Accessibility links

Қарағандыда көпқабатты үйлердің жылыту жүйелерін тексермек


Құлаған үйдің жанында жүрген құтқарушылар. Шахан кенті, 2 қаңтар 2017 жыл.
Құлаған үйдің жанында жүрген құтқарушылар. Шахан кенті, 2 қаңтар 2017 жыл.

Қарағанды облысы Шахан кентінде тұрғын үйдің подъезі құлаған кезде қаза тапқан тоғыз адамды жерлегелі жатыр. Елдің бірнеше қаласында зардап шеккендерге көмек жинай бастады. Жергілікті билік облыстағы көпқабатты үйлердің бәрінің жылыту жүйесін тексермек.

Бүгін Қарағанды облысы Шахан кентіндегі көпқабатты үйдің подъезі құлаған кезде қаза тапқан тоғыз адамның бірі – 60 жастағы Валерий Михайлов жерленді. Ол кісіні Сарепта кентіне қойды.

Қаңтардың 4-і күні Шахан зиратында Андроповтар отбасының үш адамы – ерлі-зайыпты жастар Ольга және Виталий мен екеуінің бірге де толмаған қызы Евангелина жерленбек.

Жас ана Елена мен оның бір жарым жасар ұлы Володяны жерлеу қаңтардың 5-іне жоспарланған. Сол күні бір отбасының екі адамы – Василий Галышев пен 6 жасар Артур Галышев те жерленеді.

Зейнеткер Татьяна Канды жерлеу рәсімі қаңтардың 6-сына жоспарланған.

Қаза тапқан ер адамдардың екеуі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы шахталарында жұмыс істеген.

Құлаған үйдің жанында жүрген құтқарушылар. Шахан кенті, 2 қаңтар 2017 жыл.
Құлаған үйдің жанында жүрген құтқарушылар. Шахан кенті, 2 қаңтар 2017 жыл.

Билік «жерлеу рәсімі мен қаралы дастархан ұйымдастыруға байланысты бүкіл шығынды өз мойнымызға аламыз» деп уәде етті. Қарағанды облысы әкімдігі қаза тапқан әр адам үшін 1 миллион теңге, ал подъезд құлауы салдарынан зардап шеккен әр адамға 500 мың теңге материалдық көмек бөлуге уәде етті.

АПАТ ОРНЫН ТЕКСЕРУ ЖҰМЫСТАРЫ

Жылу қазандығы жарылған 4-үйді қазір қазақстандық көпсалалы реконструкция және даму институты (ҚазМИИР) сарапшылары тексеріп жатыр. Алдын ала жарияланған дерекке сәйкес, апатқа автоматты жылу жүйесі дұрыс жұмыс істемеуі себеп болған.

Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, мамандар апат орнын қарап шыққан, ал арнайы құралдармен тексеру жұмыстарын екі күн ішінде аяқтау жоспарланған.

– Үйдің қалған бөлігін де қарап шықтық. Құлайды деген қатер әзірше байқалмайды. Енді тораптар түйіскен тұстарды түгел қарап, суретке түсіріп, өзгеріс бола ма, жоқ па – динамикасын бақылауымыз керек. Ұйғарым таяуда дайын болады, – дейді ҚазМИИР директоры Жұмағұл Нұғыжинов.

Құлаған үйдің жанында жүрген құтқарушылар. Шахан кенті, 2 қаңтар 2017 жыл.
Құлаған үйдің жанында жүрген құтқарушылар. Шахан кенті, 2 қаңтар 2017 жыл.

Мамандар подъездің қираған бөлігін бұзуға ҚазМИРР ұйғарымын алғаннан кейін ғана кіріспек. Бұған қоса кейін үйде тұруға бола ма деген мәселе де шешіледі.

Қарағанды облысы әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков автономды жылу жүйесі мен қазандығы бар көпқабатты үйлердің бәрін және олардың жылу жүйелерін толық тексеріп шығуды және қызметкерлермен қосымша нұсқаулық жүргізуді бұйырды. Облыс әкімдігі өкілдерінің айтуынша, мұндай тексеру Шахан кенті ғана емес, «бүкіл Қарағанды облысындағы осындай жылу көздері бар» үйлердің бәрінде жүргізілмек.

Шахан кентінде 117 көпқабатты үй бар. Оның 14-інде жылу көзі ретінде автономды жылу жүйесі пайдаланылады. Тұрғындар кей пәтерлер әлі күнге дейін «буржуйка» пешімен жылытылатынын айтады. Ресми дерекке сәйкес, жеке тұрғын үй қорына тиесілі 761 үй пешпен жылынады.

Жергілікті тұрғындар «кенттегі көпқабатты үйлерде орталықтандырылған жылу жүйесі болса, мұндай қайғылы оқиға болмас еді» дейді. Бірақ өзге көпқабатты үйлердің көбі сияқты құлаған үйдің тұрғындары да жертөледе қазандық қоюға мәжбүр болған.

Құлаған үйдің жанында жүрген құтқарушылар. Шахан кенті, 2 қаңтар 2017 жыл.
Құлаған үйдің жанында жүрген құтқарушылар. Шахан кенті, 2 қаңтар 2017 жыл.

ҚОҒАМ РЕАКЦИЯСЫ

Шахан кентіндегі қайғылы апат әлеуметтік желілерде қызу реакция тудырды. Біреулер қаза тапқандардың отбасыларына, зардап шеккендер мен тірі қалғандарға материалдық көмек керек деп жазып жатыр. Жұрттың көбі «Баспанасы қирап қалған жандар енді қайда тұрады?» деп сұрайды.

Техногенді сипаттағы төтенше жағдай салдарынан келген зиянды бағалау үшін арнайы комиссия құрылды. «Қызыл жарты ай» қоғамы Шахан кенті әкімдігі ашқан гуманитарлық көмек қабылдайтын пунктке азық-түлік жеткізді. Халықтан, оның ішінде кәсіпкерлерден де көмек түсе бастады.

Жуықта Шахан кентіндегі апаттан зардап шеккендерге арналған көмек қоры ашылады деп хабарланды. Ақшалай көмекті сол қорға аударуға болады. Қордың қамқоршылар кеңесіне Шахтинск қаласы мен Шахан кенті жұртшылығы өкілдері кіреді.

Туыстары қаза тапқан Алексей Алексеенко мерт болған адамдардың суреттерін көрсетіп тұр. Шахан, 2 қаңтар 2017 жыл.
Туыстары қаза тапқан Алексей Алексеенко мерт болған адамдардың суреттерін көрсетіп тұр. Шахан, 2 қаңтар 2017 жыл.

Билік техникасын әкеліп, іздестіру-құтқару жұмыстарына өз бастамасымен қатысқан адамдарға шығындарын өтеп беруге уәде етті. Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков «бұл – жақсы азаматтық позиция» деп, тұрғындарға көмегі үшін алғыс айтты.

Қоғам белсендісі Мұрат Әбенов Facebook желісіндегі парақшасында зардап шеккендерге көмектескісі келетін адамдар ақша аудара алатын арнайы есеп-шот ашылғанын жазды. «Комиссия құрылды. Бірақ қиын жағдайда қалған ағайын қоғамның қолдауына зәру. Сондықтан Ерлан Сайыров бастаған бір топ азамат бұзылмайтын азық-түлік пен жылы киім-кешек түрінде көмек жинауды бастады. Қолдау жасағысы келген жандар заттарды Астана қаласында Момышұлы мен Сәтбаев көшелерінің қиылысында ұйымдастырылған пунктке («Белый ветер» дүкені бүйіріндегі есік, кеңсе 3- қабатта)» деп жазады Мұрат Әбенов.

Жиналған заттар мен азық-түлікті Шахан кентіне қаңтардың 7-сі күні жөнелту жоспарланған.

XS
SM
MD
LG