Accessibility links

«Соғыста мұндай адамдар болмаған. Қазір тек тонауды ойлайды»


"Поколение" қозғалысы жетекшісі Ирина Савостина. Алматы, 24 сәуір 2013 жыл.
"Поколение" қозғалысы жетекшісі Ирина Савостина. Алматы, 24 сәуір 2013 жыл.

"Поколение" қозғалысы жетекшісі Ирина Савостина сұхбатында 1990 жылдары негізгі қарсылық күштерінің бірі болған зейнеткерлердің қазіргі кезде осы заманның ең көп ұтылған жандарына қалай айналғаны жайлы айтады.

Азаттық Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз адамдар» жобасын жалғастырады. 1990 жылдардың басынан осы кезге дейін беделді, қоғамдық пікірдің жетекшісі болған саясаткер, музыкант, журналист, экономист, әртіс және танымал БАҚ өкілдерінен сұхбат аламыз. Жоба кейіпкерлері жаңа мемлекетте адам ретінде және маман ретінде алдына қандай мақсат қойғанын, 2016 жылы оның нәтижесі қандай болғаны туралы баяндайды.

Жобаның 18 сериясында «Поколение» зейнеткерлер қозғалысы жетекшісі Ирина Савостина 1990 жылдары Қазақстандағы тергеу абақтыларындағы жағдай неліктен 1930 жылдардағы Колыма лагерлерінен де нашар болғанын түсіндіріп, Заманбек Нұрқаділов зейнеткерлерге қалай көмектескені, ал кейін оның зардабын тартқаны туралы, Сталин, АҚШ президенті немесе қазақстандық биліктің қайсысы хаттарға тез жауап жолдағанын айтып берді.

«ОЛАЙ БОЛСА МАҒАН ПЫШАҚ СҰҚ!»

1990 жылдардың кез-келген шенеунігін атауының өзі сескендірген «Поколение» зейнеткерлер қозғалысының жетекшісі Ирина Савостинамен көпке дейін хабарласудың сәті түспеді. Қозғалыстың байланыс телефондары (ал «Поколение» қозғалысы қазір жұмыс істемейтінін біз кейін білдік) қоңырауға сол күйі жауап қатпады, ал мекенжай кітабында көрсетілген нөмірге хабарласқанымызда, ешкім тұтқаны көтермеді. Бұдан бөлек, кезінде қозғалысқа әлдебір қатысы болғандар да Савостинаның неліктен көрінбей кеткенін білмейтін болып шықты.

Ирина Алексеевна Алматыдағы «Атакент» көрме орталығы маңындағы үйлердің бірінде талай жылдан бері тұрады, бірақ ол кісіге күтпеген жерден хабарласудың сәті түсті. «Әр істің бір қайыры бар» дегендей, күн жылына қалған кезде еріген үлкен мұз Савостинаның пәтеріндегі балконның үстіне түсіп, шатырын тесіп кетіпті. Савостина балконын жөндету үшін ақшаны қарызға алған, бірақ келіскен адамы жұмыстың бір бөлігін бітіріп, ізім-қайым жоғалған. Тағы бір қарыз алып, жалдаған екінші бригада шатырды жөндеп бітірген, бірақ қосымша ақы сұрай бастаған. Бұл жайлы Facebook желісінде журналист Гүлжан Ерғалиева жазып, Савостинамен кездесу жайлы да сол кісі арқылы келістік.

Төрт адам - екі журналист және көмекшісін ерткен құрылыс бригадасының бастығы Савостинамен кездесуге құдды келісіп алғандай бір мезетте жиналды. Делегацияны үстіне қызыл бешпет киіп, екі таяққа сүйенген Савостинаның өзі және үй шаруасына қолқабыс ету үшін кірген көрші әйел, Лениннің мүсіні, тоңазытқыштың бетіне жапсырылған Сталиннің бейнесі басылған магнит тас және балконда ілулі тұрған үлкен портреттен қулана қараған Қонаев қарсы алды. Жөнделіп біткен балконда Азаттық тілшілері аппаратурасын орнатып жатқанда Савостина жұмысы үшін тағы ақша сұрап келген бригадирмен айқайласып жатты.

- Ақша жоқ менде! – деп айғай салды Савостина. – Әңгіме осымен бітті!

- Біткені қалай?! Бригадамдағы жігіттерге де бала-шаға асырау керек қой! - деді ашулы бригадир.

- «Тағы үш мың берші», «тағы үш мың» деп күн сайын келіп, онсыз да қыруар ақша алдыңдар емес пе!?

- Оны материалға алдық қой... – деп түсіндіруге тырысты екінші жұмысшы.

- Ал түбіртектері ше! Түбіртектері қайда? – деді көзілдіріктің арғы жағынан тесіле қараған Савостина.

- Базардан сатып алсам, қайдағы түбіртек?

- Бітті, әңгіме бітті, айттым болды! – деді үстелдің жанына жайғаса бастаған Савостина.

- Мына түріңізбен журналистерге не айтпақсыз, халыққа қандай ақыл үйретпексіз? – деді күйіп-піскен бригадир.

Орнынан атып тұрып, үстелде жатқан үлкен пышақты жұлып алған Савостина оның ұшын өзіне қаратып, бригадирге ұсынды.

- Ал, мә! Олай болса, маған сұғып ал! – деп айғай салды. – Енді маған не істе дейсің?

Бригадир артқа жалт бұрылып, бір сыбап алды да, көмекшісін ертіп пәтерден шыға жөнелді. Савостина орындыққа қайта жайғасты да, сәл мелшиіп қалған журналистерге:

- Ал, жігіттер, не сұрайын деп едіңдер? – деді.

Жанымызда Савостинаның көршісі сабырлы қалыппен еденді сүрте берді.

«БИЛЛ, МЫНАНЫҢ БӘРІНЕ МӘН БЕРМЕ!»

Вячеслав Половинко: - Совет одағы қалай ыдырағаны есіңізде ме? Ол кезде немен айналысып жүр едіңіз?

Ирина Савостина: - Совет одағының тарап кеткеніне қатты таң қалдым. Мен СССР-да туып, тәрбиеленген адаммын. Біз Колымада тұрдық, әкем үлкен бастық – Колымада жабдықтау бөлімінің бастығы болған. Ол кезде тамыр-таныстық болмасын, пара алмасын дейтін болуы керек, ешкімді бір орында 2-3 жылдан артық ұстамайтын. Сондықтан 1947 жылы біз Алматыға көшіп келіп, бірінші Алматыда (Алматы-1 вокзалы маңындағы аудан. - Азаттық) тұра бастадық.

"Поколение" қоғамдық қозғалысы жетекшісі Ирина Савостина журналистерге фотоальбомдағы суреттерді көрсетіп отыр. Алматы 12 желтоқсан 2016 жыл.
"Поколение" қоғамдық қозғалысы жетекшісі Ирина Савостина журналистерге фотоальбомдағы суреттерді көрсетіп отыр. Алматы 12 желтоқсан 2016 жыл.

Қаршадай күнімізден өмірдің қиындығын көріп өстік, қорғаныс қорына деген алтынды шаю үшін бала кезімізден алтын кенішіне апаратын. Екінші сыныпта оқыған кезімнен алтынды пириттен айыруды білетінмін. Мұнда көшіп келгеннен кейін әкем еңбекпен түзету лагерь-колониялары басқармасының бастығы болып істеді, еңбек стажым да сол жерде басталды, 15 жасымнан әлгі басқармада шабарман болып жұмыс істедім. Біз өте ерте есейдік, сондықтан 1990 жылдары жаппай еркіндік туған кезде бұған мүлде қуанған жоқпын. Ал одақ ыдыраған кезде өз басым қатты шошыдым. СССР-де ұлтына қарап алаламайтын, адамның кісілік қасиеттері ғана бағаланатын. Балалар азғындық, көргенсіздік дегенді мүлде білмейтін. Қазір сен нешедесің?

Вячеслав Половинко: - Жиырма сегіздемін.

Ирина Савостина: - Бәрібір есіңде болуы тиіс, совет заманында кімнің терезесінде тор тұрушы еді?

Вячеслав Половинко: - Біздің пәтерімізде 1990 жылдардың ортасына дейін ондай нәрсе болған жоқ.

Ирина Савостина: - Ал пәтердің кілтін қайда қоюшы едің?

Пётр Троценко: - Жұрттың бәрі есік алдында жататын төсеніш астына тастай салатын.

Ирина Савостина (саусағын шошайтып): - Дұрыс айтасың! Совет заманында жұрттың бәрі кілтті есік алдындағы төсеніштің астына тастай салатын. Ол кезде халықтың пиғылы таза болатын. Біреу алда-жалда құлап қалса, көмектесуге тырысатын. Ал қазір ше, өздерің көрдіңдер (жұмысшылар кеткен жаққа қолын сілтейді).

Пётр Троценко: - Одақ ыдырауының жақсы жақтары мүлде болған жоқ па сонда?

1990 жылдардың басында нағыз аштық жайлады. Соғысты көрген біз сияқтылар жарма дақылдарын көбірек сатып алып, қор жинап алуға тырыстық.

Ирина Савостина: - Ешқандай жақсы жағы болған жоқ. Жұртта таңданыс пен енді не болады деген ой ғана болды. Шетелде адамдар жақсы тұрады (кезінде Чехословакияда екі мәрте болғанмын, ол жақта кілемге тапшылық жоқ болатын, сол кезде бізде дүниенің бәрі қат еді ғой), ал бізде қалай болар екен деп ойладық. Жаппай талан-тараж басталады деп ойлаған жоқпыз.

1990 жылдардың басында нағыз аштық жайлады. Соғысты көрген біз сияқтылар жарма дақылдарын көбірек сатып алып, қор жинап алуға тырыстық. Жағдай барған сайын қиындайтынын біліп, ақталған сұлы, тары, күрішті шамам келгенше мол етіп сатып алуға тырыстым. Ал кейін жағдайымыз аздап түзелгеннен кейін әлгі жарманы құстарға шаштық.

Сондықтан Совет одағы кезінде жақсы болатын. Егер Сталин болғанда... бір жерде қаулысы жатқан сияқты еді...

(Савостина балконда үйілген қисапсыз папкалары мен блокноттарын ақтара бастады. Әлгі қағаздардың ішінде бәрі - баяғыда дүние салған серіктерінің телефон нөмірлерінен бастап 1990 жылдары орнатылған суды есептегіш құралдардың техникалық сипаттамасы дейін бар сияқты. Савостина «Міне, қарашы!» деп, Сталиннің бағаны арзандату туралы 1950 жылғы наурыздың 1-індегі қаулысының мәтінін сыртқы мұқабасының біріне асқан ұқыптылықпен, тіпті сүйіспеншілікпен жапсырып қойған блокнотты журналистке ұстатты. Мәтінді қарап отырып Савостина «Бағаны қалай арзандатқан, өзің қарашы!» деп жылауға шақ қалды.)

Вячеслав Половинко: - Иә, 20-30 пайызға арзандатыпты ғой.

Ирина Савостина: - Көрдің бе? Тыл еңбеккерлеріне, мүгедек бала асырап отырғандарға бізде әлдебір сыйақы бергендей болады. Ал бүгін маған бір шенеунік телефон соғып, қаңтардың 1-інен бастап барлық коммуналдық қызмет ақысы қымбаттайтынын айтты. Бергендері коммуналдық қызмет ақысынан аспай қалады. Ұқтың ба? Соғыстан кейін халықтың бәріне қиын болды, бірақ электр жарығы төрт тиыннан (копейка) асқан жоқ.

Енді мынаны айтайын. Бір кездері Сталиннің жер-жебіріне жетіп, сөге бастағанда зейнеткерлер қарсы шығып еді ғой. Саған не дейін... Үйде 12 бала болдық та, бірінші Алматыда үй салған кезде бізге 10 мың рубль несие берді. Әлгі несиенің 2-3 мың рублін әрең тауып төлеп, ары қарай төлеуге ақшамыз болмады. Содан шешем мойнымыздағы әлгі несиені алып тастауды сұрап Сталинге хат жазды. Сенесің бе, жоқ па – бірақ Сталиннен бізге хат келді ғой. Әлгі хатта несиені алып тастай алмаймын, бірақ оны қайтаруды үш жылға шегеріп берейін деп жазылған еді.

Ал жуырда Әбдіхалықоваға (Гүлшара Әбдіхалықова. – қазір мемлекеттік хатшы, әр жылдары еңбек және әлеуметтік қорғау министрі, президенттің кеңесшісі болған. - Азаттық) екі зейнеткердің жағдайын баяндап хат жаздым. Әлгі хатым оған тіпті жетпепті де!

АҚШ-тың 42-президенті Билл Клинтонның қолтаңбасы бар фотосуреті. Алматы, 12 желтоқсан 2016 жыл.
АҚШ-тың 42-президенті Билл Клинтонның қолтаңбасы бар фотосуреті. Алматы, 12 желтоқсан 2016 жыл.

Немесе әлгі Мониканың (Левински. - Азаттық), әлгі... балағаттай жаздадым ғой... кесірінен Клинтонға психологиялық шабуыл жасалғаны естеріңде ме? Оны жан-жақтан талаған жоқ па. Содан шыдай алмай оған «Билл, мына пасықтыққа мән берме, Хиллари кешірсе болды. Ең бастысы, жақсы президент бол, қалғанын ойыңа да алма. Америкада болғанда портретіңді сатып алғым келген, бірақ таппадым, жер-көктің бәрінде әлгі Моника» деп хат жазғанмын.

Содан бір адам келіп, Америкадан хат әкеліп тұр. «Міне, сізге Клинтон жіберді» дейді. Хаттың ішінде портреті жүр екен, әне, ілулі тұр.

(Қабырғадан АҚШ-тың 42 президенті қулана жымияды.)

«АБАҚТЫДА ОТЫРҒАНЫМДА ЖАҚТАСТАРЫМ КӨШЕГЕ СЫЙМАЙ КЕТТІ»

Вячеслав Половинко: - «Поколение» қозғалысын қалай құрып жүрсіз?

Ирина Савостина: - Біріншіден, мен осы ауданда 10 жыл педагог-ұйымдастырушы болдым. Мені көп адам сол кезден танитын. Сол арада баға шарықтап, жұртта жейтін тамақ болмай қалды. Көрші үйде бір маскүнем әйел тұратын, сол әйел үйдің жанындағы дүкенге барып «бағаның қымбаттауына қарсы наразылық акциясы өтеді» деген хабарландыру іліп қойыпты.

Ертеңінде көшеге шықсам, әлгі дүкеннің алды қаптаған адам. Бәрі әлгі қағазды кім жазғанын, енді не болатынын түсінбей тұр екен. Мені көрді де митингіні бастап кетті. Жұрттың бәрі енді демократия орнайды деп сенген кез ғой. Содан батылданып «президентке хат жазайық» десті. Әлгі хатты жиналған жұрттың атынан мен жаздым. Хатты ұжымдасып барып жолдадық, бірақ жауап келмеді.

Содан Мәдел Исмаилов (бұрынғы саяси тұтқын, «Жұмысшы қозғалысының» жетекшісі, оппозиционер. - Азаттық) пен Юрий Виньков (оппозиционер, Қазақстан коммунистік партиясының мүшесі) келе қалды. Екеуі «Ирина Алексеевна, тағы бір митинг ұйымдастырайық» деді.

(Савостина архивін ары қарай мұқият ақтарып, бір мезетте Soviet Kazakhstan деген атаумен шыққан бір бума открытканы – кезінде мұндай открыткалар әр совет отбасында болған – журналистің қолына ұстата салды. «Өткен заманға қалай қарайтынымды сұрадың ғой, - дейді ол өксігін әрең басып. – Мынаның бәрін ойран етсе, қалай қарауым керек?»)

Пётр Троценко: - Наразылық акциялары басталған кезде өзге шаруаларыңыздың бәрін тастағансыз ғой, шамасы?

Ирина Савостина: - Ол кезде мен зейнет демалысына шығып алған болатынмын. Маған «Қоғамдық қозғалыс ретінде тіркеліңдер» деп кеңес берді. Белсенділерді сайлап, ол кезде халық өте қағілез болатын, 40 шақты адам бірден жиналды. Қозғалысты үш рет тіркеуге тырыстым, бірақ жарғымыздың әлдебір тұстары дұрыс болмай, сандалып көп жүрдік, ал кейін «тіркей салыңдар, не қиратар дейсіңдер» деп биліктің өзі қолын бір сілтеді.

Ал ақырында бәрі билік ойлағаннан өзгеше болып шықты. Тіркелгеніміз сол еді, Виньков «Жүріңдер, алаңға барып, митингі өткізейік, еркіндік емес пе!» деді. Содан бәріміз алаңға шықтық.

Вячеслав Половинко: - Ал жұртты қалай жинадыңыздар?

Еңбек жолым лагерь жүйесінде басталған мені Лобачевский көшесіндегі абақтыға қамауға апарды. Бала кезімізде концерт қоюға баратынбыз, сондықтан лагерьдің не екенін Колымада көріп алғанмын.

Ирина Савостина: - Өздері жиналды! «Ұзынқұлақ» деген бар емес пе? Алаңға барып, қанша адам жиналды екен деп қарасам, жұрт өзен болып ағылып келіп жатыр. Бәріміз әкімдікке бардық, бірақ Заманбек Нұрқаділов (сол кездегі Алматы қаласының әкімі) орнында жоқ екен, сондықтан қарарымызды жай қалдырып кеттік. Ал бірер күннен кейін мені сотқа шақырып, 10 тәулікке қамады. Сол жолы Виньков, Исмаилов үшеумізді қамап қойды.

Еңбек жолым лагерь жүйесінде басталған мені Лобачевский көшесіндегі абақтыға қамауға апарды. Бала кезімізде концерт қоюға баратынбыз, сондықтан лагерьдің не екенін Колымада көріп алғанмын. Мені апарып, амандасқаннан кейін милиционер кенет «туыстарыңызға телефон соғыңыз, төсек-орын әкеліп берсін, бізде мүлде жоқ» дейді.

Ертеңінде әлгі көшенің қиылысы менің жақтастарыма толып кетті. Бірден дәрігер жетіп келіп, қан қысымымды өлшеді, абақты бастықтары болса, «госпитальге жатыңыз» деп қоймайды. Бірақ мен өз арман-мұраттарымды, өз жақтастарымды ешқашан сатқан адам емеспін, сондықтан екеуі абақтыда отырған кезде госпитальда жатпақпын ба. «Қой, қарақтарым» дедім.

Қамауда отырған кезімде жақтастарым абақтының телефонына тыныштық бермеді. Алдында абақтының бастығы маған «қызметкерлерім үш айдан бері жалақы алған жоқ» деген болатын, сондықтан жақтастарым әкелген көп тамақты соларға бердік.

Вячеслав Половинко: - Сонда Қазақстан түрмелеріндегі 1990 жылдардағы жағдай 1930 жылдардағы Колыма лагерьлерінен де нашар болды деп айтпақсыз ба?

Ирина Савостина: - Иә! Иә! Мені шығарар кезде тағы бір нәрсеге таң қалдым. Мені кешкі сағат алтыда ұстап әкеткен, сондықтан кешкі алтыда босатулары тиіс қой. Бірақ абақты бастықтары мені таңертең шығаруды ұйғарды. Мені жағамнан сүйрегендей етіп шығарды да, әлдебір «үкімет» көлігіне отырғызды. Келе жатырмын, күн бұлт, жаңбыр, ал мені қолдауға қарақұрым халық жиналған.

Вячеслав Половинко: - Яғни наразылық қозғалысының жетекшісіне қалай айналғаныңызды өзіңіз де білмей қалғансыз ғой?

Ирина Савостина: - Бұдан өзім де шошып жүрдім. Содан бір аптадан кейін АҚШ-тан шақырту алдым, сол жақтағы билік орындары кездесуге шақырды.

"Поколение" қоғамдық қозғалысы жетекшісі Ирина Савостинаға берілген құрмет грамотасының бетіндегі әйнектен қарсы жақта отырған оның бейнесі көрінеді. Алматы, 12 желтоқсан 2016 жыл.
"Поколение" қоғамдық қозғалысы жетекшісі Ирина Савостинаға берілген құрмет грамотасының бетіндегі әйнектен қарсы жақта отырған оның бейнесі көрінеді. Алматы, 12 желтоқсан 2016 жыл.

Вячеслав Половинко: - Ол - АҚШ билігі. Ал Қазақстан билігінен ше?

Ирина Савостина: - Ешкім ештеңе деген жоқ. Бәрі жай, ұсақ-түйек деп ойлады. Ал ол кезде мен жайлы журналистер не деп жазды десеңші! «Сталиннің орынбасары» - неткен сұмдық!

Вячеслав Половинко: - АҚШ-тың шақыртуын бірден қабылдадыңыз ба?

Ирина Савостина: - Иә, бірден қабылдадым, сапардың бүкіл шығынын солар төледі. Олар ешкіммен босқа достаспайтынын білсем де (біз Колымада тұрған кезде олар алтын мен бағалы аң терілерін әкететін), 6-7 күнге бардым. Ол жақта сыйлықтың лауреаты болдым.

Ал елге оралған кезде билік маған мүлде өзгеше көзқараспен қарай бастады. Тіпті Алматыда аяқ астынан Демократия үйі ашылды. Үлкен оқиғаға айналып, жер-жерден делегациялар қаптады. Қане, анау қорапшаларды шығаршы.

(Бұл жолы Савостинаның қатталған архивінен бірнеше қалың фотоальбом шығарылды. Әлгі альбомдарда Савостинаның тоталитаризмнен демократияға дейінгі бүкіл тағдыры қамтылған. Ретсіз араласып кеткен фотосуреттердің арасында түрлі-түсті бір фотосурет те жүр. Бір суретте Қытайдан келген делегация түсіпті, енді бірінде - Савостинаның әкесі, ал мынау - наразылық митингісінен түсірілген фото. Бәрі үлкен бір тарихи қазанда қайнап шыққандай...)

Ирина Савостина: - Бізде енді сондай үй бар деп қалай мақтанғанымды білсеңдер ғой. Америкаға, Қытайға, Францияға барған кезімде «ойпырмай, сіздерде демократия үйі бар екен ғой» деп таң қалады. Ал кейін бөлмелерді жалға бергені үшін өкіртіп ақша ала бастады да, әлгі ғимаратта отырған ұйымдардың бәрі кетіп қалды. Ең соңынан біз кеттік - бізді ол жерден бір жарым жыл бұрын қуып шықты.

«НҰРҚАДІЛОВ «ПОКОЛЕНИЕГЕ» ТИІСПЕУДІ ТАПСЫРДЫ»

Вячеслав Половинко: - АҚШ-тан оралғаннан кейін сізге қазақстандық саясаткерлердің қайсысы бірінші болып назар аударды?

Ирина Савостина: - Әуелі Нұрқаділов, негізі, ол кісі туралы көп нәрсе айта аламын. Ол мен елге келгеннен кейін қабылдауына шақырды. Сенбі күні болатын, таңғы сегіз жарымда кабинетіне кірсем, жейдесін жартылай ағытып тастап отыр екен, алдында бір құшақ құжат жатыр, түні бойы жұмыс істеген сияқты. «Ирина Алексеевна, жағдай қалай? Қандай қиындықтар бар?» деп сұрады. Мен шағым-талаптарымды түк қалдырмай айтып бердім, содан ол бір аптадан кейін тағы кездесуді ұсынды.

"Поколение" қоғамдық қозғалысы жетекшісі Ирина Савостина мен қазақстандық оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділов. (Савостинаның жеке архивіндегі сурет.)
"Поколение" қоғамдық қозғалысы жетекшісі Ирина Савостина мен қазақстандық оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділов. (Савостинаның жеке архивіндегі сурет.)

Бір аптадан кейін жиналыс өткізді. Әлгі жиналыста әуелі әлеуметтік қорғау департаменті қызметкерлері сөз сөйлеп, бізді «Савостина бастаған зейнеткерлердің бәрі шатақ іздеген басбұзарлар» деп жазғырды. Ал сосын сөзге Нұрқаділов кірісті. Ол әуелі жұрттың алдына моншаның директорын шығарды да «Бейсенбіні зейнеткерлердің күні ет деп саған бұйырғаныма қанша болды? Айтқанымды орындамасаң, жұмыстан қуамын, сосын сені зейнетке шыққан кезде ешбір моншаға кіргізбеңдер деп жұрттың бәріне айтамын!» деді. Содан кейін Нұрқаділов зейнеткерлерден салықтардың бірін алып тастады да, зейнетақыны неліктен кешіктіріп жатқанын анықтай бастады. Сөйтсек, әлеуметтік қорғау бөліміндегілердің жалақысы миллиондаған сома алады екен де, ал зейнеткерлер мардымсыз зейнетақысын алу үшін кешке барып, кезекке тұруға мәжбүр екен.

Әлгі жерде біреулер «Бізде Ардагерлер кеңесі бар емес пе, «Поколениенің» керегі не? депайқайлап, қарсы шабуылға шықты. Ал Нұрқаділов «Поколениеге» тиіспеңдер. «Поколение» - мына бәрімізді тәрбиелеген жандар, ұстаздарымыз. Ал қазір аш құрсақ жүр» деп олардың аузын жауып тастады. Ақыры жиналыста қаралған мәселелердің бәрін біздің пайдамызға шешіп берді.

Әлгі жиналыстан кейін Нұрқаділов кеңсемізге жиі келетін болды. Әлдебір гастрольде болған кезде оның әйеліне (танымал эстрада әншісі Мақпал Жүнісова. - Азаттық) үлкен торт сыйлапты, содан Нұрқаділов әлгі тортты көтеріп бізге келгені есімде. Біз ол кезде торт түгілі, тойынып нан да жемейтінбіз, қозғалыс төрайымының орынбасары көгерген нанды арзанға сатып әкелетін. Оны айтасың, біз тіпті қанттың орнына, диабеттің таблеткаларын пайдаландық қой!

Вячеслав Половинко: - Қант болмады ма?

Ирина Савостина: - Оны сатып алатын ақша болмады! Онсыз да мардымсыз зейнетақыны бір апта, екі аптаға, бір айға кешіктіріп береетін.

1993 жылы Ирина Савостинаға берілген зейнетақы төлемдері жазылған блокнот Алматы, 12 желтоқсан 2016 жыл.
1993 жылы Ирина Савостинаға берілген зейнетақы төлемдері жазылған блокнот Алматы, 12 желтоқсан 2016 жыл.

Пётр Троценко: Ал ол кезде зейнетақыңыз қанша болып еді?

(Жауаптың орнына Савостина орнынан тұрып, көрші әйелден өзге бөлменің бір жерінде жатқан блокнотын әкеп беруін өтінді. Ол ненің қайда жатқанын, қай жерде не жазылғанын ұмытпаған! Савостина 1993 жылдан бері түскен әр зейнетақысының сомасы, тіпті алған күніне дейін жазылған блокнотты алып, журналистерге көрсетті. Зейнетақы, шынымен мардымсыз, мысалы, 1993 жылғы желтоқсанның зейнетақысы 136 теңге болыпты.)

Ирина Савостина: - Содан Нұрқаділов әкелген әлгі тортты ортаға қойып, бәріне шай құйылды. Ол кісі «қысылмаңыздар, жеңіздер, жеңіздер» деп қояды. Ал тортқа ешкім қол созбайды. Нұрқаділовті шығарып салып, қайтып келсем, жұрт үйге, бала-шаға, немерелерімізге апарамыз деп әлгі тортты бәрі бір-бір тілімнен бөліп алып жатыр екен.

Айтпақшы, сол жолы Нұрқаділов тағы бір шаруамен келген болатын. Сол тұста Ресейде Ельциннің кортежінің алдын кесіп өтпек болған қазақстандық бір жас жігітті снайперлер атып тастаған оқиға болған еді. Оның сүйегін өртеп, шешесі баласының күлі салынған тостағанды Қазақстанда жерлей алмай жүрген. Мен Нұрқаділовтен тағы көмек сұрап бардым, ол священникті шақырып, әлгі баланың күлін Алматыдағы зираттың тура кіре берісіне жерледі.

Ал кейін - 1994 жылы Пасха мерекесінің тура алдында Нұрқаділовті орнынан алып тастады. Премьер Терещенко газды өшіріп тастап, Нұрқаділов «Мұның не? Әйелдер қамыр көтеріп қойды ғой!» деп онымен ұрсысыпты. Тіпті оны ұрып жіберген деседі. Сол-ақ екен оны орнынан алып тастады (ол кезде Өзбекстанға қарыз болғандықтан, газды өшіріп тастаған болатын. Ал Сергей Терещенко мен Заманбек Нұрқаділов әлгі жанжалды реттеуге қатысқан. - Азаттық)

Вячеслав Половинко: - Ол кісі өз-өзін атты дегенге сенесіз бе?

Ирина Савостина: - Жоқ, бұған сенбеймін. Мүлде сенбеймін. Ол бізбен бірге екі рет алаңға шыққан, сондықтан билік пен президентке бөгет болды деп ойлаймын. Нұрқаділов әдеттегі әкім-қараларға мүлде ұқсамайтын адам еді, қабылдауына кез-келген уақытта кіруге болатын, қазіргілер сияқты сырғытпа жауаппен құтыла салмайтын, бізге үнемі көмектесуге тырысатын.

«ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН СТАЛИНДІ ЖАҚСЫ БАСШЫ ДЕП САНАЙМЫН»

Вячеслав Половинко: - Қазақстанда Нұрқаділовтен өзге жөні түзу саясаткер бар деп ойлайсыз ба?

Ирина Савостина: - Білмеймін. Бізді Францияға шақырған кезде Қажыгелдинмен әңгімелескенмін. Түскі ас үстінде оған «бізде баспананы жекешелендіруді ойлап тапқан сен ғой, бәрімізді ми батпаққа батырған сенсің!» деп бәрін бетіне айтып салдым. Ал ол болса, «Ирина Алексеевна, сіз жаңа тұрғын үй саясаты туралы президент жарлығын оқыдыңыз ба? Ал жекешелендіру туралы менің қаулымды оқыдыңыз ба? Әуелі оқыңыз, сосын сөйлесейік» дейді байыппен.

Үйге ұшып келген соң президенттің жарлығын оқып шығып, жағамды ұстадым. Әлгі жарлықта ешкім ештеңе жымқырып кетпес үшін бүкіл үкімет жекешелендіруді тексерумен айналысуы тиіс болған. Ал сосын Қажыгелдиннің нөмірі 1299 қаулысын – оны жатқа білетінімді көріп отырсың - оқып шықтым. Онда әуелі ескі үйлерді бұзып, жұртқа жаңа пәтерлер беріледі, содан кейін ғана жекешелендіріледі деп жазылған екен.

Вячеслав Половинко: - Сонда екеуінің нұсқауларын орындамаған болып тұр ғой.

Ирина Савостина: - Иә. Қазір де дәл солай болып жатыр.

"Поколение" қоғамдық қозғалысы жетекшісі Ирина Савостина мен қазақстандық саясаткер Ермұхамет Ертісбаев. (Савостинаның жеке архивіндегі сурет.)
"Поколение" қоғамдық қозғалысы жетекшісі Ирина Савостина мен қазақстандық саясаткер Ермұхамет Ертісбаев. (Савостинаның жеке архивіндегі сурет.)

Пётр Троценко: - 1990 жылдар аяқталған кезде жағдай сәл жақсарғаны сезілді ме? Мысалы, зейнетақыны көбейтті дегендей.

Ирина Савостина: - Жоқ. Жағдай тіпті нашарлап кетті. Әлемнің талай елін араладым, бірақ дәрігер ең аз зейнетақы алатын ешбір елді көрген жоқпын, ал бұл - нағыз мемлекеттік қылмыс!

Вячеслав Половинко: - 1990 немесе 2000 жылдардың аз да болса жақсылығы болмады ма сонда?

Ирина Савостина: - Әлдебір үміт болмаса, жақсылық дейтіндей ештеңе болған жоқ. Бірақ ол үмітіміз де ақталмады. Оның үстіне, мен өз арман-мұраттарымды, ал олар менде совет заманынан қалған - ешқашан сатпаймын, сондықтан әлі күнге дейін Сталинді жақсы басшы деп санаймын. Коммунистік мұраттарымнан ешқашан айныған емеспін. Мені тұтқындаған кезде «коммунист әке-шешем мына заманға жетпей көз жұмғанына құдайға шүкір» деп ойлағанмын.

Вячеслав Половинко: - Қай заманға қайта оралғыңыз келер еді?

Ирина Савостина: - Совет заманына. Мысалы, жағдай ептеп түзеле бастаған 1950 жылдарға. Қиын-қыстау заман болғаны рас, төртінші сыныпта оқитын қыз бала бір ауысымда астық орудың төрт нормасын орындады деп жазған газетті әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Немесе қол ұстасып әндетіп, шыршаны айналғанымыз болмаса, музыка да, би де болмаған 1942 жылғы шырша мерекесі де жадымда. Бұдан бөлек, кинотеатрға барып «Маннергейм шебі» деген фильм көргеніміз, ал жарықты жаққан кезде 12 адам қорыққанынан бұтына жіберіп қойып, орындықтың астына тығылғаны есімде қалыпты.

Бірақ қазір одан да жаман. Адамдарға қараймын да, соғыс кезінде, соғыстан кейінгі жылдары мұндайлар болмап еді ғой деп ойлаймын. Ол заманда біреу құлап қалса, әлгі адамның қолтығынан демеуші еді, ал қазір ары қарай тонауды ғана ойлап тұрады.

Қоштасар сәт келді, бірақ Савостина соттарда өзі мүдделерін қорғаған адамдардың тағдыры жайлы әңгімелеп, журналистерді көпке дейін жібермеді. Олардың ішінде бірінші сыныпта оқып жүргенде уланған астықты елеймін деп су қараңғы болып әйел де; мүгедек немересі үшін жәрдемақыға қол жеткізгенін естіген баласы қайтыс болып, әлгі ақшаны ақыры оны жерлеуге жұмсаған әйел де бар. Бір мезетте ол шыдай алмай, «Құдайым-ау, осының бәріне несіне киліктім екен?!» деп тағы өкси бастады.

- Кезіндегі 98 белсендіден қазір бесеу ғана қалдық әрі бәріміздің жүріп-тұруымыз қиындады, - деген Ирина Савостина қоштасар кезде әр журналистке «Поколение» қозғалысы мүшелерінің өлең шумақтары топтастырылған бір-бір жинақтан сыйлады.

Жинақтағы өлең шумақтары өз арман-мұраттары үшін бірден-бір күрескер болған, бірақ жұрттың бәрінен көп шыдаған зейнеткерлердің зар заманнан әбден түңілісі сарынында жазылған.

XS
SM
MD
LG