Accessibility links

Байсақовтардың ісі бойынша оппозиция жетекшілеріне қарсы сот отырысы белгісіз себептермен болмай қалды


Алматы қалалық сотында оппозиция жетекшілеріне қарсы сот процесін күтіп тұрғандар. 17 ақпан, 2009 жыл.
Алматы қалалық сотында оппозиция жетекшілеріне қарсы сот процесін күтіп тұрғандар. 17 ақпан, 2009 жыл.

Оппозиция жетекшілерінің апелляциялық шағымы бойынша Алматы қалалық сотында ақпанның 17-сі күні болуы тиіс сот отырысы өтпей қалды. Бір сағаттан астам уақыт бойы күткен халық пен оппозиция жетекшілеріне қалалық сот оның себебін түсіндірген де жоқ.

Соттың ақпанның 17-сі күні таңғы сағат 10-да өтетіні туралы Болат Әбілов пен Асылбек Қожахметовке қалалық сот қызметкерлерінің өздері алдын ала хабарлаған. Бір сағаттан астам уақыт күтіп, қалалық соттан «еш жауап болмаған соң» жиналғандар үйлеріне тарасты. Қалалық соттарда мұндай «тәжірибенің» жиі кездесетінін айтқан «Азат» демократиялық партиясының жетекшісі Болат Әбілов көпшіліктің құқығын сыйламағаны үшін олардың үстінен сотқа шағымданбақ ойы барын айтты.

- Біз қаншама қалалық соттарға барып жүрміз. Мұндай жағдайлармен үнемі кезігеміз. Барлық істі қарастыру таңғы сағат 10-ға белгіленген. Барлығын шақырып алады да, сонан соң олардың әрқайсысын кесте бойынша шақыру – соттың әдеті. Өздері үнемі «сотты сыйламайды» деп айтып жатады. Ал сол соттың өзі біздің құқықтарымызды сыйламайды. Біздің уақытымызбен де есептесуі керек қой. Келген адамдарға жағдай жасалуы керек. Сотқа шағымдану жөнінде қазір заңгермен кеңесіп жатырмыз, - деді Болат Әбілов.
Алматы қалалық сотының ғимараты алды. 17 ақпан, 2009 жыл.

Оппозиция жетекшілері осыдан екі апта бұрын сот ісі Медеу ауданында емес, Алмалы ауданының сотында қаралсын деп, Алматы қалалық сотына өтініш беріп қойған болатын. Бұған дейін олар бұл өтінішті Медеу аудандық сотына айтқанмен, судья Мәди Көшекбаев бұл ұсыныспен келіспеген еді.

«Сот процесінің неге Алмалы ауданда өтуін қалайсыздар?» деген Азаттық тілшісінің сұрағына оппозиция жетекшілері былай деп жауап берді:

- Мәселе өтініште емес, заңды қатаң түрде сақтау керек. Заң бойынша, іс - қылмыс аяқталған жерде қаралуы керек. Ал бұл жерде ол белгісіз. Ондай жағдайда ол тергеу жұмысы аяқталған жерде қаралуы тиіс. Тергеу амалдары Алмалы ауданында аяқталған. Демек, ол аталмыш ауданда қаралуы тиіс,- деді Адам құқықтары жөнінде халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис.

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылбек Қожахметовтың айтуынша, істің Алмалы ауданында қаралуы сот процесі барысында кездейсоқ жағдайлардан құтқарады.

- Егер біз заң аясында бастадық екен, онда барлық жерде заңға бағынуымыз керек. Егер сот процесінің қандай да бір кезеңіне жеткенде айыптаушы жақ кенеттен істен бір ақау тапса, онда олар: «сот бөтен ауданда қаралып жатыр» деп жалтаруы мүмкін. Немесе апелляциялық инстанция: «іс басқа ауданда қаралған» деп мәлімдесе ше?! Бұл әрине, іс кенеттен біздің жағымызға қарай шешіле бастағанда болуы мүмкін дегенім ғой. Онда бізді Медеу ауданында жақсылап тұрып азаптап алады да, қайтадан Алмалы ауданына жібереді. Сондықтан осындай жайттардан аулақ болу үшін бәрі де әу бастан заң аясында өтсін,- деп атап көрсетеді Қожахметов.

«Азат» демократиялық партиясының жетекшісі Болат Әбілов бұл турасында былай дейді:

- Біз заң шеңберінде жұмыс істегіміз келеді. Егер айыпталушылардың бірі Алмалы ауданында хатқа қол қойдым десе, соттың мұндай фактіні жоққа шығаруына құқығы жоқ. Сот қайда өтсе де, Қаскелеңде, не Қалқаманда, болмаса шалғай жатқан бір ауылда өтсе де, нәтижесінің бір болатынын бәріміз жақсы білеміз: сот Астанадан келген шешімді орындайды. Қысқаша айтсақ, кез келген амалдар арқылы бізді айыпты қылады. Ондағы мақсат не: әлемде тек жалғыз Рахат Әлиев қана тонап, өлтірмейтінін, жемқорлыққа тек биліктің белшесінен батпағанын, сонымен қатар оппозиция жетекшілерінің де қылмыскерлерді жасырып жүргенін жар салып айту үшін.

Болат Әбілов осы сөздерден кейін енді бес минут күтеміз, егер сот болады деп ешкім шақырмаса, 10 минуттан кейін кетеміз деп мәлімдеді жиналып тұрғандар алдында. Шынында да 10 минут өткен соң да оларды шақырған ешкім болмады, сосын бәрі де бір кісідей тарқап кетті.

Естеріңізге сала кетейік, оппозиция жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс өткен жылдың қыркүйек айында қозғалған болатын. Оларға аса ауыр қылмыс жасап, халықаралық іздеуде жүрген Есентай мен Жұмабай Байсақовқа Украинадан «саяси босқын» мәртебесін алып бергені үшін «аса ауыр қылмысты жасырушылық» бабы бойынша айып тағылып отыр. Ал оппозиция жетекшілері болса, мұны билік тарапынан жүргізіліп отырған кезекті қысым деп санайды.

Бұған дейін «Азат» демократиялық партиясы үкімет басшысының қызметтен кетуін талап етіп, республикалық митинг өткізетіні туралы да жария еткен болатын. Дегенмен аталған митингті өткізуге аймақтық әкімшіліктердің рұқсат етпей отырғаны турасында «Азаттық» радиосына партия жетекшісінің орынбасары Маржан Аспандиярова былай деп хабарлады:

- Партияның облыстық бөлімшелерінің барлығы заңда бекітілгендей арнайы әкімшіліктерге өтініш берді. Кеше ақпанның 16-сы күні әкімшіліктердің барлығы да аталмыш өтінішке жауап беріп бітуі тиіс еді. Партияның бөлімшелерінің басым бөлігіне митинг өткізуіне рұқсат бермей қойды. Бұл жерде әкімшіліктердің бір-бірімен келіскен «жасампаздығын» айта кету керек. Қалалар бір-бірінен алыс орналасса да, әкімшіліктің жауаптары ұқсас. Бұл жергілікті әкімдердің қарапайым халықпен жүздесуге қорқатындығының белгісі.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG