деп сескенді. «Сондықтан оған жол бермей әуел бастан басып-жаншып тастау керек дейтін патша пиғыл басым түскен».

Рысбек Сәрсенбайұлы сонымен бірге қоғамның «енжарлығы», «халықты ерте алмаған» саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың «әлсіздігі» сияқты себептер келтірді.

Жиын соңынан 7-8 талап жазылған үндеу-қарар қабылдады.

Үндеуде қоғамдағы «авторитарлы-репрессивті үрдістерді» дереу тоқтату; митингіге қатысқандарды жазаламау; сөз бостандығына шектеу қоймау; «Шаңырақ» оқиғасы бойынша сотталған Арон Атабек сияқты азаматтарға және «сопылар ісі» бойынша сотталған ғалым Саят Ыбырай мен басқа да азаматтарға рақымшылық жасап, оларды босату; Айдос Садықов, Владимир Козлов, Серік Сапарғали сияқты азаматтарға қатысты қозғалған қылмыстық істі тоқтату туралы талаптар жазылған.
Онда сонымен бірге наурыз айының аяғына белгіленген Жаңаөзен оқиғасына қатысты соттың ашық өтуі туралы талап бар.

Жиынды ұйымдастырушылар: «Ұлт зиялыларының бұл үндеуі билік өкілдеріне, сонымен бірге Қазақстан қоғамына бағытталады» деп мәлімдеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG