Accessibility links

Макс Боқаев. Жер шеруінде ел таныған белсенді


Азаматтық белсенді Макс Боқаев "жер мәселесі" туралы қарсылық шеруінде сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Атыраудағы жер реформасына қарсылық шеруіне белсене қатысқан Макс Боқаевты билік 5 жылға түрмеге отырғызды. Тағылған айыптарды мойындаудан бас тартқан белсендіні құқық қорғаушылар ар-ождан тұтқыны деп таныды.

ЖЕР ШЕРУЛЕРІ

2016 жылы көктемде Қазақстан қоғамында резонанс тудырған «жер митингілерінің» алғашқысы – сәуірдің 24-і күні Атыраудағы Исатай-Махамбет алаңында өткен жаппай шеруге Қазақстанның жер туралы заңына 2015 жылы күзде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен енгізілген өзгерістер түрткі болған еді. Акцияға қатысушылар заңдағы шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзарту және құрамында шетелдіктер бар серіктестіктерге сату туралы баптарға қарсылық білдіріп Назарбаевқа үндеу жолдады. Қазақстанның жаңа тарихындағы ірі толқулардың бастамасына айналған Атыраудағы шеруді жүргізуді (модератор) азаматтық белсенді, 43 жастағы Макс Боқаев атқарған.

Макс Боқаев "жер мәселесіне" қатысты билікке талап қойды:

Жиынға қатысушылардың жер кодексінен даулы баптарды алып тастау, Қазақстандағы жер иелерінің аты-жөні туралы ақпаратты жариялау, бейбіт жиынға қатысқандар мен ұйымдастырушыларды қудаламау туралы талаптары жазылған қарар жобасын сол жерде Макс Боқаев әзірлеп, жұрт оған қол қойған еді.

Алаңға келген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев халықтың талап-тілегі Ақордаға жеткізіледі және Макс Боқаев пен өзге белсенділерді билік қудаламайды деп сөз берген.

Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың 24 сәуірдегі жиындағы сөзі:

Атыраудан кейін Ақтөбе, Ақтау, Жаңаөзен, Семей қалаларында бірінен соң бірі өткен «жер митингілеріне», бақылаушылардың есебі бойынша, бірнеше жүзден бірнеше мыңға дейін адам қатысқан. Үкімет саясатына наразылығын алаңға шығып білдіргендер жазалауға ұшырайтын Қазақстан үшін бұл өте сирек құбылыс еді.

Мамырдың 5-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексінің даулы баптарын енгізуге жыл соңына дейін мораторий енгізілетіні туралы мәлімдеген, кейін оның мерзімі 5 жылға ұзартылған. Билік жер мәселесі жөнінде үкімет, парламент мүшелері және қоғам өкілдерінен жаңадан республикалық комиссия құрып, оның құрамына өзгелермен бірге Макс Боқаевты да қосқан. Боқаев «жер заңындағы өзгерістерге наразылар қудаланбасын, халық комиссияға өкілдерін өзі сайласын, билік өкілдері комиссия құрамының жартысынан аспасын, жер кодексінің даулы баптары қашан, қандай тәртіппен жойылатынын комиссия нақты белгілесін» деген талаптары орындалмайынша комиссия жұмысына қатысудан бас тартқан.

АЙЫПТАУ ЖӘНЕ ЖАЗАЛАУ

Қазақстан билігі жер реформасына наразылыққа қарсы шаралар қолданды: Алматы мен Астанада және өзге қалаларда шерулер өткізуге тыйым салынып, әлеуметтік желілер арқылы тараған ақпаратта "жалпыұлттық жер шеруі" өтетін күн ретінде аталған мамырдың 21-інде орталық көшелерді полиция бақылауына алды, көптеген белсенділер акция басталмай ұсталып, кейбірі 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынды, кейбіріне айыппұл салынды. Биліктің тыйымына қарамастан көшеге шыққандарды жаппай полиция ұстап әкетті. Наразылармен қоса ондаған журналист ұсталды.

Алматыда 2016 жылы мамырдың 21-і күні полиция ұстағандар:

Атыраудағы шеруден соң президент Нұрсұлтан Назарбаев «шетелдіктерге жер меншікке сатылмайды, жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесін спекуляцияға айналдырған арандатушыларды әшкерелеп, заңға сәйкес жазаға тарту керек» деп мәлімдеген.

Макс Боқаевтың "жер сатуға" қарсылар туралы айтқаны (орысша):

Азаттыққа берген сұхбатында Макс Боқаев жер мәселесіне қатысты түрлі көзқарас-пікірдегі адамдарға уәжін айтуға мүмкіндік берілуі тиіс деп санайтынын айтқан еді.

- Өзімді де, өзгені де арандатушы деп санамаймын. Мысалы, шетелдіктерге ауылшаруашылығы жері сатылмайтыны туралы білемін, ол туралы айтып та, Facebook желісіндегі парағыма жазып та жүрмін. Алайда «жер сатылады» деп санайтын азаматтар да бар, мүмкін олар қателесіп жүрген болар, бәлкім, біз білмейтін басқа жайттан хабары бар шығар, сондықтан оларға ой-пікірін жеткізуіне мүмкіндік беруі керек деп білемін, - деген Макс Боқаев.

Мамырдың 17-і күні «заңсыз митингі ұйымдастырғаны үшін» 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған Макс Боқаевқа абақтыда жатқанда «билікті басып алу және ұстап тұруға насихаттау немесе ашық түрде шақыру» және «қылмысқа дайындалу» айыптары тағылған. Көп ұзамай оларды қылмыстық кодекстің «заңсыз жиын ұйымдастыру», «араздық қоздыру» және «жалған ақпар тарату» деген баптарына ауыстырған. Кейін сотта мемлекеттік айыптаушылар Боқаевтың тағылған айыптар бойынша «кінәсі толық дәлелденгенін» айтқан.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев сот залында. Атырау, 10 қараша 2016 жыл.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев сот залында. Атырау, 10 қараша 2016 жыл.

Макс Боқаев сотқа дейінгі тергеуде және сот барысында өзіне тағылған айыптарды мойындаудан және сотпен «айыпты мойындау» туралы процесуалдық келісім жасау ұсынысынан бас тартқан. «Билік жер мәселесі бойынша халықтың пікірімен санасуы тиіс» деген позициясында қалған ол белсенді Талғат Аян екеуіне тағылған айыптарға дәлел табылмағаны туралы мәлімдеген.

- Бізді қудалау барысында 1937 жылғы НКВД әдістерінің барлығы қолданылды: аналарымыздың үйінің есігін бұзып кіріп, тінтті, қорқытты, жеке өмірге қол сұқты. Бірақ Талғат екеуіміздің Қазақстан конституциясын бұзғанымызға дәлел таба алмады, сондықтан істің 73 томы - жай ғана макулатура, - деген Макс Боқаев сотта.

«Неге елдің атынан шеру қарарын жаздыңыз?» деген прокурор сұрағына Макс Боқаев «жиынға қатысушылар позициясы өз приницптеріне сай келгендіктен» қарарды дайындап, кейін оны Facebook желісіндегі парақшасында жариялағанын айтып жауап берген.

Азаматтық белсенділер Талғат Аян (сол жақта) және Макс Боқаев сот залында. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.

Азаматтық белсенділер Талғат Аян (сол жақта) және Макс Боқаев сот залында. Атырау, 28 қазан 2016 жыл.

Қарашаның 28-і күні Атырау соты Макс Боқаевты бес жылға бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім етті. Үкім тұжырымы прокурорлар айыптауымен үндес шықты. Сот Макс Боқаевқа үш жыл қоғамдық жұмыспен айналысуға шектеу қойып, 250 есе айлық есептік көрсеткіш (530 мың теңге немесе 1,5 мың доллар) көлемінде айыппұл салды.

Бұл іс бойынша сотқа тартылған азаматтық белсенді Талғат Аянға да тура осындай жаза тағайындалды.

«ҰЛЫМДЫ МАҚТАН ТҰТАМЫН»

Макс Боқаевтың анасы 74 жастағы Рахила Қожасова айдан аса уақытқа созылған сот процестеріне барып жүрген. Тек үкім шығатын күні үйде қалуды ұйғарыпты.

- Кіші қызымның телефоннан «бес жыл берді» дегенін естігенде үйге жиналған туыстарымызбен бірге жыладық. Бұл қалай болғаны, адамды осылай қорлағаны ғой деп қатты налыдым. Бес жыл да өтер. Бірақ мен үшін өте көп уақыт. Жасым жетпістен асқан шақта оңай тимейді, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Макс Боқаевтың анасы Рахила Қожасова. Атырау, қазан, 2016 жыл.

Макс Боқаевтың анасы Рахила Қожасова. Атырау, қазан, 2016 жыл.

Үш қыз, екі ұлды тәрбиелеп жеткізген Кебен Боқаев пен Рахила Қожасованың отбасындағы балалардың екіншісі, ұлдың үлкені - Макс. Марқұм әкесі Каспий теңізіндегі Теңіз кенішін алғаш игеруші мұнайшылардың бірі, СССР мұнай өндірісі озаты атанған инженер болған. Анасы ұзақ жылдар Атырау қаласындағы Халел Досмұхамедов атындағы университетте биология, физиология пәндерінен дәріс оқыған. СССР білім беру ісінің үздігі белгісінің иегері.

Рахила Қожасова ұлының жастайынан кітап оқуға, білімге құштар болып өскенін айтады.

- Макс табиғатынан аскет, оған артық ештеменің керегі жоқ. Тіпті қарындастары сыйға тартқан жаңа киімді де кимейді. Тамақты да талғап ішіп, аптасына екі рет ашығатын, жүгірумен айналысты. Ағылшын тілін де өздігінен үйреніп алды. Өте сабырлы, ешкімді алдамайтын, қиналған жанға соңғы жейдесін шешіп беретін мейірімді болып ержетті, - деп сипаттады баласын Рахила Қожасова.

Ол Макс пен Талғат Аянға бес жыл түрме жазасын кескен сот шешімін әділетсіз деп санайды.

- Макс пен Талғат жер туралы пікір айтқандары үшін жазалы болғандарына қатты қапалымын. «Ит қорыған жерге өш» деген бар. Тыйым салған сайын елдің наразылығы күшейеді, екеуін түрмеге тоғытқанымен, ертең орнына басқа Макс пен Талғаттар шығады, сонда олардың бәрін соттай бере ме? - дейді Рахила Қожасова.

Макс Боқаевтың (артқы қатарда оң жақта) қарындасы және сотта қорғаушысы болған Жанаргүл Боқаева (алдыңғы қатарда) сот процесі кезінде. Сол жақта отырған - Талғат Аян. Атырау, 21 қараша 2016 жыл.

Макс Боқаевтың (артқы қатарда оң жақта) қарындасы және сотта қорғаушысы болған Жанаргүл Боқаева (алдыңғы қатарда) сот процесі кезінде. Сол жақта отырған - Талғат Аян. Атырау, 21 қараша 2016 жыл.

Анасы басына іс түскен баласының жастайынан алған тәрбиеден аттап кетпей, ары таза күйінде қалғанын көңілге медет қылатынын айтады.

- Ұлымды мақтан тұтамын, басымды төмен салмаймын. Кімнің болсын көзіне тіке қарай аламын. Сол мені қанаттандырады. Тек көңіліме қаяу түсіретіні - Макстің осы уақытқа дейін шаңырақ көтермегені ғана, - дейді Рахила Қожасова.

БОҚАЕВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ

Атырау облысында 2003 жылы негізі қаланған «Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макс Боқаев аймақта әлеуметтік-экономикалық және экологиялық проблемаларды көтеріп, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың сақталуын талап еткен азаматтық белсенді ретінде танылған. Қоғамдық қарсылық акцияларына қатысқаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылып, сот шешімімен абақтыға да қамалған.

«Арлан» қоғамдық ұйым жетекшісі Макс Боқаев Атырауда хош иісті көмірсутек кешені құрылысын салуға қарсылық акциясын өткізіп тұр. 10 сәуір 2010 жыл.

«Арлан» қоғамдық ұйым жетекшісі Макс Боқаев Атырауда хош иісті көмірсутек кешені құрылысын салуға қарсылық акциясын өткізіп тұр. 10 сәуір 2010 жыл.

Ол бұған дейін Атырауда өзге қоғамдық ұйымдармен бірлесіп монополистік кәсіпорындар қызметі тарифін қымбаттатуға қарсылық білдіріп, аймақ экологиясының тазалығын сақтау, тұрғындардың демалып, қыдыруы үшін Жайық өзені жағалауының мемлекеттік резиденция ретінде қоршалған бөлігін қайта ашу туралы билікке талаптар қойған.

- Макс 1500 адамның қолын жинап, петиция дайындады. Нәтижесінде сот әлгі қоршауды алып тастау туралы шешім шығарды, біз жеңдік - дейді «Заман» қоғамдық ұйымы жетекшісі Әсел Нұрғазиева.

Оның айтуынша, мамандығы заңгер Макс Боқаев қоғамдық ұйымдар жобаларына сараптама жасауға атсалысқан.

- Сотқа дайындайтын барлық құжаттарға Макс сараптама жасайтын, себебі ол сараптамаларын терең әрі заң тұрғысынан мүлтіксіз етіп дайындайтын. Өндіруші компаниялар келісім-шарттарының ашықтығы туралы жобада да Боқаев негізгі сарапшы болды, - Әсел Нұрғазиева.

Макс Боқаев 2008 жылдан бері «Өндіруші сала қызметінің ашықтығы бастамасы» коалициясының белсенді қатысушысы. Әлем бойынша ондаған қоғамдық ұйымдарды біріктіретін коалиция дүние жүзінде жер қойнауындағы шикізат ресурстарын игерумен айналысатын ірі компанияларды өздері жұмыс істейтін елдердің үкіметтеріне төлейтін қаржы көлемі туралы ақпараттың ашық болуын көздейді.

- Боқаев 2010 жылы АҚШ конгресінде өткен «Өндіруші салалар табысының ашықтығы мен адам құқығы арасындағы байланыс» қоғамдық тыңдауында Атыраудағы өндіруші компаниялардың қоршаған ортаға, адам өміріне тигізіп отырған зияны мен қауіп-қатері жайлы ағылшын тілінде баяндама жасады, - дейді атыраулық «Демос» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Тоғжан Қизатова.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев түрмеде отырған ақын Арон Атабекті қолдау акциясында сөйлеп тұр. Атырау, 24 қаңтар 2015 жыл.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев түрмеде отырған ақын Арон Атабекті қолдау акциясында сөйлеп тұр. Атырау, 24 қаңтар 2015 жыл.

Макс Боқаев 2013 жылдан құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі коалиция мүшесі. Ол 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына байланысты сотталған мұнайшыларға, 2006 жылы Алматы маңында болған Шаңырақ оқиғасына қатысты айыпталып, он жылдан астам уақыттан бері түрмеде отырған диссидент ақын Арон Атабекке бостандық берілуін талап етіп Атырауда жергілікті белсенділермен бірге наразылық акцияларын өткізген. Боқаев биыл қаңтарда «араздық тудырған» деген айыптармен сотқа тартылған алматылық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталинді қолдау пикеттерін ұйымдастырған.

Алматы қаласындағы сот ғимараты алдында белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталинді қолдау акциясында тұрған Макс Боқаевқа (оң жақта) прокуратура өкілі ескерту жасап тұр. 26 қазан 2015 жыл.

Алматы қаласындағы сот ғимараты алдында белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталинді қолдау акциясында тұрған Макс Боқаевқа (оң жақта) прокуратура өкілі ескерту жасап тұр. 26 қазан 2015 жыл.

Алматылық құқық қорғаушы Ерлан Қалиев Макс Боқаевпен бірге Жаңаөзен оқиғасынан кейін Ақтауда өткен сот процестеріне қатысқан. Боқаев «Жаңаөзен-2011» қоғамдық комитетінің мүшесі ретінде сот барысын бастан-аяқ бақылаған.

- Өте ауыр жұмыс атқарды, себебі бірнеше процесс - мұнайшылар, полицейлер, әкімдер соты қабаттаса жүріп жатты. Олар бәрі қазақ тілінде өтті. Макс тәулігіне екі-үш сағат қана ұйықтап, стенографиялық жазбаларын түнімен компьютерге түсіріп, оны орыс тіліне аударып барлық басқа халықаралық ұйымдарға жіберетін, - дейді Ерлан Қалиев.

Боқаев Атырау облысындағы оппозициялық партиялар жұмысына да белсене араласқан. Ол тіркелмеген «Алға» партиясының, «Азат» партиясының Атырау облыстық филиалдарында заңгерлік кеңес берумен айналысқан.

Макс Боқаев бұған дейін екі сайлауда Атырау қалалық мәслихаты депутаттығына кандидатурасын ұсынған. Екі жолы да «табыс декларациясы дұрыс емес» деген негізбен оны сайлаудан алып тастаған.

АР-ОЖДАН ТҰТҚЫНЫ

Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар мен шет мемлекеттер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша соттың әділ өтпегені туралы мәлімдеді.

Amnesty International құқық қорғау ұйымы «Боқаев пен Аян – ар-ождан тұтқындары» деп жариялап, Макс Боқаевтың жедел медициналық жәрдемге мұқтаж екенін айтқан. Тергеу кезінде Боқаевтың денсаулығын тексерген дәрігерлер оның созылмалы дерті қайта өршігенін анықтаған.

Талғат Аян (сол жақта) екеуінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сотта Макс Боқаев Қазақстан конституциясын көрсетіп тұр. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.

Талғат Аян (сол жақта) екеуінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сотта Макс Боқаев Қазақстан конституциясын көрсетіп тұр. Атырау, 18 қазан 2016 жыл.

Еуропалық Одақ белсенділерге шығарылған үкім Қазақстанның адам құқығы саласында өзіне алған халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетінін айтып, оларды босатуға шақырған. АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы да Боқаев пен Аянның үкіміне алаңдаушылық білдірді.

Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы «көзқарасын бейбіт түрде білдіргені үшін ғана соттау - өрескел қателік» екенін айтып, Боқаев пен Аянға дереу бостандық беріп, қудалауды доғаруды талап етті.

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі сарапшылары ешбір адам «азаматтық құқығын пайдаланғаны үшін сотқа тартылмауы тиіс» екенін еске салып, аталған үкім Қазақстан қосылған Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіге қайшы келетінін атап көрсеткен.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG